• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қыркүйек, 2024

Балқаш көлінің бағы жанады

95 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында туристік аймақтарды дамыту керектігін алға тартты. Бұл ретте қос көлді бауырына басқан Жетісу өңірінің маңызы жоғары. Суы шипалы саналатын Балқаш пен Алакөлге жылына миллиондаған қонақ келеді. Әйткенмен екеуінің де инженерлік инфрақұрылымы әлі осал. Осы мәселенің алдын алу үшін әуелі Бал­қаш жағалауына инженерлік жүйелерді тарту жұмыстары басталды.

Балқаш көліне барар жолдың биылдан бас­тап ретке келгені белгілі. Осы жылы мың­даған турист Алакөлмен қатар Балқашқа да қызығушылық танытты. Сондықтан жағалауын заман талабына сай жасап, келген қонақтарға жақсы әсер сыйлау маңызды. Бұл – туризмге ден қойған облыс үшін үлкен қадам. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауында да атап көрсетті.

«Негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн. Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді», деді Президент.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Балқаш жағалауында бір маусымда шамамен 50 мыңнан аса адам демалса, туристік-рекреациялық аймақты дамыту жоспары жүзеге асырылып, жағалау инфрақұрылыммен қамтамасыз етілгеннен кейін демалушылар саны 450 мың адамнан асады. Ал жақын елді мекен тұрғындары үшін 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.

Жалпы, Жетісу облысы – туристік әлеуеті зор аймақ. Соның ішінде Сарқан ауданында тау туризмі мен Балқаш көлінің жағалауын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Бүгінде «Балқаш жағалауына туристік-рекреациялық демалыс аймағының инженерлік-коммуникациялық желісін салу» жобасы іске асырыла бастады. Құны 7,4 млрд теңгеден асатын бұл жобаға республикалық бюджеттен биыл 2,2 млрд теңге бөлінген.

«Сапа Құрылыс 2007» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобада қарастырылған бағыттың бірі – жағалауды ауыз­сумен қамту. Бұл ретте су Лепсі өзенінен тартылады. Бүгінде жалпы тартылуға тиіс 31,8 шақырымның 24,8 шақырымына су құбыры жүргізілді. Оған қоса 2-көтергіштің су сорғысы бар су тазарту стансасының құрылысы басталды. Бұл стансаның тәуліктік қуаты 500 текше метр болады. Сонымен қатар 4 резервуар салу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың екеуінің жеке қуаты 300 текше метр, тағы екеуінің жеке қуаты 150 текше метр болмақ», дейді Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев.

Оның айтуынша, кәріз жүйесінің де құрылысы басталған. Барлығы 16 шақырымға тартылуға тиіс кәріз жүйесінің 8 шақырымына траншея қазылып, оның 2 ша­қырымына құбыр төселген. Сондай-ақ кәріз суларын тазартатын, қуаты тәулігіне 470 текше метр болатын 2 станса салынады.

«Жобада электр желісін жүргізу жұмыстары да қарастырылған. 17 шақырымдық электр тарату магистралды желісінің бойына 164 бағана орнатылды, қажетті кабельдер мен жиынтықтар дайындалды. Оған қоса қуаты 6,3 МВт болатын 35/10 қосалқы станса салу жоспарланған. Қазір қосалқы стансаны іске қосуға керекті құрал-жабдықтар сатып алынып, Шымкент зауытынан жеткізіліп жатыр. Сөйтіп электр таратудың магистралды желісін орнату мен негізгі қосалқы стансаның құрылысын қыркүйектің соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұдан соң 28 трансформаторлық подстанса жиынтығы орнатылады. Соның 25-і тұтынушылардың қажеттілігі үшін жағалауға қойылады», деді мердігер компания басшысының орынбасары Имаммахмұт Шағырбаев.

Атап өтсек, Балқаш көлі жағалауының инфрақұ­рылымын дамыту халықтың сапалы демалысына ғана емес, кәсіпкерлердің бизнес жүргізуіне және жергілікті тұрғындарының жұмыспен қамтылуына оң ықпалын тигізеді деп межеленген. Жалпы, Лепсі ауылында 3 700-ден аса адам тұрады. Солардың бірі – жоғары оқу орнын бітіріп, жуырда туған жеріне оралған жас маман Төлеген Әлпейісов.

«І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетін бітіргеннен кейін қалада қалып жұмыс істеуіме мүмкіндік болды. Бірақ Балқаш жағалауын дамытудың жоспарын көрген соң бірден ауылға оралдым. Осындағы Ушинский атындағы мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Қазір достарымызбен бірге туризм бағытында өз бизнес жоспарымызды әзірлеп жатырмыз. Алдағы уақытта арманымыз жүзеге асады деген ойдамын», дейді Т.Әлпейісов.

Айта кетейік, Балқашқа апаратын «Молалы-Лепсі-Ақтоғай» учаскесіндегі 105 шақырымының құрылысы мен абаттандыру жұмыстары толығымын келесі туристік мерзім басталғанға дейін аяқталып, қолданысқа беріледі. Бұл ретте Лепсі ауылынан Балқаш көлінің жағалауына дейінгі 27 шақырым автокөлік жолының қайта жаңғырту жұмысы аяқталып, іске қосылған.

 

Жетісу облысы