• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 10 Қыркүйек, 2024

Жар таңдау

94 рет
көрсетілді

Әр мектептің оқу­шыларға жақын мұға­лімдері болады. Мүмкін олардың бұл қасиетін тағдыр қалыптайды. Ұстаздар көбінесе са­бақтан тыс кезде, әсі­ресе мақтатерімде немесе ұжымшар жұ­мы­сына көмекке шық­қанда ашыла сөйлесетін.

Алақандай ауыл. Бәрі бірін-бірі біледі. Тіпті бір-бірінің ақсақ-тоқсақ малына дейін таниды. Оны айтасыз, той-то­малақта, өлім-жітімде сәл бой тасалағанымыз болмаса, мұғалімдердің жанындамыз. Сондай оқушыға мейі­рімділеу ұстазымыз Жаппар Сүлейменұлы еді. Біз, әрине, атына «ағай»-ды қосамыз.

Иә, күзгі мақтатерімге Өз­бекстанмен шекаралас ауданға барғанбыз. Екі айдай ертелі-кеш бел жазбай қалған-құтқан мақта жинаймыз. Жаппар ағай осы еңбегімізді бағалай ма, жоқ көңіліміз көтерілсін дей ме – түскі һәм кешкі үзі­лісте оқыған-тоқығанын, үлкендерден естігенін айтып оты­рады. Бірде ол кісі: «Ай­налайындар, үш-төрт жылда дардай жігіт боласыңдар. Жар таңдау дегенді білесіңдер ме? Жақсы келін әке-шешелеріңе ғана емес, ауылға да керек» деп бір аңызды бастап кетті. Бәріміз аузымызды ашып тыңдаймыз...

«... Баяғыда бір данышпан өткен екен. Оның жары да ақылды болыпты. Ол заманда даналардың жанын­да шәкірттері жүреді. Солар ұс­тазынан үйренгенін жан-жақ­қа таратады екен. Шәкірттерінің негізінен сұрайтыны білім-ілім ұқсайды. Бір күні біреуі батылы жетіп: «Ұстаз, осы ақылды жарды қалай таптыңыз?» деп сұрапты. Сонда данышпан бүй дейді: «Иә, мен де сендердей кезімде ұстаздардан осыны сұрайтынмын. Жар іздеу – Алла қосатын әйел затын таңдау. Ұстаздар «Жарды ақылың тауып береді» деп қысқа қайыратын. Мен елім­нің төрт тарапын аралап, бір жақсы жанға кезігіп, «таң­дауым – осы!» дегенімде, сана түк­піріндегі бір секемшіл ой: «Бәлкім, бұл емес шығар» деп айнытып жіберетін. Таңдауым түскен арулар бі­рінен-бірі өтетін. Ақылы, сабыры, көр­кі... Сөйтіп сәл ұзақ жүріп қа­лыппын. Бірде Құдай санама салды ма – білмеймін, «бүгін-ертең ұнаған жанға сөз саламын» деп шештім. Шөл қысып, бұлақ басына барсам, бір бойжеткен әккішпен су алуға келіпті. Мені көріп, бас изеп амандасып, су ішуімді күтті. «Рахмет, қарағым!» дегенімде, қыз «Қайыры болсын!» деп бірауыз ғана тіл қатты. Енді мен оның ыдысқа су толтыруын тостым. Көзбен шығарып салып, бойжеткеннің артынан ілбіп отырдым. Не керек, сол күні әке-шешесімен танысып, өзімен қайта тілдесіп, бір жұма ішінде құда түсе бардық. Міне, сол жарыммен әй-шәй дес­пей, қырық жыл бірге бақытты ғұмыр кешіп келеміз», дейді.

Шәкірттері аң-таң. Міне, осы мезетте данышпан олар­­дан: «Сонда менің жар із­деуімнің мәні неде?» деп сұ­райды.

Бір шәкірті: «Ақыл – те­рең, сабыр – тиянақ. Сіз екеуін де тең ұстауға тырыс­тыңыз»,  десе, екінші шәкірті: «Өмірдің мәні – бақытты әп-сәтте табуда емес, іздеуде. Сіз әрқашан сол бақыттың ұш­қынын сезініп жүрдіңіз», дейді.

Данышпан екеуіне: «Жа­уаптарың дұрыс, бірақ бү­гіннен бастап шәкірт емес­сіңдер!», депті. Пәтуаға тү­сінбеген қос шәкірт: «Бұл не дегеніңіз?» дейді таңғалып. Сонда дана ақсақал: «Бүгінгі жауаптарыңа көңілім толды. Сендер шәкірттен өсіп, ұстаз деңгейіне жетіпсіңдер. Соған ризашылығым ғой. Жа­ратқан жолдарыңды оңғар­сын!» деген екен».

9-сыныптың оқушы­ла­рымыз. Жаппар ағайдың мы­на әпсанасын біз де керемет түсінбейміз. Ұстазымыз ерін­бей әлгі жауаптасулар­ды қай­та байыптатады. Сөйт­сек, ел дәстүрін әз тұтқан мұға­лім жақсы әңгіме жоғары сы­нып­тағы ұл-қыздың есінде мықтап қалсын дейді екен ғой.

 

Айтуған Досби