Көкпардан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының топтық кезеңдегі тартысын бастаған еліміздің құрамасы ірі есеппен жеңіске жетті. А тобында Өзбекстан ұлттық құрамасына қарсы ойнаған көкпаршылар 16:0 есебімен айқын ұтты.
Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев өзбек көкпаршыларының әлсіздік танытуына өз аттарын әкелмеуі әсер еткені айтады.
«Дүбірі дүйім жұртқа жайылған көшпелілер ойындарының ізашар тартысын өткізген құрама ойыншылары жеңіске жеткені қуантып отыр. Тактикалық жоспардың орындалуын, жігіттердің физикалық дайындығын да байқап көрдік. Осы қарқынды бәсеңдетпей, көкпардан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының чемпионы атануға барымызды саламыз», деді бас бапкер.
Ұлттық құрама мүшесі Абылайхан Нышанбеков қашанда алғашқы ойынның жеңіл соқпайтынын айтты.
«Аттардың да күшін, өзіміздің де қарымымызды сынап көрдік. Қарсылас команданы ойсырай ұтылғанына қарап осал деуге келмейді. Біздің жігіттер барын салып, өз шеберлігін көрсетті. Алда әлі де тартысты ойындар күтіп тұр, жанкүйерлерді қолдауға шақырамыз», деді А.Нышанбеков.
Көкпардан ұлттық құрама енді өз тобында Ресей, Қытай, АҚШ құрама командасына қарсы ойын өткізеді. В тобында Қырғызстан, Моңғолия, Мажарстан, Түркия құрамалары сынға түседі. Кеше А тобындағы бірінші ойынды өткізген Ресей құрамасы Қытай көкпаршыларын 4:1 есебімен ұтты.
Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына көкпардан 9 мемлекеттің командасы қатысады. Жалпы, 104 көкпаршы тіркелген. Сайыс «Қазанат» ипподромының алаңында өтіп жатыр.