Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Людмила Бутенкомен кездесті. Кездесуге, сондай-ақ, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов пен Ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова қатысты.
2014 жылдың мамыр айында Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк тобы арасында әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Ал қол жеткізілген сол келісімді жүзеге асыру және әлеуетті құрылымдық реформа жасау мақсатында Үкімет ынтымақтастықтың 8 бағытын айқындап берген еді. Олар: қаржы секторын дамыту; экономикадағы жеке сектордың рөлін күшейту, яғни шағын және орта бизнесті дамыту мен іскерлік ахуалды жетілдіру; адам капиталын дамыту, ғылым мен инновацияны ынталандыру; еңбек нарығының талаптарына сай келетін еңбек дағдыларын дамыту; экономикаға инвестициялар тарту және мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту; энерготиімділікті арттыру және жасыл экономиканы, инфрақұрылымды, көлікті қоса алғанда, дамыту, энергетика мен қалаларды өркендету; үнқатысуларды қолдау және институттық реформаларды жүргізуде қолдау көрсету; өңірлік әріптестік және интеграция.
Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген Жаңа Экономикалық Саясаттың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру үшін бірлескен инвестициялық жобаларды ойдағыдай іске асыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру экономика мен әлеуметтік саланы инфрақұрылымдық тұрғыда жаңғыртуға бағытталуы тиіс екенін айтты. Яғни, алдағы уақытта Қазақстанда экономикалық білімді қалыптастыру үшін ғылыми әлеуетті күшейту, инновациялық жобалар шеңберінде білім мен технология трансфертін жеделдету, ұлттық инновациялық жүйенің және оның негізгі институттарының тиімділігін арттыру қажет.
Ал Л.Бутенко 2014 жылы Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасында қол қойылған әріптестік туралы келісім аясында Қазақстанның экономикалық дамуын жеделдету бағытындағы күш-жігеріне қолдау көрестілетінін айтты. «Бұған қоса, аталған келісім шеңберіндегі жұмыстар Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға, әлемдік және өңірлік экономикада қалыптасқан жағдайларды зерделеуге көмектесетін болады», деді Л.Бутенко. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік банк тарапынан бөлінетін қаражат елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экономиканы әртараптандыруға бағытталатынына тоқталды. «Бұған қоса, Дүниежүзілік банк қолға алатын тағы бір бағыт – ол әлеуметтік секторды қолдау. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне инновацияны дамытуға және білім сапасын арттыруға, кәсіби білімді жетілдіруге, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жастардың экономикаға тартылуына қолдау танытатын боламыз. Шағын және орта бизнеске, экономиканың шикізаттық емес секторларына, қызмет көрсету салаларын жандандыруға көмек көрсету де Дүниежүзілік банктің назарында тұрады», деді Л. Бутенко.
М.Әбілқасымова 2014 жылдың мамыр айында Қазақстан Үкіметі мен Дүниежүзілік банк арасында Қазақстанның орнықты дамуына және өсуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты күшейту жөніндегі әріптестік туралы келісімге қол қойылғанын жеткізді. «Бұл келісім Мемлекет басшысының «Әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» тапсырмасын жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктің осы бағыттағы құрылымдық жобаларды іске асыруына ықпал ететін болады. Жалпы, қол қойылған келісімнің шеңберінде 2015-2017 жылдар аралығында Дүниежүзілік банктен бөлінетін займ мен техникалық көмек мөлшері шамамен 6 млрд. АҚШ долларына құрайтын болады», деді М.Әбілқасымова. Оның айтуынша, Президенттің «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына сәйкес, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 3 млрд. 746 млн. АҚШ долларын көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылмақ. Бұған қоса, шағын және орта бизнесті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша іске асырылатын жобалар да бар. Бұл жобалардың шеңберінде шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін Дүниежүзілік банк тарапынан 246 млн. АҚШ доллары көлемінде көмек көрсетілетін болады. Сондай-ақ, су ресурстары, қоршаған ортаны қорғау салалары бойынша арнайы жобалар әзірленіп, оған 363,15 млн. АҚШ доллары бөлінбек.
А.Сәрінжіпов өзі басқаратын ведомство мен Дүниежүзілік банк арасындағы бірқатар жобаларға тоқталып өтті. «Мәселен, бір жоба арқылы біз ғалымдарға, ғылыми ұйымдарға арнайы гранттар бөлеміз, ал ғалымдар сол гранттар негізінде нарыққа қажетті технологияларды шығарып, сол арқылы ел экономикасын дамытуға ықпал етеді. Тағы бір жоба кәсіби-техникалық білім беру жүйесін дамытуға бағытталмақ. Бұл жоба арқылы біз колледждерге гранттар береміз. Ал колледждер өздеріне бөлінген қаражатты арнайы бағдарламаларды жүзеге асыруға және өз зертханаларын заманауи технологиялармен жарақтандыруға бағыттайтын болады. Қазіргі таңда біз 60-тан астам колледжге қаржы бөлдік. Сондай-ақ, 2015 жылдан бастап басқа жобаларды қолға алмақпыз. Бірінші жоба білім беру жүйесін жандандыруға және білім беру саласын ақпараттандыруға, ал екінші жоба жастар саясатын дамытуға арналады. Бұл жобаларға бөлінетін гранттар көлемі 5 мың АҚШ долларынан бастап, 50 мың АҚШ долларына дейінгі қаражатты құрайды. Алдағы уақытта Парламент осы жобаларды ратификациялайтын болса, оны әрі қарай жүзеге асыратын боламыз», деді А.Сәрінжіпов.
Тараптар Дүниежүзілік банк пен Қазақстан арасындағы әріптестік туралы 2014 жылғы мамыр айында қол жеткізілген Деңгейлік келісімге сәйкес, сол жылы қыркүйек айында қабылданған Ынтымақтастық бағдарламасын іске асыруға байланысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Басқосу қорытындысында адам капиталын дамыту, ғылым мен инновацияны ынталандыру, еңбек нарығының талаптарына сай келетін еңбек дағдыларын қалыптастырып дамыту жөніндегі бірлескен жобалар бойынша ынтымақтастықты тереңдету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».