Күреңбел жерінде қос бірдей қуанышты оқиға болды. Әуелі Кербұлақ ауданының Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қарағаш ауылында – 5, Жоламан ауылында 4 отбасына баспана кілті табысталды. Сонымен қатар Жоламан ауылында демеушілердің көмегімен салынған жаңа балабақша қолданысқа берілді. Талай жылдан бері сарыла күткен нысандардың ел игілігіне айналғанына көпшілік дән риза.
Алдымен Сарыбұлақ ауылдық округінің Қарағаш ауылына бардық. Мұнда баспаналы болу бақытына аудандағы жағдайы төмен, жалғызілікті, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, тұрғын үй кезегінде тұрған 5 отбасы қол жеткізді. Қуанышқа жиналған қауым алдында жүрекжарды тілегін білдірген аудан әкімі Қанат Есболатов тұрғын үймен қамтамасыз ету халықтың өмір сүру сапасын көтерудегі ең басты мәселенің бірі екенін айтты.
«2023-2029 жылдар аралығында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» бойынша салынған үйлер ел игілігіне берілді. Аудандағы әр ауылдық округтерде үй кезегінде тұрған тұрғындарға 8-9 үйден салып жатырмыз. Жалпы жыл соңына дейін 100 үй беріледі деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, аудан орталығында 60 пәтерлі үй салынды. Оның кілті қыркүйек айының 12-жұлдызында беріледі. Сол күні 250 орындық емхананың ашылуы өтеді. Баспаналы болған тұрғындарды қоныстарымен құттықтаймыз», деді Қ.Есболатов.
Өз кезегінде тұрғын үйдің сапалы және уақтылы берілуіне үлес қосқан мердігер «Kazstroy Building» ЖШС құрылтайшысы Бауыржан Оралғазин халықтың батасын алу үшін үйді сапалы әрі уақтылы аяқтағанын айтып, қоныс иелеріне ақжарма тілегін білдірді. Осыдан кейін ақжаулықты әжелер шашу шашып, Сарыбұлақ ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Қажымұқан Есімбеков ақ батасын берді.
Көптен күткен үйді иеленген жандардың қуанышында шек жоқ. Қонысқа ие болған жақындарын құттықтап шашу шашып, тілек айтушылар қатары да аз болмады. Көп жылдан бері баспанасыз, туған-туысын паналап келген Ырысжан Жұмаділова жаңа қоныс иесі атанды. ІІ-топтағы мүмкіндігі шектеулі жан пәтер кілтін алғанда қуанышын жасыра алмады.
«Амалсыз анамның, туған-туыстарымның үйінде тұрып келдім. ІІ-топтағы мүгедектіктің салдарынан өз бетімше жұмыс жасап, баспана алуға мүлде мүмкіндік болмады. Облыс әкімінің, аудан басшылығының арқасында үйлі болдық. Мұндай жақсылықтың шарапатын қиналып жүрген әрбір отбасы көрсе деп тілеймін. Қолұшын созып, көмектескен жандарға алғысымды білдіремін», деді ол.
Жоламан ауылында «2023-2029 жылдар аралығында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы» бойынша салынған 4 үйдің кілті табысталды. Мұнда да пәтер кілтіне ие болғандар негізінен ұзақ жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы және тұрмысында қиыншылығы бар жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар.
Тұрғын үй кезегіндегі азаматтар үшін берілген екі ауылдағы үйді инвесторлар өз қаржыларына салған. Жергілікті әкімдік пен құрылысқа жауапты «Kazstroy Building» және «УниверсалСтройСервис» ЖШС арасында «Тұрғын үй салу, сатып алу» меморандумы жасалыпты. Яғни кәсіпкер өз қаржысына салған үйдің сапасын әкімдік тексеріп, бір шаршы метрін 294 200 теңгеден сатып алады. Сонда бір үйдің құны 22 млн 652 мың теңгеге айналады.
Меморандумға сәйкес, кәсіпкерлер Кербұлақ ауданының 17 елді мекенінде 100 тұрғын үй құрылысын жүргізеді. Қазіргі таңда 17 үйдің құрылысы аяқталыпты. Бүгін 9 үйдің кілті табысталды. Жоспар бойынша қазан айында 50, қараша айында 33 үйдің құрылысы аяқталады. 3 бөлмелі үй 77 шаршы метрді құрайды. Аумағы – 10 сотық. Заман талабына сай салынған баспанада ауызсу, жарық, кәріз желілері толығымен тартылған. Қабырғасы газаблокпен қаланған. Сондай-ақ инвесторлар көмек ретінде өз қаржысына үйдің сыртын қоршап, отын және көмір қора салып беріпті. Ашық конкурс рәсімі аяқталса, Қарашоқы ауылындағы 8 отбасы баспаналы болмақ.
Одан кейін сол елді мекенде «Қуаныш-7» балабақшасының ашылу салтанаты өтті. Шарада балабақша салып, ата-ананы да, баланы да, жалпы ауыл жұртшылығын қуантқан кәсіпкер Нұржан Мұсабеков сөз сөйлеп, көпшілікті мерекесімен құттықтады. Жаңа ашылып жатқан балабақшада балдырғандардың тағылымды тәрбие алуына тілектестігін білдірді.
«30 жыл бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, балдырғандарды қуантайық деп, балабақша аштық. Бізде бұдан бөлек, Алматыда да салған балабақшамыз бар. Сондықтан бұл салада тәжірибеміз жеткілікті. Алдағы уақытта балпаң басқан балдырғандарымыз қазақы тәрбиені бойына сіңіріп, мектепке сақадай сай болып барады деген сеніміміз мол», деп балабақшаның ашылуына көмектескен аудан әкіміне алғыс айтты.
Осыдан кейін шараға жиналған қауым балабақшаның ішін аралап, жұмысымен танысты. Былтыр 16 қарашада кәсіпкер Нұржан Мұсабеков пен жары Жоламан ауылының тумасы Айнұр Ақанқызы мемлекеттік сатып алу арқылы 1960 жылы іргесі қаланып, кейін бос қалған бұрынғы кеңсе ғимаратын сатып алған. Туған жерге туын тігуді мақсат тұтқан кәсіпкерлер 120 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп, арнайы балабақша ашуды ойлайды. Міне, балдырғандардың үйі 1 тамыздан бастап 75 балаға арналған 3 топпен жұмыс істеп келеді.
Аталған нысанда балалардың тәрбиесі мен дамуына жауапты 14 түрлі маман өз қызметін атқарады. Әр маман баланың жас ерекшеліктеріне сәйкес кәсіби білім мен дағдыларды қолдана отырып, тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосады. Балалардың оқу, ойын, жатын бөлмелері, музыкалық залы әсем безендірілген. Бәрі де талапқа сай. Балдырғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау орнатылған. Мұнда 2-ден 6 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Бұл қалаға қатынап жұмыс істейтін ата-аналар үшін де өте ыңғайлы.
Жетісу облысы