• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 14 Қыркүйек, 2024

Бұйырғаны – көп күміс

118 рет
көрсетілді

Күрес түрлерінен өткен тартысты кездесулер Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының көрігін қыздырды. Қазақ күресінен бастап, түрік халқының – «ашыртмалы аба гюреш», өзбек ағайындардың – «кураш», қырғыз бауырлардың – «алыш», татар халқының «көрәш» мұрасы бірінен-бірі қалыспайды.

Көшпелілер күресінің қай түрін алып қа­расақ та, білек күшімен қатар, айла-тәсілі артық спортшы жеңіске жетеді. Түрік хал­қының ұлттық ойындарының бірі – «ашыртмалы аба гюреш»-іне (Ұлттық белбеу күресі) де қара күшпен бірге ептілік, ақыл-айла керек. Белдесулер тегіс шөпті алаңда өтеді. Спорттың осы түрінен алаңға шыққан 5 балуанымыздың үшеуі финалға дейін сүрінбей жетті. Алайда алтын жүлде сарапқа салынған белдесулерде отандастарымыз қарсыластарына жол беріп қойды. Қоржында – 3 күміс. Күміспен күптелген спортшылардың арасында 60 кг салмақта белдескен Ернұр Сүлеймен, 70 кг-да сынға түскен Әділет Ахметғали, 90 кг-да өнер көрсеткен Айдос Ғалымов сынды мықтылар болды.

Тартысты белдесулерден кейін Әділет Ахметқали қалың көп­шілікке таңсық спорттың ерек­шеліктері туралы аз-кем әңгіме­леп, өзінің дайындығы туралы айтып берді.

– «Ашыртмалы аба гюреш»-інің басқа күрес түрлерінен айыр­машылығы бар. Ережелері де ерекше. Әрине Түркияның ұлт­тық ойындарының бірі бол­ған соң, түріктер бұл спорттан мықты. Өзбекстан спортшылары да жақсы дайындаған. Негізі өзім дзюдомен айналысамын. Спорттың сол түрімен кәсіби айналысқаныма 10 жылға жуықтады. Түрік күресінен алтын медаль алуға барымды салдым. Қалай дегенде де көшпелілер ойы­ны өз елімізде өтіп жатқан соң, жанкүйерлерді қуантқым келді. Алайда түрік қарсыласым басым болды. Бір жағы «ашыртмалы аба гюреш»-інен алғаш бақ сынап тұрмын. Әлі алда талай додаларда жеңіске жетемін деп үміттенемін, – дейді Әділет Ахметқали.

Бұл ретте «ашыртмалы аба гюреш»-інен 19 мемлекеттен 74 спортшы бақ сынағанын және олардың қай-қайсысы да осал балуан болмағанын айта кеткен жөн. Мысалы, Ернұр Сүлеймен жартылай финалдық кезеңде өзбек­стандық Музафербек Нур­лаевтан басым түссе, финалда Қырғызстан спортшысы Роман Сапаровтан жеңілді. Бұл Ернұрдың V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында жеңіп алған екінші күміс жүл­десі. Отандасымыз осыған дейін «Алау» сарайында өзбек халқының ұлттық ойыны кураш спортынан да сынға түсіп, екінші орын олжалаған еді.

– Дүниежүзілік көшпелілер ойынына дайындығымыз жақсы болды. Барымызды салып, алтын жүлде алуға талпындық. Бақ жанбады. «Кураш»-пен айналысып жүргеніме екі жылға жуықтады. Бұған дейін өзбек балуанына Азия чемпионатында есе жіберген едім. Өкінішке қарай, бұл жолы да жеңілдім. Алдағы әлем біріншіліктерінде, Азия чемпионаттарында спорттың осы түрінен алтын жүлде аламыз деген сенім бар. Әрине ол үшін дайындықты үдетіп, тағы да шыңдалу қажет, – деп пікір білдірді Ернұр Сүлеймен.

Курашқа 27 мемлекеттен 106 спортшы қатысуға ниет білдірген. Спорттың осы түрі бойынша ерлер арасында бес салмақта, әйелдер арасында үш салмақта мықтылар анықталды. Мұнда ел атынан өнер көрсеткен 7 балуан жартылай финалға жолдама алып, жүлдегерлер қатарына қосылған еді. Ақтық сынға 4 балуан жолдама алғанда да кемінде бірер алтын бұйырар деген үміт басым болды. Өкінішке қарай, екінші жарыс күнінде алтын жүлде спортшылардың уысынан сусып кетті. Осылайша, кураштан бақ сынаған балуандар 4 күміс, 3 қола жүлдемен жарысты аяқ­тады. Жүлдегерлердің ішінде Ернұр Сүлейменнен бөлек, Марат Нығматуллаев, Айбек Қазақбаев, Толғанай Әбеуова, Алтынай Нұрханова, Нұрдін Шаймерден, Әділет Ахметқали сынды балуан­дар болды.

Абырой болғанда, татар хал­қының көне ұлттық белбеу күресі көрәштен алтын жүлде бұ­йырды. Белдесулер Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Жарыс қорытындысы бойынша төрт салмақта мықтылар анық­талды. Бұл сында 90 кг сал­мақта белдескен Біржан Шаймер­денов алтын жүлде алып, ел мерейін асырды. Күміс жүлдеге ие болған Әділет Шалғынбекұлы (64 кг) мен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг) пен қола медаль алған Бекнұр Бек­тайлар да (75 кг) сылбыр күреспеді, барын салды.