• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Талбесік 13 Қыркүйек, 2024

Алтайдың арқа белі, Марқа көлі

343 рет
көрсетілді

Тамыз айында атамекен Марқакөлге сапар шегіп қайтудың сәті түсті. Аудандағы азаматтар Ыстанбұл Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуахап Қара екеумізді елге келіңіздер деп арнайы шақырған еді. Қанша дегенмен, Марқа өңірі Әбең екеуіміздің атамекеніміз болғандықтан, кеңестік асыра сілтеу жылдарында әкелеріміз осы өлкеден шет жұртқа ауғандықтан, жанымызға жақын, жүрегімізге жылы сезіледі. Біз барғанда өлке тамылжып, сапарлауға сай болып тұр еді.

Ішкі істер саласының ардагері, полиция полковнигі Бақытбек Жаманбаев досымыздың жол талғамайтын көлігін мініп, Өскеменнен ерте аттанып кеттік. Қасымызда белгілі журналист, жазушы Сайлау Төлеуов пен ақын, Семей өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай бауырымыз бар. Қаладан шыға бере Қалба тауларының сулы, нулы сай-саласы мен құлын жон қыраттары жан сарайымызды жадыратып жіберді. Тарғын-Тайынтыны артқа тастап, Самардың сауырынан еңкейгенде, әңгіме ауаны айдын-шалқар Зайсан көліне ендете салынып жатқан көпір құрылысына ауды. Әңгіме ауанына қарасақ, көпір құрылысы қара күзде бітуі тиіс. Көпір Күршімнің Зайсанға құйған тұсындағы қылбуыттан түскен екен. Солай қарай жол да салынып жатыпты. «А, құдай тілеуіңді бергір, бұл жақтың халқының да бір тілегі ақталатын болды-ау!» деп қоямыз.

Күршім мен Марқакөл арасының жолы ана бір жылдардағыдай емес, едәуір қалыпқа келіп қалыпты. Дегенмен «Қаршыға», «Маңқан» кеніштерінен руда таситын жүк көліктері аямай езіп, жаншып өтеді екен. Ал осы кеніштерді игеріп жатқан жеке компаниялар жол құрылысына көк тиын қимайтыны көрініп тұр. Марқа өңірінің жер қойнауын ашып беріп отырып, одан зәредей пайда көрмесе, онда жергілікті халық ашынбағанда қайтеді. Ала жаздай шулаған Күршімдегі Маралды алтын кенішінің жағдайы соған куә. Оның үстіне, экология мәселесі де оңып тұрған жоқ. Естісек, күні кеше ғана Үкімет тек Марқакөл ауданынан жеке компанияларға тағы 17 кенішті ашуға рұқсат беріпті. Демек, қуырдақтың көкесі алда деген сөз.

Жергілікті халықпен ақылдаспай белден басып істеп жатқан мұндай әрекеттерге «қайнайды қаның, ашиды жаның» болып келе жаттық та, жолшыбай Қалғұты мен Терісайырық арасындағы Төребейітінен солға бұрылып XVIII ғасырда өмір сүрген, Қара Керейдің Қожамбет елін бастап Марқа өңірін торғауыттардан азат еткен батыр, би Сырымбет бабаның басына тоқтап, құран бағыштадық.

Қожамбет Сары тауға шықты келіп,

Ақ найман жатып қалды шиді көріп.

Шағырда би Сырымбет деген кісі,

Қазағын орнықтырды жиып-теріп.

Алтай мен Тарбағатай арқа белге,

Ауған ел қоныс тепті қайтып келіп... – деп Өр Алтайдың әйгілі шежіреші ақыны, тарихшы һәм діни ғұламасы Арғынбек Апашбайұлы жырлағандай, Сырымбет өз кезінде Ботақара, Боранбай, Қыстаубай, Толыбай билермен бірге Әбілмамбет ханға кеңесші болып, Абылай ханның алдын көрген, Қабанбай, Бөгенбай, Ер Жәнібек, Көкжал Барақтармен бірге Ертістен өтіп, Күршім-Марқа өңірін жаудан тазартуға атсалысқан, Қаба басына дейін ел қондырған батыр, би. Ол туралы ХVIII ғасырдың соңында Зайсан-Марқа жеріне ғылыми экспедициямен келген әйгілі неміс саяхатшысы Иоганн Сиверстің жазбаларында тәптіштей баяндалады. Жалпы, Қожамбет ата ұрпақтары­­ның Марқа жеріне әйгілі Шорға шайқа­сы­нан соң бірден келіп мекен еткенін Потаниннің 1864 жылғы Марқакөлге саяхаты, 1899 жылы жазылып алынған Щербина экспедициясының материалдары да дәлелдейді.

