• RUB:
    5.16
  • USD:
    530.24
  • EUR:
    543.97
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қыркүйек, 2024

Әлеуметтік нысандар – халық игілігіне

162 рет
көрсетілді

Түркістан облысында білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласына қажетті нысандар құрылысы жүйелі жүргізіліп келеді. Әрбір аудан, қаланың елді мекендерінің жай-күйі жіті сарапталып, қолға алынған құрылыс жұмыстарының қарқыны бәсеңдеген емес.

Бұл бағыттағы жұмыстар талқы­ланған облыс әкімі аппара­тының апталық мәжілісінде биыл­ға жоспарланған құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы аяқтау қажеттігі айтылды. «Әр­бір құрылыс нысанындағы жұ­мыстар бақылауда болсын. Қа­дағалаңыздар! Уақтылы әрі та­лапқа сай тапсырылуға тиіс. Бұл нысандар елдің сұранысы­на және өңірдің даму жоспарына сәйкес салынып жатыр. Бос уәде емес, нақты жоспар, жұ­мыс қажет. Әлеуметтік ны­сан­дар мен тұр­ғын үйлер өңір тұр­ғындарының тұр­мыс сапа­сы мен әлеуетін көтеру­ге сер­пін береді. Сондықтан ел қазынасына салынып жатқан әр­бір ғимараттың құрылысы жоға­ры жауапкершілікпен жүргізі­луі қажет», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Облыстық құрылыс басқар­масының басшысы Тоқтар Усуба­лиевтің айтуынша, басқарма мен аудан, қала әкімдіктерінің тапсырысымен қолға алынған бюд­­жеттік инвестициялық жобалар саны – 485. Оның 22-сі пай­далануға берілген. Қаржысы то­лық шешілген жағдайда жыл со­­ңына дейін тағы 396 нысанның құ­рылысы аяқталса, 67-сі 2025 жылға өтпелі. Өңірде 21 білім ны­санының құрылысы қолға алынып, оның 4-еуі тапсырылған. Жыл соңына дейін 10 білім нысаны тапсырылады, 7-еуі келесі жылға өтпелі. Ал денсаулық сақтау саласында 94 нысанның құрылысы жос­пар­ланып, оның 3-еуі пайдалануға бе­рілген. Қалған 90-ын жыл соңына де­йін тапсыру мақсатында жұмыс күшейтілген. Бұл ретте «Ауыл­да денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірде 3 әкімшілік ғимараты жыл соңы­на дейін ел игілігіне берілмек. Сонымен бірге құрылысы жүріп жатқан 12 мәдениет нысаны­ның 4-еуі биыл ашылса, 23 спорт нысанының 3-еуі пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін 10 спорт нысаны беріледі. Құрылыс басқармасының тапсырмасы­мен жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстары­на бюджеттен 305 мил­лион теңге қаралған.

Өңірде тұрғын үй, инфра­құрылыммен қамту жұмыстары да қарқынды. Бұл орайда 221 үй, 2 469 пәтердің құрылысы жүріп жатыр. Мысалы, Жетісай ауданы тұрғындарына жыл басынан бері 167 әлеуметтік тұрғын үйдің кілті табысталған. Енді жыл соңына дейін тағы 90 пәтердің кілтін тапсыру жоспарланып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгін­де Асықата кентінде 3 қабатты, 54 пәтерлі, Қазыбек би елді мекенін­де 2 қабатты, 16 пәтерлі және Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Қызылтаң ауылында 2 қабатты, 16 пәтерлі жалгер­лік тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қызылтаң елді мекенін­дегі 2 тұрғын үйді «Құрылыс Нұр­тас» ЖШС салып жатыр. Мамыр­да басталған құрылыс жұмыстары қазан ­айында тапсырылады деп жос­парланып отыр. Бүгінде негізгі құрылыс жұмыстары то­­лығымен аяқталып, қажетті ин­фра­­құры­лыммен қамтамасыз етіл­ген. Жүргізілген жұмыстардың са­па­сына сенімді болу мақсатында отандық өнімдер пайдаланылған. Аталған тұрғын үйлердің ауласында талапқа сай балалардың ойын алаңшалары мен автотұрақ та іске қосылады.

Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Асықата кен­тінде 900 орындық, Жетісай қа­ла­­сында 1500 орындық, Ын­тымақ ауылдық округінде 600 орындық мектептердің және 2 амбулатория мен 4 фель­д­шерлік-акушерлік пункт құры­лысы жүргізіліп жатыр, бір мек­теп күрделі жөндеуден өтеді. Алты мектептің жылыту қазан­дықтарын қатты отыннан табиғи газға қосу жоспарланған.

Ал Мақтаарал ауданында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 87 әлеуметтік баспана­ның құрылысы жүріп жатыр. Кәсіпкерлердің қаржысына салынып жатқан үйлер толығымен аяқталған соң мемлекет сатып алып, үй кезегінде тұрған аза­маттарға санаттарына қарай, тең­дей бөліп бермек. Аталған бағ­дарлама аясында өткен жылы 46 тұрғын үй сатып алынып, баспанаға мұқтаж отбасыларға берілген болатын. Бүгінде аудан көлемінде 2 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрады. Одан бөлек, биыл ауданда 2 мәдениет үйі салынып жатыр.

 

Түркістан облысы