• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 13 Қыркүйек, 2024

«Бір ауыл – бір өнім» жобасының үздіктері

79 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бренд-комитеттің отырысы өтті. Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова төрағалығымен өткен жиынға қалалық әкімдікке қарасты басқармалардың, қаржы институттары мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» өкілдері, «Kazakh Invest» АҚ мен қалалық креативті индустрия және іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері қатысты.

Жалпы, бұған дейін мегапо­листе кәсіпкерлер палата­сының қолдауымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Онда 40-қа жуық кәсіпкердің арасынан 10 қатысушы алғашқы іріктеуден өткен еді.

Бренд-комитет отырысында сол 10 үміткер өздерінің өнімдерін сарап­шыларға таныстырды. Олардың арасында киіз, былғарыдан жасалған бұйым­дардан бастап ұлттық нақыштағы киім­дер, кәдесыйлар мен керамика заттары, адам ағзасына пайдалы азық-түлік өнімдері болды. Сонымен комиссия мүшелері солардың арасынан ең үздік деген үшеуін таңдап алды.

«Кәсіпкерлерді қолдау шаралары үздіксіз жалғаса береді. Яғни іскер аза­маттар қандай да бір құқықтық, кон­сультативтік немесе қаржылай көмек бойынша палатаға жүгінуіне болады. Кеңес беру, құжаттарды рәсімдеу, жобаларды сүйемелдеу жағынан да кәсіпкерлер ұйымы әрдайым бизнес өкілдеріне жәрдемін беріп отырады. Жалпы, ереже бойынша «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы үміткерлердің өнімдері бірқатар талапқа сай болуға тиіс. Нақты айтқанда, өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалған, өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылған, ең соңғысы, өнім мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігіне сай болуы қажет. Деген­мен өнім жасау барысында жергілікті ши­кізатпен бірге қосымша басқа жақтан әкелінген материалдарды да пайдалануға рұқсат. Мәселен, жергілікті былғары­дан жасалған сөмке, аяқкиім, әмияндар­ға ілгек, құлып немесе әшекей секілді қосымша материалдарды қолданса болады», деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры С.Адамбекова.

Кездесу барысында үміткерлер бренд-комитет мүшелеріне өз өнімдерін жеке-жеке таныстырып шықты. Кәсіпкерлер сарапшыларға тауарлардың өндірісі мен оның тұтынушыға қажеттілігі жөнінде баяндап, алдағы күннің жоспарлары­мен бөлісті. Өз кезегінде комитет мүше­лері әрбір үміткерге қосымша сұрақ­тар қойып, жобалары бойынша ой-пікірлерін айтып, қажетті кеңестерін ұсынды.

Бренд-комитет отырысы­ның қоры­тындысы бойынша 3 кәсіпкер үздік деп танылды. Олар: тақиялар мен киім­дерді ұлттық нақышта безендіре­тін «Заманова», табиғи былғарыдан әмияндар мен сөмкелерді қолдан тіге­тін «Алимбаев Н.А», сондай-ақ тағам­дық табиғи пайдалы жылқы мен құс майын әзірлейтін «Сальма» жеке кәсіпкер­лік нысандары.

Үздік қатысушыларға «Атамекен» ҰКП салалық департаменттері тарапынан тиісті көмек қарастырылаты­ны, өндірісті кеңейтуге, қажет болған жағдайда экспортқа шығаруға қолдау көрсетілетіні жайында мәлім етілді. Жалпы, бренд-комитет мүшелері оты­рысқа келген барлық үміткерге кәсіп­терін әрі қарай дамыту, өнімдерінің нарықтық әлеуетін арттыру бойынша тиісті кеңестік-консультативтік көмек­терін ұсынды.

Айта кету керек, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы елімізде Үкімет бекіткен 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкер­лікті дамыту ұлттық жобасына негізінде әзірленіп, «Мен – кәсіпкер» атты шарасы аясында өткізіледі.

Біз конкурс жеңімпаздарының бірі­мен сұхбаттасып, бүгінде атқарып отыр­ған жұмыстары мен келешектегі жос­парлары туралы сұраған едік. Биомай ­сауда белгісі бар компания негізін қа­лау­шы Есенкүл Жанпейісова жаңа жо­ба­сын бастауға ұтып алған тегін грант қаражаты түрткі болға­нын жеткізді. Кәсіпкер келіншек жылқы, тауық, күр­ке­тауық майларын тұшытып сатады. Былай қарағанда қарапайым бизнес болып көрінгенімен, бұл өнімдер­дің тұ­ты­нушылары аз емес. Өйткені қазіргі таң­да пісте майдың денсаулыққа зияны бар екенін түсіне бастаған жұрт ағзаға пайдалы төрт түлік малдың майын қол­дануға көшіп жатыр. Саламатты өмір салтын ұстанған азаматтардың қатары артқан сайын кәсіпкердің де табысы ұлғайып келеді.

