Ұлттық құндылықтар – қай орынға да көрік берер теңдессіз байлық. Елдің даралығын айшықтар нақышты өрнектер бүгінде түрлі бейнелер арқылы әр тұстан көрініс тауып келеді. Ұлан-ғайыр жеріміздің құнын арттырар іргелі қазыналарымыз шетелдіктерді де тамсандырып отыр.
Жақында «Нұрлы жол» теміржол вокзал кешенінде «Қазақстанның ұлттық қазынасы» әлеуметтік-мәдени жобасының тұсаукесері өтті. Іс-шараға Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, «ҚТЖ «ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Алдабергенов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Ұлттық спорт түрлерінің президенті Исламбек Салжанов, V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев, басқа да қонақтар қатысты.
Тағылымға толы бірегей жоба «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы «Магистралдық желі дирекциясы» бастамасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Нұрлы жол» вокзал кешенінің «TCS Engineering» ЖШС басқарушы компаниясы және «MYD Production» ЖШС жарнама операторының қатысуымен іске асырылып отыр. Жобаның ғылыми тұжырымдамасы мен дизайнерлік шешімін Ұлттық музей ұжымы әзірлеген.
– Осы үлкен жобаны ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Бұл жай ғана жоба емес, Ұлттық музейі мен «Нұрлы жол» теміржол вокзал кешенінің бірегей еңбегі. Биыл Ұлттық музейге 10 жыл толады, осы уақыт аралығында музей 5 миллионға жуық азаматқа қызмет көрсеткен. Менің ойымша, бүгінгі шараның аясымен шектелмей, әрі қарай тынбай жұмыс жасауымыз қажет, – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.
Қазіргі таңда Ұлттық музейдің қор коллекцияларынан тарихи-мәдени мұра үлгілеріне кәсіби түрде визуализация жасалып, «Нұрлы жол» кешенінің күту залдары 40 ақпараттық модульмен безендіріліп отыр. Ақпараттық модульдер сериясы 3 тілде ұсынылған, олар: «Ұлы Жібек жолы», «Ұлық ұлыс», «Қазақ хандығы», «Қазақтардың рухани әлемі», «Қазақ халқы салт-дәстүрлерінің даналығы», «Қазақстан табиғаты», «Қазақ тағамдарының философиясы» секілді іргелі тақырыптық бөлімдерден тұрады.
«Қазақ халқы салт-дәстүрлерінің даналығы» бөліміндегі суреттерде ұлтымыздың көкпар, алтыбақан секілді ойындары бейнеленген. Сонымен қатар домбыра, қобыз сынды ұлттық аспаптарымыздың айшықты суреті көрерменге ерекше сезім сыйлайтыны даусыз. Қылқалам шеберлерінің еңбегінен туған пәуеске жеккен ат, оқалы шапан жамылып, тазы ерткен аңшы бейнесі көркем кестеленген. Бітімі бөлек өнер туындылары шетелдік туристер мен қала қонақтарының ел мәдениетіне қызығушылығын тудырары анық.
– Мұндай көрменің ашылуы үлкен маңызды шара деп ойлаймын. Алла бұйыртса, енді 9 күннен кейін елордамызда V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Оған 90 мемлекеттен 2000 спортшы, мыңдаған шетелдік туристердің келуі жоспарланып отыр. Қазақстанның мәдениеті, тарихы өте мол, бұл – ата-бабамыздан қалған асыл мұрамыз. Мұны әрі қарай дамытуға үлес қосып жатырмыз, осы жолда қызмет ете де береміз, – деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.
«Қазақстанның халық қазынасы» жобасы отандық теміржолдың – 120, Ұлттық музейдің 10 жылдықтары, сондай-ақ Конституция күніне, Астанада Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізуге орайластырылды. Ұйымдастырушылардың бұл экспозиция елорда жолаушылары мен қонақтарының назарын аударып, қазақ мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік береріне сенімі мол. Күту залдарында отандық суретшілер туындыларының үзінділерімен, музей экспонаттарының суреттері арқылы маңызды оқиғалар, тарихи тұлғалар, қазақ халқының материалдық және рухани әлемімен жақын танысуға болады.