Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бренд-комитеттің отырысы өтті. Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова төрағалығымен өткен жиынға қалалық әкімдікке қарасты басқармалардың, қаржы институттары мен «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының» өкілдері, «Kazakh Invest» АҚ мен қалалық креативті индустрия және іскер әйелдер қауымдастығының жетекшілері қатысты.
Жалпы, бұған дейін мегаполисте кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Онда 40-қа жуық кәсіпкердің арасынан 10 қатысушы алғашқы іріктеуден өткен еді.
Бренд-комитет отырысында сол 10 үміткер өздерінің өнімдерін сарапшыларға таныстырды. Олардың арасында киіз, былғарыдан жасалған бұйымдардан бастап ұлттық нақыштағы киімдер, кәдесыйлар мен керамика заттары, адам ағзасына пайдалы азық-түлік өнімдері болды. Сонымен комиссия мүшелері солардың арасынан ең үздік деген үшеуін таңдап алды.
«Кәсіпкерлерді қолдау шаралары үздіксіз жалғаса береді. Яғни іскер азаматтар қандай да бір құқықтық, консультативтік немесе қаржылай көмек бойынша палатаға жүгінуіне болады. Кеңес беру, құжаттарды рәсімдеу, жобаларды сүйемелдеу жағынан да кәсіпкерлер ұйымы әрдайым бизнес өкілдеріне жәрдемін беріп отырады. Жалпы, ереже бойынша «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушы үміткерлердің өнімдері бірқатар талапқа сай болуға тиіс. Нақты айтқанда, өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалған, өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылған, ең соңғысы, өнім мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігіне сай болуы қажет. Дегенмен өнім жасау барысында жергілікті шикізатпен бірге қосымша басқа жақтан әкелінген материалдарды да пайдалануға рұқсат. Мәселен, жергілікті былғарыдан жасалған сөмке, аяқкиім, әмияндарға ілгек, құлып немесе әшекей секілді қосымша материалдарды қолданса болады», деді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры С.Адамбекова.
Кездесу барысында үміткерлер бренд-комитет мүшелеріне өз өнімдерін жеке-жеке таныстырып шықты. Кәсіпкерлер сарапшыларға тауарлардың өндірісі мен оның тұтынушыға қажеттілігі жөнінде баяндап, алдағы күннің жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде комитет мүшелері әрбір үміткерге қосымша сұрақтар қойып, жобалары бойынша ой-пікірлерін айтып, қажетті кеңестерін ұсынды.
Бренд-комитет отырысының қорытындысы бойынша 3 кәсіпкер үздік деп танылды. Олар: тақиялар мен киімдерді ұлттық нақышта безендіретін «Заманова», табиғи былғарыдан әмияндар мен сөмкелерді қолдан тігетін «Алимбаев Н.А», сондай-ақ тағамдық табиғи пайдалы жылқы мен құс майын әзірлейтін «Сальма» жеке кәсіпкерлік нысандары.
Үздік қатысушыларға «Атамекен» ҰКП салалық департаменттері тарапынан тиісті көмек қарастырылатыны, өндірісті кеңейтуге, қажет болған жағдайда экспортқа шығаруға қолдау көрсетілетіні жайында мәлім етілді. Жалпы, бренд-комитет мүшелері отырысқа келген барлық үміткерге кәсіптерін әрі қарай дамыту, өнімдерінің нарықтық әлеуетін арттыру бойынша тиісті кеңестік-консультативтік көмектерін ұсынды.
Айта кету керек, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы елімізде Үкімет бекіткен 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасына негізінде әзірленіп, «Мен – кәсіпкер» атты шарасы аясында өткізіледі.
Біз конкурс жеңімпаздарының бірімен сұхбаттасып, бүгінде атқарып отырған жұмыстары мен келешектегі жоспарлары туралы сұраған едік. Биомай сауда белгісі бар компания негізін қалаушы Есенкүл Жанпейісова жаңа жобасын бастауға ұтып алған тегін грант қаражаты түрткі болғанын жеткізді. Кәсіпкер келіншек жылқы, тауық, күркетауық майларын тұшытып сатады. Былай қарағанда қарапайым бизнес болып көрінгенімен, бұл өнімдердің тұтынушылары аз емес. Өйткені қазіргі таңда пісте майдың денсаулыққа зияны бар екенін түсіне бастаған жұрт ағзаға пайдалы төрт түлік малдың майын қолдануға көшіп жатыр. Саламатты өмір салтын ұстанған азаматтардың қатары артқан сайын кәсіпкердің де табысы ұлғайып келеді.