Өкінішке қарай, осында шекаралық өңірдің өткен тарихынан сыр шертетін Сырымбет бабаның арғы атасы, кезінде ел қорғаған егей ерлердің бірі Қожамбет батырға қойылған жазбаша тас ұстынды (ескерткішті) ашуға облыстық әкімдік әлі жол бермей отыр екен. Біз Қалжыр ауы­лына аялдаған сәтімізде жол бойын­да бетін тақтаймен жауып, шегелеп тастаған ескерткішті көріп қайран қал­дық. Кезінде өзі де тұлпар мініп, ту бай­лап жауға шапқан, Сырымбеттей ұрпағы ел-жұртын бастап қиыр жайлап, шет қонып, қазақ хандығының шығыстағы шекара шебін қорғаған бабаның ұрпақ алдында не кінәсі бар екен деген ойда қалдық. Керісінше, бұл шекаралық өңірдің өткен-кеткенін түгендеп, мәдени мұралары мен тарихи ескерткіштерін, белгілі тұлғаларын жарқыратып алға ұстайтын уақыт емес пе?! Кез келген елді мекен, аудан немесе аймақтың бет-беделі тек экономикалық-әлеуметтік жетістіктерімен емес, оның бай тарихы, мәдени мұрасы һәм ел-жұртқа белгілі тарихи тұлғаларымен де бағалы. Оның үстіне, Марқакөл – шекаралық аудан. Арғы бетте өзі­нің тарихымен, мәдениетімен мақтана­тын Қытай елі отыр. Сондықтан Марқа өңі­­рінде тек хандық дәуір кезеңін ғана емес, ерте және ортағасырдағы тарихи орын­дарды ашып, ата-бабамыздың бұл аймақ­та ерте дәуірден мекендеп, елдік құ­рып келе жатқанын паш етуіміз керек.

Осы жолғы Марқа сапары кезінде біз өңірде мұндай тарихи орындардың көп екеніне көз жеткіздік. Мысалы, Ақжайлау мен Арасан Қаба жазығындағы көне сақ, ғұн, түркі қорымдары, Қалжыр өзені бойындағы ежелгі Нарқорған Қалжыр қонысы және Ертіс бойындағы Түйетас қаласы, XVІІ ғасырдағы жоңғарлардың Былғары-Табыт кенті, Торғай биігіндегі қалмақ бекінісі, Қурай-мола бекінісі, Қиынкеріш секілді тарихи-мәдени орындарды ашу, әйгілі Марқакөл мен Катонқарағайды жалғайтын «Аустрия тасжолын» қайта жөндеу, Марқакөл көлінде туристік нысандарды құру, жол қа­тынасын жақсарту келешекте аймақ­тың туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті жердің экономикалық дамуы­на зор серпін бермек. Бұл бағытта аудан­да мол мүмкіндіктер бар екеніне куә болдық.

Дегенмен аудан бүгінде мемлекеттің де жеке кәсіпкерлердің де қолдауына мұқтаж. Біз көрген Марқакөл аудан ор­талығы әжептәуір аумақты алып жатыр. Жері құнарлы. Қалашықтың үстін басып Бас Теректі, Орта Теректі, Шет Теректі өзендері ағады. Соған бола аудан орталығының атауы бұрын Теректі болыпты. Ал қазір өңірге қатысты үш бірдей «Марқакөл» атауы бар: Марқакөл көлі, Марқакөл ауданы, Марқакөл аудан орталығы. Мұндай біркелкі атауларды қолданудан ұғым шатастығы пайда болатыны белгілі. Сондықтан көл жағасындағы Ұраңқай ауылын Марқакөл кенті қылып, аудан орталығын Теректі атауымен қалдырса құба-құп болар еді дейді аудан тұрғындары. «Ұраңқай» – қалай айт­саң да ескі атау. Елімізде бұдан басқа да этнос атына берілген жер немесе әкім­шілік атауларды өзгертетін уақыт келді.

