Кейбір шығыс ғұламалары өмірін үш кезеңге бөліп қарастырады. Бірінші – оқу-тоқу, екінші – саяхатшылық, сапар шегу, үшінші – екі кезеңнен қорытқан дүниелерді қағазға түсіру. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген қазақ мақалы тегін айтылмаса керек.
Көшпелілер даласы хақында бірегей жазба қалдырған венециялық саяхатшы Марко Полоның өмірі қызық та шытырман. Ағайынды Никола мен Матвей Поло және Николаның ұлы Марко Поло 1250 жылы тауарларымен Константинопольге келеді де, бұдан әрі Шығыс, Азия елдерін бетке алады. Марко Полоның саяхаттарында көшпелілер елі тұрғындарының мінездері, тұрмыс-тіршілігі, қытайдың Юань әулеті, оның императоры Құбылай хан турасында қызықты мәләметтер келтірілген. Саяхатшы қазақ жерінде қоныстанған көшпелілердің менталитетін баяндай келе, сипаттама береді. «Мен сізге айтайын, олар бие сүтін ақ шарап тәрізді ішеді, шемиус (қымыз) деп атайды және өте дәмді. Қарулары садақ, семсер және шоқпар, садақ тартудың шебері болғандықтан оны жиі қолданады. Өзгелерге қарағанда кезбе келеді, қажет болса айлық жолға ешбір азықсыз шыға береді, өзі бие сүтімен, аң етімен қоректенсе, аты жолдағы шөппен отығады. Қажет болса, қару-жарағымен түнді ат үстінде өткізуге бар. Қиындық пен мұқтаждықта кімнен болса төзімді».
Құбылай ханның қол астында 15 жыл қызмет еткен жиһангер қағанның қолға үйреткен 500 сұңқар мен өзге де қыран құсы болғанын, оларды баптайтын 10 мың құсбегісі болғанын тамсана жазады. Яғни құсбегілік өнер көшпелілер даласында әу бастан-ақ кеңінен етек жайғанын аңғаруға болады.
Бір қызығы, Марко Поло еңбектерінде Шыңғыс ханның моңғол еместігі айтылады. Жиһангер деректерінде моңғол халқының атауы бірде-бір рет кездеспейді. Көшпелі халықтарды жалпылама «татарлар» деп атап өтеді. Әрі хан Шыңғыс бейнесі туралы қанішер, озбыр деген сөздер кездеспейді, керісінше «Шыңғыс хан батыл, ақылды және ержүрек адам болған» деп ұлы қағанды дәріптейді.
Саяхатшы еңбектерінде көшпелілердің бір тәңірге сенетінін, олар еркіндік пен азаттықты басты орынға қоятыны айтылған. Иә, әу бастан дарқан даламыз бен онда туған ерлер рухы тәуелсіздік атты ұлы ұғыммен шектесіп жатқаны талассыз ақиқат. Бұл рухымыздың басты даралығындай.