• RUB:
    5.25
  • USD:
    477.62
  • EUR:
    527.67
Басты сайтқа өту
Сараптама Бүгін, 08:18

Отбасы: міндеттер бөлінісі

40 рет
көрсетілді

Отбасы – елдік дәстүрдің асыл арқауы. Отбасы инсти­тутындағы өзгерістердің негізінде мәдениетіміз бен эконо­микамыздағы құбылыстарды аңғаруға болады. Оның құры­лымы, түрі ішкі әрі сыртқы факторларға байланысты. Уақыт өте келе өзгеріске ұшырайтыны да заңдылық.

Осы тұрғыда ғылымдағы отбасы институтына қатысты тал­дау жүргізуде қолданылатын тиім­ді тәсілдердің бірі – отбасы мүше­лерінің функционалдық міндет­те­рін зерттеу. Оқырман назары­на Қазақстан қоғамдық даму инс­­ти­туты 2024 жылы өткізген «Бе­ре­ке­лі отбасының қалыптасуына әсер ететін факторлар» зерттеуін­­дегі отбасы мүшелерінің өзара мін­деттерді бөлуге қатысты талдау мә­ліметтерін ұсынамыз.

Алынған деректерге сәйкес, респонденттердің 50%-ы отбасыны қаржылай қамтамасыз етуді тең бөлісу қажет деген пікірде. Бірақ материалдық қамтамасыз ету 45% жағдайда күйеуіне жүктеледі, ал әйел­дер тек 2,4% жағдайда отбасында табыс табуы керек деген ойда. Отбасылық бюджетті басқару көп жағдайда (55,5%) өзара бірлесіп жүзеге асады. Еліміздің әрбір бе­сінші (19,9%) отбасында ер аза­маттар отбасылық бюджетті бас­қарады. Зерттеу қорытындысына сәйкес әйелдер ерлерге қарағанда бюджетті көбірек басқаратыны анықталды (21,8%).

Балаларға күтім жасау және тәрбиелеу жөніндегі міндеттер 50,6% ата-аналар арасында бөлінеді, отбасылардың 31,2%-ында бала ананың қарауында, ал 2,5%-ында әкенің қамқорлығында болатынын айтады. Азық-түлік сатып алуға көп жағдайда әйелі күйеуімен бірге (55%) немесе негізінен әйелдер (35,7%) барады. Дегенмен отбасында (5,4%) азық-түлік сатып алатын ер адамдар да бар.

Тамақ дайындау, ыдыс жуу, үй тазалау, кір жуу және үтіктеу сияқты тұрмыстық шаруалар – 75%-дан аса жағдайда әйелдің мін­детінде. Ал 1%-дан аз жағ­дайда ер адамға жүктелетіні анық­талған. Бірақ үйдегі тұрмыс­тық міндеттерді тең дәрежеде атқаратын отбасылар да бар­шы­лық. Отбасылардың 18,9%-ы – тамақ дайындау, 16,7%-ы – үй жи­нау, 14,1%-ы – ыдыс жуу, ал шама­мен 10%-ы кір жуу және киім үтік­теу шаруаларын ерлі-зайыпты бірге атқаратынын айтады.

Яғни көбіне материалдық қам­тамасыз ету және ақшаны кәдеге жарату жұбайлардың арасында бірлесіп орындалады. Бұл тенден­ция көп жағдайда қалалық елді мекенде тұратын эгалитарлық (эга­литарлық отбасы – ерлі-зайып­тылар отбасын тең дәрежеде бас­қарады, көбіне тұрмыстық мін­деттерді бірлесіп орындау мәне­рінде пайдаланылады), нуклеар­лық (нуклеарлық отбасы – ата-ана мен олардың балаларынан, яғни екі ұрпақтан тұратын отбасы) отбасыларға тән құбылыс. Бұған қоса ата-аналардың балаларға қатысты міндеттерді бірге атқару мен азық-түлік сатып алу үдерісі­не бірлесіп қатысу – нуклеарлық, эгалитарлық отбасының тағы бір айқын белгісі.

Дегенмен халықтың едәуір бөлігі әлі де біздің түсінігіміздегі дәстүрлі отбасыға келіңкірейді. Материалдық міндеттерді ер адам алып, ал тұрмыстық шаруалар мен бала тәрбиелеу көп жағдайда әйел­ге артылады. Бірақ бұл жерде тұрғылықты жерін ескерген абзал. Себебі қала мен ауыл арасында айтар­лықтай айырмашылық бо­луы мүмкін.

Ауылда тұратын отбасыларда мал күтімі мен бақшадағы жұмыс­тар болғандықтан, ол міндеттер өзара тең бөлінбейді. Мал күтімі­не бірлесіп араласу отбасылардың 19,9%-ында, бақшадағы жұмыс отбасылардың 29,6%-ында кезде­седі. Қалған отбасыларда бұл мін­дет­терді ер адамдар жиі орындай­ды. Респонденттердің тұратын жері бойынша міндеттерді бөлу­дегі айырмашылықтар байқалады. Мәселен, қаладағы отбасылар ауыл­дағы отбасыларға қарағанда көбіне бюджетті бөлу, азық-түлік сатып алу, тамақ дайындау, тазалап-жуу, киім үтіктеу және ыдыс жуу сияқты жұмыстарды өзара бөліседі. Айта кету керек, үйге шағын жөндеу жүргізу негізінен ер адамға (54,6%) жүктеледі.

Жалпы алғанда, отбасы түрі мен құрылымы – әрқашан бел­гілі бір қоғамдағы әлеуметтік-эко­номикалық жағдайлар мен даму ерекшеліктерінің көрінісі. Бар­лық тарихи кезеңдер мен қоғам­дар үшін оңтайлы отбасы фор­масы жоқ. Отбасының түрі, құры­лымы әрдайым белгілі бір тарихи кезеңде қоғамның қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне қарай бе­йім­деледі. Мысалы, ұзақ уақыт бойы адамдар үшін негізгі қыз­мет ауыл шаруашылығы, жер өң­деу болғандықтан, отбасылық қаты­настардың басым түрі кеңейтіл­ген дәстүрлі отбасы болды. Яғни отбасындағы бір шаңырақ астын­да бірнеше ұрпақ өмір сүріп, бір үй шаруашылығын жүргізді. Бу қозғалтқышы ойлап табылып, өнеркәсіптік революция орын алғаннан кейін урбанизация үде­рісі күшейді. Сонымен қатар кеңей­тілген отбасылық қарым-қаты­нас өз күшін жоғалта бастады. Екі ұр­пақтан – ата-аналар мен олар­дың балаларынан тұратын нук­ле­арлық отбасыға айналды. Пост­индустриялық дәуірде, нуклеар­лық отбасылардан басқа азамат­тық некелер, ажырасу деңгейі­нің өсуі де бір жағынан әйелдердің экономикадағы рөлінің өзгеруіне байланысты болды.

Отбасы – әлеуметтік элемент ретінде қоғаммен тығыз байла­ныс­та. Қоғамның экономикалық жағдайлары мен құрылымы отба­сының формасына және ондағы рөлдердің бөлінуіне тікелей әсер етеді.

 

Темірлан ТӨЛЕУ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы