Түркістан облысында білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласына қажетті нысандар құрылысы жүйелі жүргізіліп келеді. Әрбір аудан, қаланың елді мекендерінің жай-күйі жіті сарапталып, қолға алынған құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдеген емес.
Бұл бағыттағы жұмыстар талқыланған облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде биылға жоспарланған құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы аяқтау қажеттігі айтылды. «Әрбір құрылыс нысанындағы жұмыстар бақылауда болсын. Қадағалаңыздар! Уақтылы әрі талапқа сай тапсырылуға тиіс. Бұл нысандар елдің сұранысына және өңірдің даму жоспарына сәйкес салынып жатыр. Бос уәде емес, нақты жоспар, жұмыс қажет. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер өңір тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әлеуетін көтеруге серпін береді. Сондықтан ел қазынасына салынып жатқан әрбір ғимараттың құрылысы жоғары жауапкершілікпен жүргізілуі қажет», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, басқарма мен аудан, қала әкімдіктерінің тапсырысымен қолға алынған бюджеттік инвестициялық жобалар саны – 485. Оның 22-сі пайдалануға берілген. Қаржысы толық шешілген жағдайда жыл соңына дейін тағы 396 нысанның құрылысы аяқталса, 67-сі 2025 жылға өтпелі. Өңірде 21 білім нысанының құрылысы қолға алынып, оның 4-еуі тапсырылған. Жыл соңына дейін 10 білім нысаны тапсырылады, 7-еуі келесі жылға өтпелі. Ал денсаулық сақтау саласында 94 нысанның құрылысы жоспарланып, оның 3-еуі пайдалануға берілген. Қалған 90-ын жыл соңына дейін тапсыру мақсатында жұмыс күшейтілген. Бұл ретте «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірде 3 әкімшілік ғимараты жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек. Сонымен бірге құрылысы жүріп жатқан 12 мәдениет нысанының 4-еуі биыл ашылса, 23 спорт нысанының 3-еуі пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін 10 спорт нысаны беріледі. Құрылыс басқармасының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстарына бюджеттен 305 миллион теңге қаралған.
Өңірде тұрғын үй, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да қарқынды. Бұл орайда 221 үй, 2 469 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Мысалы, Жетісай ауданы тұрғындарына жыл басынан бері 167 әлеуметтік тұрғын үйдің кілті табысталған. Енді жыл соңына дейін тағы 90 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде Асықата кентінде 3 қабатты, 54 пәтерлі, Қазыбек би елді мекенінде 2 қабатты, 16 пәтерлі және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызылтаң ауылында 2 қабатты, 16 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қызылтаң елді мекеніндегі 2 тұрғын үйді «Құрылыс Нұртас» ЖШС салып жатыр. Мамырда басталған құрылыс жұмыстары қазан айында тапсырылады деп жоспарланып отыр. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жүргізілген жұмыстардың сапасына сенімді болу мақсатында отандық өнімдер пайдаланылған. Аталған тұрғын үйлердің ауласында талапқа сай балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та іске қосылады.
Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кентінде 900 орындық, Жетісай қаласында 1500 орындық, Ынтымақ ауылдық округінде 600 орындық мектептердің және 2 амбулатория мен 4 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы жүргізіліп жатыр, бір мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Алты мектептің жылыту қазандықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған.
Ал Мақтаарал ауданында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 87 әлеуметтік баспананың құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпкерлердің қаржысына салынып жатқан үйлер толығымен аяқталған соң мемлекет сатып алып, үй кезегінде тұрған азаматтарға санаттарына қарай, теңдей бөліп бермек. Аталған бағдарлама аясында өткен жылы 46 тұрғын үй сатып алынып, баспанаға мұқтаж отбасыларға берілген болатын. Бүгінде аудан көлемінде 2 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрады. Одан бөлек, биыл ауданда 2 мәдениет үйі салынып жатыр.
Түркістан облысы