Қыркүйек айы жақындаған уақытта Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын тағатсыздана күткеніміз рас. Себебі Президент Жолдауы маңызды құжатқа айналып, алдағы бір жылда атқарылуға тиіс ауқымды шаруалардың жоспары түзілетінін аңғарып жүрміз. Әсіресе мемлекеттік органдардың өкілдері жұмысын бір пысықтап алатыны анық. Кейін ел тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асатыны қуантады-ақ. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де осы емес пе?
Биылғы Жолдау «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» деп аталыпты. Кейінгі жылдары Әділетті Қазақстан деген тіркес жиі айтылып жүр. Бұл тегін емес. Бұған дейін халықтың көкейінде тұрғаны да осы мәселе еді. Әділетті қоғам қалыптасса, заң да, тәртіп те, экономикалық өсім де болатыны ақиқат.
Жолдауда білім беру жүйесін дамытуға және техникалық кадрларды даярлауға ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы елдің тұрақты экономикалық өсуі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білікті мамандарды, әсіресе, техникалық және инженерлік салаларда даярлауға баса назар аудару қажет екенін атап өтті. Бүгінде елімізде техникалық мамандықтарды даярлауға басымдық беріліп жатқанын білеміз. Сол бағытқа білім гранттары молынан бөлініп, барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Бұл – көреген саясат. Түптің түбінде техника мамандықтарының иелері ел дамуына үлкен үлес қосатынына сенім мол. Мемлекет басшысының еңбек адамдарына құрмет көрсету маңызды екенін жиі айтуы – техника мамандықтарын, яғни қарапайым жұмысшы мамандықтарын насихаттаудың бір тетігі іспеттес.
Президент техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамытуға тоқталып, индустрияландыру және ел экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қосатын инженерлік және ғылыми кадрларды даярлауды жақсарту қажеттілігін айтты. Өңдеуші өнеркәсіпте, ірі зауыттарда, басқа да жоғары технологиялық салаларда жоғары білікті мамандарға деген сұраныстың артып жатқанын ескерсек, кадр дайындау ісі жүйелі атқарылғаны абзал.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ғылыми зерттеулерді дамыту және білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Қазақстан жаңа технологиялық көшбасшыларды қалыптастыру үшін тиімді жағдай жасауды көздеуі керек, бұл ғылым мен технологияға қомақты инвестиция салмай және жоғары білім беру жүйесін реформаламай мүмкін емес екеніне ерекше тоқталды.
Жас мамандарды қолдау және олардың біліктілігін арттыру аясында Президент экономиканың негізгі салалары үшін жоғары білікті кадрлар даярлауға бағытталған «Жас маман» бағдарламасын атап өтті. Бұл бастама оқу орындарының санын көбейту, оларды заманауи жабдықтармен және әдістемелік қолдаумен қамтамасыз ету мақсатында жалғасын таппақ.
Сондай-ақ инженерлік білім мен ғылымның жаңа технологиялары бойынша ғылыми-зерттеу хабын құруға тапсырма берілді. Бұл ретте көптеген университетте Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен технопарк және инженерлік орталықтары құрылып жатыр. Бұл орталықтар алдағы уақытта отандық ұлттық компаниялармен байланыс орнатпақ.
Қорыта айтсақ, Жолдауда білім беру және техникалық кадрларды даярлау мәселесіне баса назар аударылуы Қазақстанның білім мен жоғары технологияларға негізделген экономиканы құруға ұмтылысын көрсетеді. Бұл – еліміздің одан әрі тұрақты дамуының негізгі факторы.
Алуа ТАҢЖАРЫҚОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, ф.ғ.д., филология факультетінің деканы