Сонау аласапыран жылдарда елімізге саяси ахуалмен қоныс аударған өзге этнос өкілдері аз емес. Оларға әрбір қазақ отбасы жылы алақанын тосты, қонақжайлығын танытып, мейірімін төкті. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, сол бізбен тамырласқан азаматтар қазір қай қиырда жүрсе де, жұртымызға ізгі ниетін білдіріп келеді.
Қазақстанда туып-өсіп, кейіннен атажұртына қоныс аударған немістер Германияда қазақ дәстүрін сақтап, ел мәдениетіне құрмет көрсетіп отыр. Геппинген қаласының оңтүстігінде «Қазан» мәдени бірлестігінің ашылуы – соның бір айғағы. Орталыққа барған әр адам қазақ мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныса алады. Іргелі бірлестікті құрушылар бұл арқылы өздерінің қазақ жұртымен ара қатынасын үзбей, керісінше жаңғыртып, келесі ұрпаққа аманаттайтынын айтады. Бірлестік 8 жылдан бері қарқынды еңбек етуде. Мәдени ошақтың негізін қалаған Ақмола облысының тумасы – Валерий Освальд. Орталықтың қабырғалары қазақ ұлттық әшекейімен бедерленсе, ауласында арнайы алма ағаштары отырғызылған.
– Бірлестігімізде 100-ге тарта адам жұмыс істеп үлгерді. Олардың барлығына жуығын Қазақстаннан келген тұрғындар құрайды, өзге мемлекеттен келгендер де бар. Орталыққа Қазақстаннан жиі қонақтар келіп тұрады. Киіз үй мен Абай мұрасын тамашалап, ет, қуырдақ, бауырсақ сынды өзіміз жиі әзірлейтін ұлттық тағамдарға тапсырыс беріп жатады. Бірлестікте Абай мұрасына арналған арнайы бұрыш бар. Мұнда ұлы ақынның өмірі һәм шығармашылығымен жақын танысуға болады. Сонымен қатар қонақтар қазақтың ұлттық костюмдері мен домбыра, қобыз сынды аспаптарын көре алады, – дейді орталықтың негізін қалаушы Валерий Освальд.
Бірлестікті құрушылар Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастың беріктігіне, екі ел достығына, қазақ халқы мәдениетінің шетелде танылуына ықпал ететіндеріне сенімді.
– Қазақстанда туып, мәдениетімен сусындадық, енді Германияда жүріп алыста қалған байтақ жерімізді жиі сағынамыз. Сондықтан да өзіміз секілді жандарға осы орталықты ашып отырмыз. Жергілікті неміс халқына да қазақ елінің қонақжайлығын, әдеп-ибасы мен мәдениетін орталық арқылы танытқымыз келеді, – дейді «Қазан» бірлестігінің мүшесі Сергей Люфт.