• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 14 Қыркүйек, 2024

Ғылыми әлеуетті арттыра түседі

411 рет
көрсетілді

Президент биылғы Жолдауында еліміздегі жоғары білім беру­ді интернационалдандырудың маңызын атап өтті. Бұл қадам еліміздің білім жүйесін дамыту мен оның халықаралық қоғам­дастыққа кіруі үшін аса маңызды екені сөзсіз.

Интернационалдандыру – жоғары білім саласының деңгейін артты­рып қана қоймай, еліміздің ғылыми әлеуе­тін нығайтатын стратегиялық бағыт. Өзбекстан сияқты көршіміз де интернационалдандыру стратегиясын таң­дап, онда бүгінде 30-ға жуық шетел­дік жоғары оқу орны жұмыс істейді. Алай­да олардың тәжірибесіне жасал­ған алғашқы талдауға қарасақ, филиалдар мен қос дипломды бағдарламалар­дың ашылуы елдің жоғары білім жүйесін жақсартуға қажетті нәтиже бермейті­нін байқаймыз. Қазақстан Болон үде­рісіне қатысуының нәтижесінде, Орта­лық Азиядағы басқа мемлекеттерге қара­ғанда біраз артықшылыққа ие. Осы арқылы еуропалық стандарттар­ға сәйкес келуге, шетелдік жоға­ры оқу орындарын тарту бойынша бастамаларды тиімді іске асыруға болады. Интернационализация сонымен қатар академиялық мобильді­лік­ті арттыруға, білім сапа­сын жақсартуға ықпал етеді. Отандық университеттер базасында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалын ашу жергілікті және ше­телдік оқытушылар арасында білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік бе­реді. Бұл оқыту деңгейін арттырып қана қоймай, ғылыми дағдылардың өсуіне, бірлескен ғылыми жобалардың көбеюіне ықпал етеді. Нәтижесінде, Қазақстан өзге елдерден студенттерді тарта отырып, Орталық Азияның білім беру хабына айналады.

Интернационалдандыру страте­гия­сын іске асыру барысында шешіле­тін тағы бір мәселе – студенттердің ­ба­сым көпшілігі шоғырланған Алматы, Астана сияқты ірі қалалардың шамадан тыс жүктемесінің болуы. Өңірлік жоғары оқу орындарының базасында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, сондай-ақ басым мамандықтар бойынша, оның ішінде техникалық және инженерлік мамандықтар бойынша оқытуға нысаналы гранттар мен квоталарды енгізу өңірлердің дамуын ынталандыру және таланттарды сақтау үшін маңызды қадам саналады. Бұл үлкен қалалардағы тұрғындар санын азайтып қана қоймай, адам ресурстарын бүкіл ел бойынша біркелкі бөлуге мүмкіндік береді.

Елімізде шетелдік жо­ға­ры оқу орындары филиал­дарының ашылуы «Болашақ» бағдарламасының өз­ге­руі­не де ықпал етуі мүмкін. Сту­дент­терді шетелге жіберу­дің орнына, сапалы білімді әлдеқайда арзан бағаға алу­ға жағдай жасап, ішкі ресурстарды тиімді пайдалануға болады. Мысалы, Қазақстандағы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында оқу шетелге қарағанда арзан болып, сол білім деңгейін қамтамасыз ете алады. Бұл мамандарды елімізде даярлау үшін жағдай жасайды. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасының ре­сурстарын PhD және постдокторан­ту­ра бағдарламалары бойынша ғылыми ­кадрларды даярлауға бағыттайды.

Президент осыған қоса қолданбалы ғылымның дамуы туралы айтты, мұнда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары маңызды рөл атқарады. Университеттердің тек оқытумен айналысып қана қоймай, ғылымды дамытып, ғылыми-зерттеу орталықтарын ашып, ғылыми жобаларды тартуы ма­ңызды. Интернационалдандырудың тағы бір маңызды аспектісі – сапалы білім экспортының құралы ретінде қызмет ететін отандық жоғары оқу орындары­ның филиалдарын шетелдерде ашу. М.Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан университетінің ­Өз­бекстандағы филиалы және Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университеті филиалының Ресейде ашы­луы еліміздің білім беру сапасын өзге елдерде де мойындайды дегенді біл­діреді.

Осылайша, шетелдік жоғары оқу орын­дарының филиалын ашып, жоғары білім беру саласында халықаралық қоғамдастықты дамыту өңірлер мен жалпы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы­на, жоғары білім беру сапасын артты­ру­ға, ғылыми қызметі мен еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.

 

Қуаныш ЕРҒАЛИЕВ,

Назарбаев университетінің профессоры