«Пісте майдың, жалпы өсімдік май­ларының қатты температурада қыза­тын болса адам денсаулығына зарар әкеле­тін тұстары бар екенін бұрыннан естуші едім. Кейін мамандардан сұрастырып, өзім де ғаламтор иірімдерін шарлап, шынымен де табаға қуырғанда жоғары температура әсерінен пісте майдан ­зиянды коанцероген бөлінетінін білдім. Сөйтіп, Шымкентте жылқы майын тұшы­тып саудаға шығарып жүрген бір азаматтан сатып алып күнделікті тағам әзірлеуге пайдаланып жүрдім. Кейін келе оны базардан сатып алып өзім де дайындасам болатын шығар деген ой келді. Солай жасасам бағасы арзанға түсетін болды. Шынымен де алып бара жатқан түк қиындығы жоқ екен. Бірінші кезде өзім әзірлеп, асына қолданып жүрдім. Артынша көршілерім де сұрастырып, тіпті менен бір-екі дайындаған өнімдерімді сатып ала бастады. Содан бір күні неге осыны кәсіпке айналдырып, табыс табудың көзі етпеске деген ой келді. Дереу күйеуіммен ақылдасып, осы жобаны бизнестің бастауына айналдыруға кірістік. Өзім көпбалалы анамын. Жеке баспанамыз жоқ. Пәтер жалдап тұратын едік. Артық қаражат бізде қайдан болсын. Осындай бизнес бастамаларға тегін грант береді екен дегенді естіп, сол конкурсқа қатысып көрдім. Бұйырып тұрған шығар, байқауда жеңімпаз атанып, 1 млн 225 мың теңге грантқа қол жеткіздім. Осыдан үш жыл бұрын грант қаражатының көлемі осындай сома еді. Осы ақшаға негізгі керекті дүниелерді сатып алдым. Ол газ плитасы, ет тура­ғыш, тоңазытқыш, темір ыдыстар, басқа да майда-шүйде заттар еді. Осы күнде бизнесті бір жолға қойып, пайдасын көріп жатырмыз. Өндіріс ауқымы артқандықтан, қазір бұрынғыдай жылқы майын базардан барып сатып алмаймын Түркістан облысы Сайрам ауданындағы мал соятын цехтан барып мол қылып сатып әкелемін. Бірден көп алған соң бағасы да арзан түседі. Яғни жылқы малының иелері майды көтерме бағамен береді. Күркетауық майын бүкіл елімізге белгілі кәсіпорын «Ордабасы құстан», тауықтың майын Тараздағы «Аделя Агроның» өндіріс цехынан алдырамын», деді кәсіпкер әйел.

Есенкүл Шымкенттегі М.Өтебаев атындағы колледжде есепші мамандығы бойынша білім алған. Оқуын жалғас­тырып, жоғары білімнің дипломын алуға ұмтылған екен, бірақ бір себептермен университетті тәмамдай алмаған. Орта буынды маман ретінде қалып қойды. Алайда бұл мамандықпен ешқашан жұмыс істемеген. Жары Сабырбек фир­мада бейнебақылау камераларын орнату ісі бойынша маман болып істе­ген. Қазіргі таңда әйелінің жанында биз­несті жүргізуге таптырмас көмекші болып отыр. Іскер әйелдің айтуынша жылқының майынан айына 1 тоннаға жуық май тұшытады. Күркетауық пен тауықтың майынан да солай, бір айда 1 тоннадай май ерітеді. Сонымен бір­ге, сары майды тұшытып, оны да сатады. Қолдың таза сары майы болғандықтан, оның тұшытылған түрінің бағасы да қымбатырақ. Жарты литрінің өзі 4,5 мың теңге екен. Бұл майды да негізінен тамақ әзірлеуге пайдаланады. Ол пісте майға қарағанда ешқандай зиянсыз дейді. Себебі қанша қатты температурада қыздырса да пісте май секілді өзінен канцерогендер, яғни зиянды заттар бөлмейді.

