• RUB:
    5.36
  • USD:
    480.55
  • EUR:
    533.75
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Жарыстар күнделігі: Холандқа мүмкіндік берген жоқ

48 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының жаңа маусымын сәтті бастап, 1 ұпай олжалады. Ресейлік маман Станислав Черчесов баптайтын футболшылар кеше Алматының Орталық стадионында Эрлинг Холанд сынды Еуропаның таңдаулы клубтарында ойнайтын оғландарынан жасақталған Норвегия ұлттық құрамасымен тең түсті.

Матчтан кейін бас бапкер Станислав Черчесов жаңа маусымды сәтті бастаған құрама ойыншыларының ойынына көңілі толатынын жеткізді. «Әзірге футболшылардың ойын жүйесіне қатысты ештеңе айта алмаймын, қорғаныстан шабуылды өрістетіп әкетуде доптан айырылып қалуға болмайды, әрбір сәт – мүмкіндік. Келесі матчқа дейін бүгінгі тартыстың жазбасын қайталап көріп, кем тұсымызды бүтіндейміз. Команданың қорғанысындағы ойыншылар барын салып, қарсы жақтың бірнеше шабуылын тоқтатты. Мұндай ұжымның қайратына төтеп беру жеңіл соқпайды», деді бас бапкер.

Англияның «Манчестер Сити» футбол клубының шабуылшысы Холандқа арқа сүйеген ұжымды шідерлеп, еркін ойқастауына мүмкіндік бермеген ұлттық құрама ойыншылары келесі матчты 9 қыркүйекте сырт алаңда Словения футболшыларына қарсы өткізеді.

 

Дзюдошылардың деңгейі жоғары

 

Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында пара дзюдодан сынға түскен Ерғали Шәмей (J1) 73 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Финалдық белдесуге дейін тегеурінді қарсыластарын жыққан балуан алтын медаль үшін өткен тартыста румын спортшысына есе жіберді.

Әйелдер арасында Паралимпиада додасынан Даяна Федосова қола медаль олжалады. J2 санатында сынға түскен балуан қыз жартылай финалда жапон балуанына есе жіберген, қола медаль үшін өткен тартыста түрік қарсыласынан басым түсті.

Францияда өткен жазғы Олимпия ойындары мен Паралимпиада додасында дзюдо күресінен балуандарымыз орасан жетістікке жетіп, ел мерейін асырды. Жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметов (60 кг) осы спорт түрінен чемпион атанса, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг) қола жүлде еншіледі. Енді міне, Паралимпиада ойындарында пара дзюдошылар арасынан алғаш болып Ақмарал Науатбек (J2 санаты, 48 кг) алтын медаль иеленді. Ерғали Шәмей (J1 санаты, 73 кг) күміс, Даяна Федосова (J2 санаты, 57 кг) қола жүлдегер атанды.