«Пісте майдың, жалпы өсімдік майларының қатты температурада қызатын болса адам денсаулығына зарар әкелетін тұстары бар екенін бұрыннан естуші едім. Кейін мамандардан сұрастырып, өзім де ғаламтор иірімдерін шарлап, шынымен де табаға қуырғанда жоғары температура әсерінен пісте майдан зиянды коанцероген бөлінетінін білдім. Сөйтіп, Шымкентте жылқы майын тұшытып саудаға шығарып жүрген бір азаматтан сатып алып күнделікті тағам әзірлеуге пайдаланып жүрдім. Кейін келе оны базардан сатып алып өзім де дайындасам болатын шығар деген ой келді. Солай жасасам бағасы арзанға түсетін болды. Шынымен де алып бара жатқан түк қиындығы жоқ екен. Бірінші кезде өзім әзірлеп, асына қолданып жүрдім. Артынша көршілерім де сұрастырып, тіпті менен бір-екі дайындаған өнімдерімді сатып ала бастады. Содан бір күні неге осыны кәсіпке айналдырып, табыс табудың көзі етпеске деген ой келді. Дереу күйеуіммен ақылдасып, осы жобаны бизнестің бастауына айналдыруға кірістік. Өзім көпбалалы анамын. Жеке баспанамыз жоқ. Пәтер жалдап тұратын едік. Артық қаражат бізде қайдан болсын. Осындай бизнес бастамаларға тегін грант береді екен дегенді естіп, сол конкурсқа қатысып көрдім. Бұйырып тұрған шығар, байқауда жеңімпаз атанып, 1 млн 225 мың теңге грантқа қол жеткіздім. Осыдан үш жыл бұрын грант қаражатының көлемі осындай сома еді. Осы ақшаға негізгі керекті дүниелерді сатып алдым. Ол газ плитасы, ет турағыш, тоңазытқыш, темір ыдыстар, басқа да майда-шүйде заттар еді. Осы күнде бизнесті бір жолға қойып, пайдасын көріп жатырмыз. Өндіріс ауқымы артқандықтан, қазір бұрынғыдай жылқы майын базардан барып сатып алмаймын Түркістан облысы Сайрам ауданындағы мал соятын цехтан барып мол қылып сатып әкелемін. Бірден көп алған соң бағасы да арзан түседі. Яғни жылқы малының иелері майды көтерме бағамен береді. Күркетауық майын бүкіл елімізге белгілі кәсіпорын «Ордабасы құстан», тауықтың майын Тараздағы «Аделя Агроның» өндіріс цехынан алдырамын», деді кәсіпкер әйел.
Есенкүл Шымкенттегі М.Өтебаев атындағы колледжде есепші мамандығы бойынша білім алған. Оқуын жалғастырып, жоғары білімнің дипломын алуға ұмтылған екен, бірақ бір себептермен университетті тәмамдай алмаған. Орта буынды маман ретінде қалып қойды. Алайда бұл мамандықпен ешқашан жұмыс істемеген. Жары Сабырбек фирмада бейнебақылау камераларын орнату ісі бойынша маман болып істеген. Қазіргі таңда әйелінің жанында бизнесті жүргізуге таптырмас көмекші болып отыр. Іскер әйелдің айтуынша жылқының майынан айына 1 тоннаға жуық май тұшытады. Күркетауық пен тауықтың майынан да солай, бір айда 1 тоннадай май ерітеді. Сонымен бірге, сары майды тұшытып, оны да сатады. Қолдың таза сары майы болғандықтан, оның тұшытылған түрінің бағасы да қымбатырақ. Жарты литрінің өзі 4,5 мың теңге екен. Бұл майды да негізінен тамақ әзірлеуге пайдаланады. Ол пісте майға қарағанда ешқандай зиянсыз дейді. Себебі қанша қатты температурада қыздырса да пісте май секілді өзінен канцерогендер, яғни зиянды заттар бөлмейді.