Отбасылық бұл бизнес жобаның бір айлық табысы 1 миллион теңгеден асады. Демек ай сайын бұл шаңыраққа 1 миллион теңгеден көп табыс кіріп тұр. Осы табыстың арқасында кәсіпкер қаржының жоқтығына байланысты тоқтап қалған жеке баспанасының құры­лысын біті­ріп алды. Қазір олар өздерінің жеке үйін­де тұрады. Пәтер жалдап тұр­ғанда майды дәл есігінің алдында тұшы­тыпты. Негізінде мұндай тағамдық өнімге сапа сертификаты қажет-ақ. Ол ертеңгі күні тауарды қиналмай дү­кен­дерге сатуға, нарықтағы саудасын кеңей­туге өте керек. Осы құжатты алу үшін кәсіпкер келін­шек тиісті органға хабарласқан. Алайда олар өнім жеке цехта шыға­рылмаса ешқан­дай сер­тификат беріл­мейтінін ­алға тартыпты.

Бұл жерде өңірлік кәсіпкерлер палатасы көмекке келіп отыр. Олар кәсіпкер­ге жергілікті бағдарлама бойынша арен­даға цех тауып беруге уәде беріпті. Жал­дау құнының аз ғана бөлігін кәсіпкер ­өзі төлесе, қалғанын мемлекет өз есебінен өтеп береді екен. Кәсіпкерлер палатасы бұл компанияға көп көмегін тигі­зіп отыр. Әр алты ай сайын бухгалтер­лік есеп­ті тапсыруды палата мамандары өз мой­нына алған. Кәсіпкер «Kaspi Pay» қо­сым­шасымен төлем жүргізіп, тап­қан та­бысының 4 пайызын мемлекетке салық ретінде төлеп отырады. Осы салық­тық есепті де палатаның өзі тапсырады екен. Кәсіпкерлер құқығын қорғаушы ұйым жеке кәсіпкердің бизнесін әрі қа­рай кеңейту үшін 5 млн теңгелік тегін грант кон­курсына қатысуға кеңес беріп, оған қа­жетті бизнес-жобаны әзірлеп беруге қол алысыпты. Іскер әйел сол конкурс­қа байланысты палата­ның оған арнайы шақыруын тағатсыздана күтіп жүр.

Кәсіпкер жанына тағы бір көмекші алған. Оған тиісті жалақысын төлеп тұ­рады. Бірақ жеке кәсіпкерлік құжаты бар іскер азамат егер қасына бір адамды жұмысқа алса, сол жұмысшының ай­­лық жалақысын мемлекет субсидия есе­­бінде төлеп беретін арнайы жеңілдік ба­­рын кейін білген. Құжатты кештеу тап­­­сырғандықтан бұл жеңілдікке іліге ал­­­мапты. Кәсіпкер келіншектің ендігі ар­­маны – өндіріс қуатын арттырып, өнім түр­­­лерін көбейтіп, базар мен жергі­лікті дү­­кен­дерді халық денсаулығы­на пайдалы­ та­­­ғамдық таза майлармен қамтамасыз ету.­

«Біздің мақсат тек табыс табу емес, сонымен қатар бұл жобаны халықтың денсаулығын ойлау ниетімен де іске асырып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, бүгін­гі таңда халық арасында әртүрлі ауру көбейіп кеткен. Осы күнде екінің бірі­нің бауыры, бүйрегі, асқазаны ауырады. Ол бірінші кезекте дұрыс тамақтанбау­дың салдарынан болып отырған теріс жағ­дай. Көпшілігіміз ойлағандай бауырға зиян әкелетін алкогольді ішімдікпен бірге күнделікті тағам әзірлеуге пайдаланатын өсімдік майлары да бар екен. Олардың зауалы біріншісінен асып түспесе, кем соқпайды. Өйткені алкогольдік сусынды адам анда-санда бір ішсе, өсімдік майларын күн сайын қолданады. Үлкендерден бұрын балалардың денсаулығын ойлауымыз керек. «Бала – біздің болашағымыз» демекші, бүгіннен солардың тамағын жақсартсақ, келешекте елімізге сау ұрпақ жасақтаймыз.

Біздің ата-бабаларымыз өте дана бол­ған. Олар өсімдік майларын қол­дан­баған. Тек малдың майын пай­да­ланған. Оның медицина ғылымы бо­йынша ағзаға сіңуі өте жылдам екені баяғыда-ақ дәлелденген. Бұрындары апа-әжелеріміз қазанның астына от жа­ғып, май шыжғыртып отыратын. Сөйтсек, солардың істегені дұрыс екен. Бүгінгі медицина оны енді айтып отыр. Өзімнің де кезінде асқазаным көп ауыратын. Жақпас бір нәрсе жеп қойсам, асқазаным қыжылдап шығатын. Мына малдың тұшыған майынан ас жегелі қыжыл, асқазан ауру дегенді ұмыт­тық. Біздің өнімді алатын клиенттер де ден­саулықтары жақсарып қалғанын айтып, алғыстарын білдіріп жатады», деді кәсіпкер келіншек.