• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 10 Қыркүйек, 2024

Халықаралық «Ұлы дала жорығы» аяқталды

122 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орай тұңғыш рет ұйымдастырылған халықаралық бәйге-марафон мәресіне жетті. Сайын дала төсінде салқар көшпен керуен тартқан жорықшылар бес күн ішінде 500 шақырымды шауып өтті.

Дүбірлі аламанды Туризм және спорт министрлігі, «Amanat» партиясы және Спортты қол­дау қорының қаржылай де­меуімен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына қарайтын «Joryq» федерациясы ұйымдастырды. Этноспорт Олимпиадасы саналатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына орай «Қазанат» ипподромының маңында бой көтерген этноауылда жеңімпаздар мен жүлдегерлер құрметке ке­нелді. Шабандоздарды марапаттау рәсімінде «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек мәдениетімізді насихаттау, ұлттық спортты дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үнемі басты назарында екеніне тоқталды.

«Атырауда өткен Ұлттық құ­рыл­тайдың үшінші отырысында Президент Қ.Тоқаев Қазақстан Ұлы дала төсіндегі көшпелілер өркениетінің тікелей мұрагері екенін айтты. Өздеріңіз біле­сіздер, атқа міну мәдениеті қазақ жерінен бастау алады. Бұған осыдан 5 мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткен Ботай қонысы дәлел. Қазіргі таңда түркі халықтары ата-бабамыздан қалған дәстүрді үзбей жалғастырып келеді. Міне, биыл үшінші жыл қатарынан партияның қолдауымен «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны өтті. Бұл іс-шараның ұлттық спорт­ты өркендетумен қатар этнотуризмнің дамуына, бауырлас елдердің мәдени мұрасын насихаттауға тигізер пайдасы орасан», деді Д.Кәрібек.

Сонымен, 5 күнге созылған 500 шақырымдық жорықта Қабардин-Балқар командасы (уақыт: 27:58:23) жеңіске жетті. Олардың ізін ала мәреден өткен Алматы қаласының «Алатау» құрамасына (уақыты: 28:04:40) 2-орын бұйырды. Үштікті Ақ­төбе об­лысының командасы (28:26:57) түйіндеді. Төртінші орын Жетісу облысының спортшыларына (29:39:20), ал бесінші орын Маңғыстау облысының (29:43:40) қыздары жасақтаған «Суын» командасына бұйырды.

Ұлттық спорт түрлері қауым­дастығының президенті Ислам­бек Сал­жанов дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан айтулы іс-шара республикалық бәйге-ма­рафонның жылдан-жылға деңгейі өсіп, қатысушы командалардың да саны артқанын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт қарқынды түрде дамып келеді. Елорда төрінде Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойын­дарының басталғанын әйгілейтін «Ұлы дала жорығы» халық­аралық бәйге-ма­рафоны мәресіне жетті. Бұл жорыққа елі­міздің таңдаулы командаларымен қатар әлемнің әр қиырынан да шабандоздар қатысты. Бұл бірегей бәйге-марафон төрткүл дүниеге қазақ жерінде бастау алған көшпелілердің бай мәдениетін көрсетті», деді И.Салжанов.

Биылғы халықаралық бәйге-мара­фонда рекордтық көрсеткіш те тіркелді. Мәселен, Қырғызстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалғанымен, алғашқы кезеңде 100 шақырымды 5 сағат 12 минут 23 секундта шауып өтті.

Жалпы, 17 команда қатысып, еліміз­дің шабандоздары Адай, Әулиеата, Найман, Жетісу, Қос­танай және Көшім тұқымының сәйгүліктерін сынап көрді. Жетісу, Маңғыстау (қыздар), Маңғыстау (ерлер), Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола (қыздар), Жам­был облыстарының және Ал­маты қаласының команда мү­шелері Түркия, Мажарстан, Иран, Оңтүстік Африка Респуб­ли­касы, Қырғызстан, Ресей Феде­рациясының құрамына кіретін Татарстан, Қабардин-Балқар, Қарашай-Шеркес республикаларынан қосылған шабандоздармен тартысқа түсті.

Алматы қаласының «Алатау» командасы сапында халықаралық бәйге-марафонға қатысып, жүл­делі болған шабандоз Ерсін Алғаз­ыұлы аттарының тасырқап, соңғы кезеңде уақыттан ұтылғанын айтты.

«Алматы қаласынан бес шабандоз қосылдық. Алғашқы үш кезеңде бес атымыз да тың бол­ған еді. Төртінші кезеңде бір ат тастақ жолда тұяғын алды­рып, жарыстан шығып қалды. Қоры­­тынды кезеңде екінші атымыз да тасырқап, мәреге үш шабандоз ғана келді. Біз тактикалық тұрғыда қателік жібердік. Өйткені алғашқы кезеңдерде қырғыз командасын өкшелеп қуамыз деп ат­тарымыздың күшін сарқып алдық. Чемпиондық атақ бұйырмай тұр екен, десе де 2-орын да – аз табыс емес. Мұндай бәйге-марафон жал­ғасын тапса, әр өңірден күншілік жолға шыдас беретін қазанаттар көптеп шығар еді», деді шабандоз.