• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Пікір 13 Қыркүйек, 2024

Элиталық деген аты ғана...

256 рет
көрсетілді

Үлкен қалаларда, әсіресе мега­полис­­терде жаңа тұрғын үй саны көбейіп келе жатыр. Сәулеті мен сәні асқан баспана ғимараттары алыстан көз арбайды. Заманға сай тұрмыстық қажеттіліктерді ескеру де жүйелене түскен.

Қауіпсіздік талаптарының күшеюі, паркинг, қойма бөлмесі, жабық аула сияқты мүмкіндіктердің ескерілгеніне біраз болды. Тіпті айналасына мектеп, балабақша, әлеуметтік нысандарды біріктіре салған кешенді құрылыстар да пайда болды. Мұның бәрі, әрине, құптауға тұрарлық құбылыс. Дегенмен құрылыс жүргізуші компаниялардың әрекетінде арагідік бір кілтипан кездесіп қалады. Әрі онысының көпе-көрнеу алдау екенін анықтағанда, тіпті ренжисің.

Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын қолдаудай-ақ қолдайды. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – саламатты мемлекеттің негізі және халықтың әл-ауқатының тікелей көрсеткіші. Сон­дықтан мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына елеулі және жан-жақты қол­дау көрсетіледі. Елімізде тұрғын үй құ­ры­лысын мемлекеттік қолдау – «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды да­мытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар бойынша пә­тер­дің тек алғашқы нарықтан болу шарты да – құрылыс компанияларына мем­лекеттің жасап отырған үлкен көмегі.

Алайда салынып жатқан үйлердің басым бөлігі Құрылыс нормалары мен ережелеріне (ҚНжЕ) сай келмейді. Құрылыс нормалары мен ережелері – атқарушы билік органдары қабылдаған қала құрылысы қызметін жүзеге асыруды, сондай-ақ инженерлік ізденістерді, сәулет-құрылыс жобалау мен құрылысты регламенттейтін техникалық, экономикалық және құқықтық сипаттағы нормалар жиынтығы. Елімізде тұрғын үйлердің жайлылық кластарға бөлінуі 2007 жылы қабылданған Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес реттеледі. Бірақ бұл ережеде жайлылық кластарына сай болмауына қатысты жауапкершілік енгізілмеген. Бұл ереже тек ұсынымдық сипатта көрсетілген.

Аталған ереже талаптары бойынша барлық тұрғын үй төрт класқа бөлінеді. Тарқатар болсақ, I класс – элита, II класс – бизнес, III класс – жайлы, IV класс – эконом. Элита класы бойынша бір бөлмелі пәтер аумағы – 25 шаршы метрден, екі бөлмелі пәтер – 50 шаршы метрден, үш бөлмелі пәтер 75 шаршы метрден асу керек. Бірнеше балкон, жуынатын бөлме, дәретхана болуға тиіс.

Қазір құрылыс компаниялары жайлы және бизнес-класс санаты деп сатып жатқан пәтерлер ҚНжЕ ұсынған жайлылық класс бойынша жіктеуге тіпті сәйкес келмейді. Жалпы, компания­лар ҚНжЕ талаптарын 100 пайыз орындай бермейді. Мысалы, 2020 жылы белгілі құрылыс компаниясынан 2 бөлмелі II жайлылық класындағы (бизнес санаттағы) пәтерге қатысты құрылысы аяқталмай жатып алдын ала сатып алу келісімшартын жасастық. Кейін пәтерді алғанда оның бизнес санатына сай еместігін аңғардым. Бұл санат бойынша пәтерде 2 балкон, ас бөлмесінің аумағы – кемі 12 шаршы метр, жуынатын 2 бөлмесі болуы, электронды құлыппен жабдықталуға тиіс еді. Бірақ олай болмай шықты.

Жайлы және жайлы плюс деп сатылып жатқан үйлерде жерасты көлік тұрақтары қарастырылмаған. Қалаларда көлік тұра­ғын табу мәселесі проблемаға айналды. Өйткені қоныстанушылар көбей­ді, сәйкесінше, көлік саны да артып шыға келді. Тұрғын үй маңындағы көлік­тердің бейберекет қойылуы (жерас­ты көлік тұрағы болмағандықтан) жаяу адам­дар­дың да, көшедегі басқа көліктердің де қоз­ғалысына кері әсер етіп отыр. Оны былай қойғанда, балалардың қауіпсіздігі қыл үсті­не шықты.

Көп жағдайда эконом санатқа тиесілі нысандар бекітілген талап үдесінен шыға­ды. Бірақ одан жоғарғы кластардың талап­қа сәйкестігі өте даулы. Шын мәнінде, жай­лылық талаптары сақталмаған үйлерді жайлы плюс, бизнес және премиум деп жарнамалау – бар болғаны маркетингтік қадам. Мұндай негізсіз (һәм лайықсыз) жарнама пәтер бағасының нарық бағасынан жоғары болуына әсер етеді. Мұндай жағ­дайларды халықтың біліп, пәтер сатып аларда ескеріп жүргені абзал.