Отбасылық бұл бизнес жобаның бір айлық табысы 1 миллион теңгеден асады. Демек ай сайын бұл шаңыраққа 1 миллион теңгеден көп табыс кіріп тұр. Осы табыстың арқасында кәсіпкер қаржының жоқтығына байланысты тоқтап қалған жеке баспанасының құрылысын бітіріп алды. Қазір олар өздерінің жеке үйінде тұрады. Пәтер жалдап тұрғанда майды дәл есігінің алдында тұшытыпты. Негізінде мұндай тағамдық өнімге сапа сертификаты қажет-ақ. Ол ертеңгі күні тауарды қиналмай дүкендерге сатуға, нарықтағы саудасын кеңейтуге өте керек. Осы құжатты алу үшін кәсіпкер келіншек тиісті органға хабарласқан. Алайда олар өнім жеке цехта шығарылмаса ешқандай сертификат берілмейтінін алға тартыпты.
Бұл жерде өңірлік кәсіпкерлер палатасы көмекке келіп отыр. Олар кәсіпкерге жергілікті бағдарлама бойынша арендаға цех тауып беруге уәде беріпті. Жалдау құнының аз ғана бөлігін кәсіпкер өзі төлесе, қалғанын мемлекет өз есебінен өтеп береді екен. Кәсіпкерлер палатасы бұл компанияға көп көмегін тигізіп отыр. Әр алты ай сайын бухгалтерлік есепті тапсыруды палата мамандары өз мойнына алған. Кәсіпкер «Kaspi Pay» қосымшасымен төлем жүргізіп, тапқан табысының 4 пайызын мемлекетке салық ретінде төлеп отырады. Осы салықтық есепті де палатаның өзі тапсырады екен. Кәсіпкерлер құқығын қорғаушы ұйым жеке кәсіпкердің бизнесін әрі қарай кеңейту үшін 5 млн теңгелік тегін грант конкурсына қатысуға кеңес беріп, оған қажетті бизнес-жобаны әзірлеп беруге қол алысыпты. Іскер әйел сол конкурсқа байланысты палатаның оған арнайы шақыруын тағатсыздана күтіп жүр.
Кәсіпкер жанына тағы бір көмекші алған. Оған тиісті жалақысын төлеп тұрады. Бірақ жеке кәсіпкерлік құжаты бар іскер азамат егер қасына бір адамды жұмысқа алса, сол жұмысшының айлық жалақысын мемлекет субсидия есебінде төлеп беретін арнайы жеңілдік барын кейін білген. Құжатты кештеу тапсырғандықтан бұл жеңілдікке іліге алмапты. Кәсіпкер келіншектің ендігі арманы – өндіріс қуатын арттырып, өнім түрлерін көбейтіп, базар мен жергілікті дүкендерді халық денсаулығына пайдалы тағамдық таза майлармен қамтамасыз ету.
«Біздің мақсат тек табыс табу емес, сонымен қатар бұл жобаны халықтың денсаулығын ойлау ниетімен де іске асырып жатырмыз. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда халық арасында әртүрлі ауру көбейіп кеткен. Осы күнде екінің бірінің бауыры, бүйрегі, асқазаны ауырады. Ол бірінші кезекте дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болып отырған теріс жағдай. Көпшілігіміз ойлағандай бауырға зиян әкелетін алкогольді ішімдікпен бірге күнделікті тағам әзірлеуге пайдаланатын өсімдік майлары да бар екен. Олардың зауалы біріншісінен асып түспесе, кем соқпайды. Өйткені алкогольдік сусынды адам анда-санда бір ішсе, өсімдік майларын күн сайын қолданады. Үлкендерден бұрын балалардың денсаулығын ойлауымыз керек. «Бала – біздің болашағымыз» демекші, бүгіннен солардың тамағын жақсартсақ, келешекте елімізге сау ұрпақ жасақтаймыз.
Біздің ата-бабаларымыз өте дана болған. Олар өсімдік майларын қолданбаған. Тек малдың майын пайдаланған. Оның медицина ғылымы бойынша ағзаға сіңуі өте жылдам екені баяғыда-ақ дәлелденген. Бұрындары апа-әжелеріміз қазанның астына от жағып, май шыжғыртып отыратын. Сөйтсек, солардың істегені дұрыс екен. Бүгінгі медицина оны енді айтып отыр. Өзімнің де кезінде асқазаным көп ауыратын. Жақпас бір нәрсе жеп қойсам, асқазаным қыжылдап шығатын. Мына малдың тұшыған майынан ас жегелі қыжыл, асқазан ауру дегенді ұмыттық. Біздің өнімді алатын клиенттер де денсаулықтары жақсарып қалғанын айтып, алғыстарын білдіріп жатады», деді кәсіпкер келіншек.