Қарасора – 2024” республикалық арнайы операциясы кезінде Жамбыл облысының полицейлері Шу ауданының Алға ауылынан 25 шақырым жерде жабайы қарасора өсірген Шу қаласының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Есірткімен күресуші сақшылар Ұлттық ұланның “Бүркіт” арнайы бөлінісімен бірлесіп, шалғай аудандарды жаяу патрульдеуге шығады. Осындай тексерулердің бірінде полицейлер Шу қаласының тұрғынынан 190 кг қарасора тәркіледі.
«Сараптама тәркіленген өсімдіктің қарасора екенін көрсетті. Оның жалпы салмағы 188 келіден асқан. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», деді ведомоствода.
Айта кетейік, «Қарасора – 2024» арнайы операциясы кезінде полицейлер барлығы 597 есірткі қылмысының жолын кесті. Заңсыз айналымнан 16 тоннадан астам есірткі тәркіленген, оның ішінде 13 тонна кептірілген марихуана, 3,6 тонна прекурсор, 83 кг синтетика, 48 кг гашиш, 20 мыңға жуық қарасора бұталары, 76 апиын көкнәр бұталары бар.