Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм мәселелері айқындалып, стратегиялық бағдар мен алдағы нақты міндеттер белгіленді.
Президент мемлекеттің орнықты дамуы үшін маңызы зор экономикалық мәселелерге баса назар аударды. Шағын және орта бизнесті қаржыландыруды күшейтуді тапсырды. Экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында арнайы «Банктер туралы» заң қабылдау қажеттігін айтты. Сол секілді инвестициялық ахуалды жақсартып, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау жайы да қозғалды.
Сонымен қатар «Amanat» партиясының брендіне айналған «Ауыл аманаты» жобасын оң бағалап, оны кеңейте түсуді тапсырды. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Мұның барлығы Президент айтқан орта тапты қалыптастырудың негізін қаламақ.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жолдауда қоғамның қызу талқысына айналған АЭС салу мәселесі қозғалды. Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтетінін айтты. Яғни осы аса өзекті бастама бойынша шешімді тікелей халық қабылдайды.
Президент айтқандай, «Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және сол арқылы дамудың сара жолына түскен озық ел болу». Осыған жол ашатын Жолдауда көзделген бастамалар мен тапсырмалардың жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары барынша атсалысады.
Бүгінде көптеген ел табиғи, экологиялық таза азық-түлік өнімдеріне зәру. Ресейде де табиғи өнімдерге деген сұраныс артып тұр. Солтүстіктегі көршімізді ауыл шаруашылығы тауарларымен, әсіресе, бау-бақша өнімдерімен барынша қамтамасыз етіп отырған елдердің бірі – Өзбекстан. Алдағы уақытта біз осындай елдермен тікелей бәсекелесе алатын жағдайға жетуіміз керек.
Мемлекет биыл егін науқанына екі есе көп қаражат бөлді. Бірақ осы агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Президент осы жерде орынды мәселе көтеріп отыр. Яғни Үкіметке бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажеттігін тапсырды. Осыған дейін диқандарды қолдап келген мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шараларын банктерге қатысты жобаларға да қолдану – құптарлық-ақ қадам.
«Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет», деп Қасым-Жомарт Кемелұлы бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс екенін де ескертті.
Ол үшін бұл саладағы цифрлардың нақтылығы аса маңызды орынға ие. Жолдауда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы деректердің мүлдем үйлеспейтінін айтты. Шындыққа жанаспайтын ақпарат беріп, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отырғаны жасырын емес.
Жолдауда айтылғандай арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан аса уақ мал санда бар болғанымен, санатта жоқ екенін анықтапты. Егін шаруашылығы саласы да осындай кертартпа жайттан арыла алмай отыр. Ал бұның артында Мемлекет басшысы айтпақшы, шын мәнінде, қазына қаржысынан қайткен күнде де субсидия алу жолында жасалған әккі амалдар, нағыз көзбояушылық тұр. Ендігәрі мұндай іспен айналысқан адамдардың жауапкершілігін күшейтіп, қылмыспен пара-пар ондай әрекеттерге тосқауыл қоймасақ, біз асыраушы салада айтарлықтай табысқа жете алмаймыз, алдыңғы қатарлы елдермен еш бәсекелесе алмаймыз. Біз кімді алдап отырмыз? Яғни мемлекетіміз халықты тұрақты, қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етеміз дейтін болса, онда осы салаға барынша басымдық берген жөн. Бұл тікелей халықтың тұрмыстық табысын арттыруға септеседі.
Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ,
Мәжіліс депутаты