Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 150 отандасымыз «Болашақ» халықаралық стипендиясының иесі атанды.
Соның ішінде 120 стипендиат магистратура, 6 азамат докторантура бағдарламасымен оқыса, ал қалған 24 адам әлемдегі жетекші оқу орындары мен өндірістік орталығында кәсіби тағылымдамадан өтеді. Бұл жолы стипендияның үштен екісінің астамы жаратылыстану-техникалық пәндерге бөлінген. Сонымен қатар жеңілдік санаты бойынша да 22 адам шетелде білім алады.
Үміткерлердің дені «Harvard University», «Imperial College London», «University of Pennsylvania», «University of Melbourne», «Columbia University», «Johns Hopkins Universit»y, «University of Bristol» секілді дүние жүзіндегі азуын айға білеген университеттерге түскен. Еңді олар ақпараттық технология жүйесі, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік, көлік технологиясы мен логистика, қоғамдық денсаулық сақтау, неонатология және хирургия, үлкен деректерді талдау, құрылыс, геология және тау-кен ісі, металлургия, қаржы технологиясы, урбанистика және математика саласынан білімі мен біліктілігін жетілдіреді.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әлия Оспанова аталған орталық әлемдік өлшемдерге сай келетін мамандарды даярлаудың жоғары сапасын қамтамасыз етуде үміткерлерді конкурстық іріктеуге ерекше назар аударатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ғылыми тағылымдама бойынша сапалы іріктеуді қамтамасыз ету қажеттігін айтқан еді. Осы бағытта конкурстық іріктеу үдерісі қайта қаралып, үміткерлерге қойылатын талап күшейді. Орталық ғалымдарды қолдауға арналған бөлек басқарма құрды. Бұл басқарма жеңілдік санаты бойынша әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен байланыс орнатып, тегін шақырту алуға көмектеседі. Осындай іс-шара ғылым мен зерттеулерді қолдау жөніндегі стратегиялық жоба аясында ғалымдарды қуаттауға мүмкіндік береді», деді ол.
Сондай-ақ 33 отандасымыз әлемнің жетекші ғылыми зерттеу орталықтарында, дәлірек айтқанда, «University of Oxford», «King’s College London», «University of California», «Davis, University of Illinois at Urbana-Champaign», «University of Minnesota», «Twin Cities», «CNRS», «University of Sussex», «Technische Universitat Dresden» тағы басқа да танымал жоғары оқу орындары мен ұйымдарда экономиканың аса маңызды салалары бойынша ғылыми тағылымдамадан өтпек.