Дүбірі жақыннан естілетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының инфрақұрылымы да барлық талапқа сай жабдықталған. Дүбірлі дода өтетін нысандарға жөндеу жұмысы жүргізіліп, талапқа сай жаңартылды. Төрткүл дүниенің әр тарабынан келетін қатысушылар үшін барлық жағдай жасалмақ. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына арнайы соғылған атқора, құстарды ұстайтын орын, жануарлардың жемшөбі мен суын сақтайтын қойма, жарақаттанған жағдайда емдік шарасын көрсететін ветеринарлық клиника доданы қабылдауға дайын.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясының, елорда әкімдігінің, «Астана ветсервис» КММ-ның өкілдері нысандарды аралап көрді. Көшпелілер ойындарында спортшылар мінетін жылқылар «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мен «Қазанат» ипподромының қораларына байланады.
Этноспорт додасына құсбегілік сайыс бойынша барлығы 45 бас құс қатысады. Елордаға еліміздің саятшылары баптаған қырандарынан сырт Моңғолиядан 3 бас бүркіт, Қырғызстаннан 3 бас бүркіт, 3 бас ителгі, 3 бас қаршыға жеткізіледі. Құстар Астаналық циркке жайғастырылып, қауіпсіздік шарасы қатаң сақталады.
Көшпелілер ойындарында құсбегілер бүркіт, қаршыға, және сұңқар сайысы бойынша шеберлік көрсетеді. Команда құрамында үш құсбегі, бір бапкер һәм бір ветеринар маман болады. 18 жастан асқан спортшылар ғана қатыса алады. Сайыста сұңқарды жемтікке ұшырып әбжілдігін сынайды. 3 минут ішінде әуелеп ұшқан сұңқар жердегі жемтікке неше мәрте шүйілгені және қанша уақытта жеткенін төрешілер есепке алып бағалайды.
Бүркіт салудан да әр командада үш спортшы болады. Олар екі жаттығу бойынша қырандарының шеберлігін паш етеді. Алдымен қолға шақырса, екінші сынақта шырғаға түсіруден ептілігін әйгілейді. Төрешінің белгісінен кейін қолына жемтік ұстаған бүркітші ақиығын өзіне шақырады.
Қаршығасын баптап келген құсбегілер де осы талаппен қатысады. Қырағы құсының ұшқырлығы, жердегі жемтікке неше мәрте шүйіліп түскені сараланады. Көшпелілер ойындарында саятшылардың сайысы республикалық «Құсбегілік» федерациясының ережесімен ұйымдастырылады.