Қоғамға қай тұрғыдан да салмақ салып тұрған Салық кодексі оңайшылықпен қабылдана қоймайтын сияқты. Үкімет биыл оны едел-жедел қабылдап жібергісі келгенімен, қоғам және бизнес-қауымдастық ыңғай танытпады. Ішінде шикі тармақтар әлі де көп деседі. Мұны Президент те байқапты. Жолдауда кодексті сапалы әзірлеу үшін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстырайық дегенді меңзеді.
«Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Салық режімдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн», деді Мемлекет басшысы.
Ел экономикасына тұрақты мониторинг жүргізетін «Ranking» жобасының хабарлауынша, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе жүргізілген «Деловой климат» әлеуметтік зерттеулер қорытындысында орта бизнесті мазалайтын проблемалар анықталған. Барьердің біріншісі – салық жүктемесінің артуы. Сауалнамаға қатысушылардың 36,6 пайызы осылай жауап берген. Сонымен қатар кәсіп иелері кодекс жобасымен танысып шығуға тым аз уақыт берілді деп есептейді. Сарапшы, экономист, кәсіпорын жетекшілерінің пікірінше, Салық кодексінің жобасы бизнес өмірін одан әрі қиындатып, салықтық әкімшілендіруді қатаңдатып жіберген.
Бұл ретте «Ranking» салық реформасының оң және теріс тұстарын былай тізбелейді.
Корпоративті табыс салығы бойынша сараланған мөлшерлемені енгізудің артықшылығы:Кәсіпорынның рентабельділігі және жиынтық салық жүктемесі ескеріле отырып, жүктеме деңгейі әділ бөлінеді. Яғни табысы көптер салықты көбірек төлейді, табысы аздар азырақ төлейді.
Кемшілігі:Егер салық төлеуші экономиканың әр саласында жұмыс істейтін болса, бөлек есептеу жүргізіледі.
Салықтың «егіз» стандарттары үшін негіз қалыптастыру салдарынан жемқорлық тәуекелі артады.
Кәсіпорындар аффилирленген компаниялар арқылы табыстың бір бөлігін шығын түрінде қайта бағыттайды.
Арнайы салық режімдерін қалыптастырудың артықшылығы:Режім саны азаяды.
Салықтық әкімшілендіру жеңілдетіледі.
Кемшілігі:Жылдық айналымы 500 млн теңгеге дейінгі шағын бизнестің жағдайы қиындайды.
Шағын және орта бизнес үшін арнайы режімде кәсіпкерден тауарлар мен қызметтер сатып алу кезінде шегерімдер бойынша шектеулер пайда болады.
Салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшудің артықшылығы:Әкімшілік кідірістер төмендейді.
Салық жинау артады.
Цифрландыру жеделдейді.
Кемшілігі:Жаңа технологиялар дер уақытында енгізілмейді.
Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесімен интеграциялануға мемлекеттік уәкілетті органдар дайын болмайды.
«Әрине, біз басты оң нәтиже ретінде және өзгерістің негізгі мақсаты деп – бюджет түсімінің ұлғаюын және мұнай емес сектордың экономикадағы үлесінің артуын айтар едік. Кәсіпкерлер де, консультативтік құжатты құрастырушылар да айтатын кемшіліктердің ішінен көлеңкелі айналымның өсуі және бизнесті бөлшектеу тәуекелдері бар. Кодекстің бірінші және екінші нұсқасында да кәсіпкерлік сектордың мәселелеріне терең аналитикалық талдау жасалмаған. Мысалы, онда Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда корпоративті табыс салығы (20%) жоғары емес делінеді. «Take-profit» биржа порталының дерегінше, Қазақстан былтыр КТС мөлшерлемесі бойынша елдер тізімінің орта шенінде тұрды. Және ол рейтингте біздің алдымызда КТС мөлшерлемесі төмен 46 ел тұрды. Арасында Швейцария (14,9%), Ұлыбритания (19%), Кипр (12,5%), БАӘ (9%), Беларусь (18%), Украина (18%), Өзбекстан (15%) және Молдова (12%) бар», делінеді ақпаратта.
Сонымен қатар құжатта мынадай фактілер келтіріледі: еліміздегі 20%-дық КТС кезінде де корпоративтік салықтың тиімді мөлшерлемесі 2,9%–3,8% шегінде құбылады екен. Осы салықтың жалпы жиналуы да тиімді мөлшерлеме деңгейінде қалып отыр. Бұл туралы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) сонау 2020 жылы айтыпты.
«Республика бойынша жасаған есептерінде олар Қазақстандағы КТС жиналуы басқа елдермен салыстырғанда тым төмен екенін мәлімдейді. Оның себебі – қызметтің жекелеген түрлері үшін тым жомарт салық жеңілдіктерінің ұсынылуы және мөлшерлеменің арнайы экономикалық аймақтарға тәуелділігі. Жинау құрылымы бұрынғыдай қала берсе, ШОБ пен экономиканың жекелеген түрлерінің кәсіпорындары үшін мөлшерлеменің өскеніне қарамастан салық түсімі жоғарыламайды. Салықтың төмен жиналуына қатысты негізгі түйткіл шешімін таппай отыр», дейді «Ranking» сарапшылары.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов елдегі салық өнімділігі көп елден тым төмен екенін айтып, нақты мысалдарды алға тартады. Мысалы, біздегі қосымша құн салығының (12%) жиналу өнімділігі қазіргі 12% жағдайында небәрі 0,3-ті құрайды екен. Грузияда 18% жағдайындағы өнімділік – 0,54. Көрсеткіш неғұрлым 1-ге жақындаған сайын, салықтың жиналу көрсеткіші де соғұрлым жоғары болмақ. Корпоративті табыс салығы үшін елімізде өнімділік небәрі 0,14. Ресейде сол 20% мөлшерлемемен өнімділік 0,19-ға, Әзербайжанда 0,18-ге жетеді. Экономистің пікірінше, бұл қолданыстағы салықтық әкімшілендірудің тиімсіздігін көрсетеді.