Осы сапарымызда облыстық әкім­дік аяқ алысы тым баяу екеніне көз жеткіз­дік. Өйткені біз барғанда арада 8 ай өтсе де Марқакөл ауданының әкімі әлі та­ғайындалмапты. Қазіргі әкім Рүс­тем­бек Кемешев тек «міндетін атқарушы» болып отыр. Ау, бұл қалай? Облыс­тық әкімдік үшін аудан әкімін тағайындау сонша қиын болғаны ма! Мұндай қарқынмен екі жылға межеленген Президент тапсырмасын қалай орын­дамақ? Мінеки, қабағын түйіп қара күз де келіп жетті. Қыс болса қыр астында.

Жыл басында шекара маңындағы аймақтың әлеуетін арттырып, әлеумет­тік-экономикалық дамуын көздей­тін 2023-2027 жылдарға арналған тұжы­рым­даманы Ұлттық экономика ми­нистрлігі ұсынған еді. Ауданның қайта құрылғанын естіп, ауыл ақсақал­дары құрбандық шалып, әжелер ақ дастарқан жайып тойлады. Несін айтасың, содан бері халықтың көңіл күйі әлі көтерің­кі. Дегенмен халықтың санасында үмітпен қоса күдік те жоқ емес. Соның бірі – кәсіпкерлердің туристік мақ­сатта Марқакөл қорығының мәрте­бесін ұлттық паркке ауыстыру талабы. Бұған себеп – Қытайдан келіп, аймақтың қолайлы туристік тартымдылығына қызығушылық танытушылардың көбеюі. Осының алдында Қытайдың көрші Алтай аймағынан, Қаба ауданынан делегация келіп кетіпті. Олар Марқакөл өңірін шекараның арғы бетіндегі Қанас көлімен біртұтас кешенді халықаралық туристік айлақ ретінде құрып шығу туралы ұсыныстарын ортаға салған көрінеді. Демек, қай жағынан алғанда да бұл жобаның тәуекелі басым. Мемлекеттік қорықты ұлттық паркке айналдырудың экологиялық зардабы да оңай болмайды. Сондықтан Үкімет мұны да мемлекет мүддесін ескеріп, өңірдегі тұрғылықты халықпен ақылдасып шешкені дұрыс.

Бұдан өзге, Қытайдың Алтай айма­ғынан Өскеменге Ертісті бойлап темір­жол құрылысын салу жобасы да көптен талқыланып келе жатыр. Осы жоба іске асқан жағдайда Марқакөл ауданы шекарадағы тұйық ауданнан транзит­тік ауданға айналады. Соған сәйкес, тұрғылықты халық аудан экономикасы да қарыштап дамиды деген үмітте көрінеді.

Сапар кезінде Оңтүстік Алтай және Тарбағатай жоталарынан, Алтығыз бөктерінен аққан Қаба өзендерін аралап шықтық. Әсіресе Қара Қаба мен Арасан Қаба өзендерінің арасындағы Арасан жазығы, ондағы көне қорымдар, балбал, қада тастар ертеде бұл өңірдің тәңірқұттар мен қағандардың орда тіккен құтты қонысы болғанынан дерек береді. Арасан Қаба өзенінің суы түгелімен арасан екен және өзен бастауының тау баурайынан толық ағыс күйінде қайнап шығып, биіктігі 24 метрлік сарқырамадан етекке құлап жатыр. Мұндай қасиетті су тек альпілік Швейцарияда ғана бар көрінеді. «Құданың құдіреті, мұның өзі далаға ағып жатқан ен байлық қой!» дестік біз. Қазақстаннан бес қолдың саласындай бес үлкен Қаба өзені ағып шығып, Қытайдағы үлкен Қаба өзенін қалыптастырады екен. Ал көршіміз болса ол суды өзімізден аяп, там-тұмдап қана жіберіп отыр.

Марқа өңіріне жасаған сапары­мыз­дың соңғы күні Аустрия тасжолын бой­лап Қатонқарағайға асатын Алатай асуынан ат басын кері бұрдық. Осы­лай­ша, профессор Әбдіуахап Қара­мен бірге Марқа жеріндегі бір апталық сапарымызды аяқтап Астанаға қайт­тық. Жол бойы Былғары-Табыт ауы­лы­ның тұсындағы 1931 жылы «Ақнай­ман қырылған» деп аталатын ескерткіш ­тасқа тоқтап, осы өлкеде жатқан ­Есберді ­­батыр секілді ата-бабаларымыз­дың ­рухына құран бағыштадық.

 

Тұрсынхан Зәкенұлы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор