• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Маман 20 Қыркүйек, 2024

Мәртебелі мамандық

82 рет
көрсетілді

Деректерге жүгінсек, еліміздегі 11 мыңға жуық кітапханада 25 мың­нан астам кітапханашы қызмет етеді екен. Осыншама қызметкер­лер­дің ішінде ер кітапханашылардың қарасы – 5-6 пайыз ғана. Оның себебі ел арасындағы кітапханашы – әйел адамның жұмысы ретінде қалыптасып қалған түсінік пен еңбекақының аздығымен байла­ныс­тырылады.

Бұл мәселеде ең бірінші орында ұлтқа, ұрпаққа қыз­мет тұруға тиіс деп есеп­тейді Түлкібас аудандық орталық кітапханалар жүйесінің әдіскері, ­жас кітапханашы Нұрбол Нышан­бай. «Шамалы айлыққа қарап отыру­дың орнына құрылыста болса да қара жұмыс істеп, отбасын асырауды жөн көретін азаматтар жетерлік. Кітапханашыны – ағартушы дейтін болсақ, ең бірінші орында ұлтқа, ұрпаққа қызмет тұруға тиіс. Алайда қазіргі қоғам, қазіргі заман оған мүмкіндік берер емес. Дегенмен, Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітапхана мен кітапханашы туралы бірқатар мә­селені көтеріп, мәртебесін арттыру, айлық жалақысын көбейту туралы айт­қан еді. Бұл әрине біз үшін, руханият жанашырлары үшін қуанышты жайт. Енді бұл мамандыққа қатысты қа­саң түсініктің өзгерері анық. Ел арасында кітапханашы деп тек кітапты үйге жазып беріп отыратын орта жастан асқан апайларды елестетеді. Негізі олай емес екені баршамызға аян. Кітапханашыны оқу-ағарту жолындағы хабаршы деп санаймын. Ұрпақ сабақтастығы мен ұлт тәрбиесінде кітапханашылардың еңбегі ерен», дейді Н.Нышанбай. Кітапханада әдіскер қызметін атқа­рып жүрген ол жоғары оқу орнын журналистика мамандығы бо­йын­­ша бітірген. Түлкібас аудандық ор­та­­лықтандырылған кітапханалар жү­йесінде бес ер адам қызмет ете­ді. Олардың арасында «Рухани қа­зына-2024» республикалық фести­валі аясында «Үздік ауылдық кітапхана­ның үздік қызметкері» аталымы бо­йынша ақтық сынға жолдама алған Мейірхан Топанбай да бар. Дәл осы фестивальда 2022 жылы Түлкібас ауданы, Шақпақ баба ауылдық кітапханасының меңгерушісі Рыс­бек Игенбаев жүлделі сыйлыққа ие болған екен. «Түркі ойшылдары­ның атасы саналатын, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің Х ғасырда өзінің жеке кітапханасы болған. Математика, астрономия, физика, музыка салалары бойынша өзі жазған еңбектері мен түрлі тақырыптағы құнды жазбаларды сақтаған. Оларды сақтап қана қоймай, шәкірт тәрбиелеп, насихаттаған. Демек қазақ даласындағы тұңғыш ер кітапханашы деп Әл-Фарабиді айтуымызға толық негіз бар. Ал Отырардағы кітапхана дүркіреп тұрған кезде, қала маңындағы шағын ауыл-аймақтардың өзінен түрлі ғұламалар шықты. Біздегі кітапхана саласына сол дәуірдегі ойшылдар секілді құрметпен, шынайы пейілмен зер салсақ ер-азаматтар тартылады. Бүгінде кез келген ауылдық, аудандық, тіпті облыстық кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нығайған, кітап қоры жеткілікті, оқырман үшін қолайлы жағдай жасалған, айлық мәселесі ор­нық­ты болса, ер-азаматтарымыз кітапха­на­шы болуға асығар еді. Себебі ХХІ ғасырда әл-Фараби кезеңіндегідей кітапханашы алдыңғы орынға шы­ғып, қоғамда өз орнын тауып отыр», деді Нұрбол Нышанбай облыс кітапха­нашыларының басқосуында.

