• RUB:
    5.27
  • USD:
    480.63
  • EUR:
    535.13
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:17

Тарих және шындық

18 рет
көрсетілді

Үнді қайраткері Жавахарлал Неру: «Отар елдің тарихын отарлаушы жазады» дегендей, кезінде біртуар ақын Ғафу Қайырбеков: «Осы басқаның пат­ша­ларының бәрі жақсы , қазақтың хандары неге жаман?», деп кеңестік қоғамға сұрақ қойғаны да белгілі. Ра­сын­да, отарланған елдің шынайы тарихы еш­қа­шан жазылмайды.

Кеңес заманында жазылған қазақ тарихы – марксистік идеология, отаршылық көз­­қарас тұрғысынан жазылған жарым­­жан тарих (Мұхтар Мағауин). Бірнеше буын ұрпақ ұзақ жыл осы жарымжан тарих­­пен сусындап келді. Этнограф Ақселеу ­Сей­дім­бектің тұжырымына сүйенсек, ­қазақ халқы ХVIII-ХХ ғасырлардың тарихына ­отарлаушының көзімен қарап, олар оқыған адамзат тарихының идеологиясы негізінен тоталитарлық жүйенің нұсқауы­мен үйретілді. Кеңес кезіндегі ұрпақ та сол таныммен тәрбиеленді. Отарлау саясатына қолшоқпар болғандарды шеті­нен «Орта Азияны жабайылықтан құтқару­шы­лар» деп оқытты. Осыдан кейін ұрпағы бабаларын өздері тілдеуге, аталарын өз­дері қорлауға мәжбүр болды. Ең сұмдығы, мұндай сорақылық тек қана тарих пәнінің еншісі болып қойған жоқ, сонымен бірге көркем әдебиет, кино, театр, бейнелеу өнері сияқты рухани өрістің баршасына улы тамырын жая орнықты.

«Расында біздің өткен тарихымызды тану жолындағы қасіретіміз – ақтаңдықтар емес, өтірік қолдан жасаған бояма боз­таң­дақ­тар» деп жазады Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихы­ның әліппесі» атты еңбегінде.

Осы орайда, өткен жылдар бедеріне үңіл­сек, қазақ тарихына қатысты алғаш­қы кітап 1943 жылы «Қазақ КСР тарихы» деген ат­пен жарық көріпті. Бірақ Екін­ші дүниежүзі­лік соғыстан кейін бұл кітап толық тона­ла­ды. Ішіндегі Кенесары хан­ға қатысты бөлім­дер алынып тасталады. Осылай цензура­лық сүзгіден екшеліп, 1949 жылы қайта басыл­ды. Одан кейін ­1979 жылы бес томдық «Қазақ КСР тарихы» жарық көрді.

Жоғарыдағы бес томдықты жазуға атса­лысқан жазушы-тарихшы Мұхтар Мағауин: «Бұл кітап қазақтың өткенін тануға емес, қайта ұмыттыруға қызмет ете­тін туын­ды болды, өз басым ІІ, ІІІ томдарға тиесілі ­Қазақ хандығы дәуіріндегі сөз өнері мен фольк­лор туралы тарауын жазып едім, алайда екшеуден кейін оң бітік теріске бұрылыпты, кітап басылып шыққанда жазған дүниемді өзім танымай қалдым, түбегейлі өзгертіп жіберген», дейді.

Жоғарыдағыдай идеологиялық үстем­діктің салдарынан тіпті зиялы маман тарихшылар арасында өз халқының тарихынан жеріну үрдісі қалыптасты...

Қазір еліміздің білім саласында оқы­тылып жатқан тарихи оқулықтар бұрын­ғы идеологиялық ауытқушылыққа бой ұр­ған үрдістен әлі толық арыла алмай отыр. ­Дәл осы мәселе хақында үлкен ойшыл-­философ Амангелді Айталы: «Бұрын­ғы жал­­ған тарихтың орнына енді жалтақ ­тарих оқы­тылып жатқандай. Оның сыртында қазір­­­гі тарихтану мәселесінде – қазақ ұлтын ­асыра мақтап, тарихын бірыңғай батыр­­лық, ерлік үлгісі ретінде баяндау етек ал­ды. Бұл үрдіс – ұрпақты жалған тоғы­шар­лық­қа тәр­биелейтін келеңсіз құбы­лыс» деген еді.

Осы орайда, қазақтың жаужүрек ­пер­зен­ті Бауыржан Момышұлының: «Рен­житі­нім – ұлтымның шын тарихы ұмыты­лып ба­рады. Кешегі Санжар Асфендия­ров, Мұ­ха­меджан Тынышбаев ағаларым – бірі дәрі­гер, бірі теміржол ин­женері болса да, тарихымызды жазуға шама-шарқынша үлес қосты. Ол кісі­лер жат пиғылдылардың аяқ-қолымызға ғана емес, ой-санамызға, арман-қиялы­мыз­ға кісен, бұғау салғанын сезді, тү­сінді. Ермұхан Бекмахановтың ерлікке, ел­дік­ке толы талпынысы да тарихшылар­ды тас қайрақтай қайраса керек еді. Өкініш­тісі, олар жасқаншақ, жалтақ. Ең бастысы, біздің бүгінгі тарихшыларымызға рухани сезімталдық жетіспейді», деп өкініш біл­діруі қазіргі таңда да өте бір өзекті мәселеге айналып отыр.