• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Ғылым 03 Қыркүйек, 2024

Қазақстан-Германия: «Идеядан әрекетке» бірлескен ғылыми-зерттеу орталығы ашылды

132 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясында Қазақстан-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығы (KGRCC) ашылды.

Орталықтың ашылуы 2024 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтудағы маңызды кезең  - Федералдық канцлер Олаф Шольцтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында жоспарланған болатын.

«Идеядан әрекетке» Қазақстан-Неміс ғылыми-зерттеу ынтымақтастық орталығының тұсаукесері аясында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынды Ұлттық ғылым академиясы президенті, профессор Ақылбек Күрішбаев ашып, орталықты құрудың екі ел арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтудағы маңыздылығын атап өтті. Профессор Ақылбек Қажығұлұлы орталықтың бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту мен озық тәжірибемен алмасудағы маңыздылығына тоқталды.

Қазақстан-Неміс университетінің президенті, профессор, доктор Волрад Роммель жаңа орталықтың негізгі мақсаттары мен міндеттерін таныстырып, кадр даярлау және бірлескен ғылыми жобаларды қолдау саласындағы рөлін атап өтті. ҰҒА вице-президенті, профессор Ляззат Ералиева өз сөзінде орталықтың тек ғылыми интеграцияға ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени алмасуға да ықпал ететінін айтты.

Іс-шарада Германияның академиялық алмасу қызметінің (DAAD) Бас хатшысы, доктор Кай Зикс пен Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Моника Иверсен жаңа орталық аясында ынтымақтастықты қолдауға және дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, Германия Федеративтік Республикасының Алматыдағы Бас консулы Матиас Кислер және Конрад Аденауэр қорының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Йоханнес Д. Рей сөз сөйлеп, ғылыми жобаларды одан әрі дамытудағы көзқарастарын білдіріп, ғылымда жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту түсудің маңыздылығын атап өтті.

Дөңгелек үстелге физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің президенті Берік Ахметов, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сауле Рахметуллина, DKU халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институтының директоры Болат Сұлтанов, Қазақстан ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректордың бірінші орынбасары Пірімқұл Ибрагимов қатысып, екі жақты ғылыми ынтымақтастыққа қолдау білдірді.

«Ғылым Ордасы» ғимаратының екінші қабатында орналасқан орталықта  экология, агробиология, өмір және денсаулық туралы ғылымдар, сондай-ақ білім беру мен азаматтық қоғам саласындағы зерттеулер дамитын болады. Жас ғалымдарды қолдау көрсете отырып, озық тәжірибемен алмасу, сондай-ақ жаңа технологиялар мен инновацияларды дамыту алаңына айналдыру көзделіп отыр. Бірлескен қадам Қазақстанның әлемдік аренадағы ғылыми ұстанымдарын нығайтуға, сондай-ақ жаһандық сын-қатерлерді шешуде ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа жалғаспақ.

 

АЛМАТЫ