Осы арада айта кетелік, кітапха­нашы ер-азаматтардың кәсіби құ­зы­реттілігі мен шеберлігін және беделін арттыру мақсатында облыс бойынша «Кітапханашы азамат» байқауы ұйымдастырылған болатын. Байқаудың нәтижесінде бас жүлдені Түлкібас аудандық орталық кітапханалар жүйесінің қызметкері Нұрбол Нышанбай иеленсе, бірінші орынды Отырар ауданынан Жасұлан Таменов, ал жетісайлық Қуаныш Бахтиерұлы ІІ орын, Созақ ауданы, Жартытөбе ауылдық кітапханасының қызметкері Ғазиз Смағұлов жүлделі ІІІ орынды иеленді. Яғни адал еңбегі­мен ауылдастарының сый-құрметі­не бөленіп жүрген кітапханашы ер-азаматтар барлық ауданда бар. Со­лардың бірі – Сарыағаш ауданы Құркелес ауылының тумасы Өміржан Қарабасов. Жетісай гуманитарлық колледжін кітапхана ісі мамандығы бойынша бітірген ол алғашқыда кәсіпкерлікпен айналысып, сауда жасап та көрген. Дегенмен 2012 жылы әу баста өзі таңдаған мамандығы бойынша Құркелес ауылдық кітапханасына жұмысқа орналасады. «Мамандық таңдауға анам себепкер болды. Мектепте оқып жүргенімде анам кітапханада жұмыс істеді. Еңбек сабағы кезінде сол кісінің жанынан табылатынмын. Сабақтан қайтқанда да анама кіріп шығу әдетім еді. Оған онша-мұнша жұмыстарға қолғабыс етіп, кітаптарды реттеуге көмектесіп жүрдім. Сол кезде оның кітапқа деген ерекше ықыласы, жанашырлығы, оқырмандарға деген сүйіспеншілігіне қызығып қарадым. Сөйтіп жүріп өзім де осы мамандықтың иесі болып шыға келдім», дейді Өміржан. Иә, Өміржанның анасы Гүлсара Көбенова өзінің саналы ғұмырын осы салаға арнаған жан. Еңбек жолын 1973 жылы Құркелес ауылында кітапханашы болып бастаған Гүлсара Қасымбек­қызы қырық жылын кітапхананың өсіп-өркендеуіне арнаған. Өткен ғасырдың тоқырау жылдарында ауылдық кітапхананың жабылып қалған кезі де болды. Сол кезде ол үйдегі бар кітаптарын жинақтап, жеке кітапхана ашады. Біраз жылдар бұл кітапхана елге қызмет етті. Кейін ауылдық кітапхана қайта жұ­мысын жалғастырғанда қуана қыз­метіне кіріскен. Бүгінде Гүлсара Қасымбекқызы бейнетінің зейнетін көріп отырса да соңғы жаңалықтарға құлағы қашанда түрік жүреді және кітапхана ісінің жанданып жатқаны­на дән риза. «Кезінде кітапханашы­лар беделді, сұраныстағы мамандар­дың қатарында болды. Ел ішінде біздерді сыйлайтын. Алайда кейінгі жыл­дары кітапхана, кітапханашылар елеу­сіз­деу қала бастағандай болып еді. Енді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кітапхана ісі қайта жанданып, бойына қан жүгірді. Мекемелер жаңарып, кітаптар толыға түсті. Сандық технология бойынша халыққа қызмет көрсететін заманауи кітапханалар көбейді. Қазір оқырмандарға қажетті кітаптың барлығы дерлік ауылдық кітапханадан да табылады. Жастар үшін білім алуға, біліктілігін дамытуға мүмкіндік көп. Кітапханашылардың да жалақысы өскенін естіп жатырмыз. Жаңашылдықтың нәтижесінде қазір кітапханашыларға да сұраныс көбейіп, бұл мамандықтың беделі де арта түсті. Осындай оң өзгерістер әрине, қуантады», дейді Гүлсара Қасымбекқызы. Ал анасының жолын қуып, ісін жалғастырған Өміржан Қарабасов кітапханашы мамандығының өміршең болуы оның арқалаған жүгінде, миссиясында деп есептейді. «Шын мәнісінде біздің міндетімізге кітап реттеу ғана емес, одан әлдеқайда маңыздырақ істер кіреді. Біз әмбебаппыз. Бірінші кезекте оқырмандарға жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсету, жаңа кітаптарды елге таныстыру, сондай-ақ балаларды, жастарды отансүйгіштікке, адалдыққа, білімге тәрбиелеу біздің парызымыз. Тұрғындарды сауаттылыққа, адамгершілікке, мәдениеттілікке тәрбиелеуге атсалысамыз. Өңі­рі­міздегі ақындармен, өнер және еңбек адамдарымен жастардың кездесу кештерін ұйымдастырып, өмірден өткен халқымыздың айтулы ақын-жазушыларының шығармаларын ұрпақ санасына сіңіруге тырысып келеміз. Кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білген жан ғана осы рухани ордада қызмет атқара алады. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың әдеби шығармаларға деген қызығушылығын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмек көрсету, оқуға деген ынта-ықыласын көтеру кітапханашының басты міндеті», дейді Өміржан Қарабасов.

Қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 35 кітапхана халыққа қызмет көрсетіп келеді. Олардың барлы­ғы компьютермен жабдықталып, 70%-ы интернет жүйесіне қосыл­ған. Кітапханалар жүйесі бірнеше маңызды тақырыптағы жобалармен жұмыс істеп, нәтижесінде кітап оқуға құштарлығы артқан оқырмандар­дың саны артып отыр. Мысалы, интел­лектуалды бәсекеге қабілетті оқыр­ман тәрбиелеу мақсатында «READx» оқырмандар клубы ашылған. Сары­ағаш аудандық кітапханалар жүйе­сінің әдіскері Өмірзақова Гүл­зарифа «Кітапха­нашы – кітап оқы» атты тоқсан күндік марафонға қаты­су­шы­лар арасында пікір алмасулар, әдеби талдаулар сын­ды іс-шаралар ұйым­дастырылып, оқыр­манға наси­хатталғанын айтады.

Айта кетелік, тамызда «Заманауи мүмкіндіктер мен дәс­түрлі әдіс» тақы­­рыбында өткен кітапхана­шылар­дың ІІІ облыстық слетінде өңірдегі ­400-ге жуық кітапхана оқырманда­ры­ның сұранысын қанағаттан­ды­ру бағытындағы тиімді әдістер, бұл саладағы шетелдік тәжірибе, жаңа ­технологиялар талқыланып, жұ­мыс­ты оңтайландыру мүмкіндіктері қа­рас­тырылған болатын.

 

Түркістан облысы