Астана қаласы әкімдігінің Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры VIІ театр маусымының шымылдығын Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» драмасымен ашты. Спектакльдің қоюшы режиссері – Ұланмырза Қарыпбаев.
Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналып қойылған спектакльдің көрерменіне айтары мол. Біртуар режиссердің қайталанбас суреткерлік қолтаңбасы арқылы ең алғаш қазақ көрерменіне жеткен айтулы туынды жаңа ғасырмен бірге жастардың жаңашыл қөзқарасы негізінде театрсүйер қауыммен қайта қауышып отыр.
Әр туындысы әлемге әйгілі болған Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы – тағдырдың тарамыс жолдарын суреттеген ғасырлық туынды. Бір бойына Боранды бекет, Сарыөзек, Ел іші, Жер планетасы сынды бірнеше ауқымды кеңістікті сыйдырып тұрған шығарманың көрерменін толғантатын тұсы көп. Осы кеңістіктердің тоғысында жазушы қаламынан бас кейіпкер Боранды Едігенің кескіні қалыптасқан. «Боранды бекет» қойылымында Қазанғаптың ақтық аманаты орындала ма? Ғасырға татыған бір күндік жауапты сапардың нәтижесі қандай болмақ?
Міне, осы сауалдарға жауап іздеген қойылым көрерменін де бейжай қалдырмайды. Сахна көрген күнінен бастап-ақ талай театр фестивалінде топ жарып, қанжыға майлаған спектакльдің суреткерлік тұрғыда сарапталуы көңілге құрмет орнықтырды. Жазушы Шыңғыс Айтматовтың классикалық туындысын бүгінгі күнмен сәтті байланыстырып, өзектілігі өткірілене түскен қоғам түйткілдерін театр тілінде шебер жеткізе білген режиссер Ұланмырза Қарыпбаев пен театр әртістерінің ізденісі көрерменнің қойылымды лайықты деңгейде қабылдап, қорытуына тамаша мүмкіндік сыйлады.
Әзірбайжан Мәмбетов атындағы театрдың көрнекті режиссер мұратына, Мәмбетов мектебіне адал болып, тұлға есімін жаңғырту жолында жасаған табысты жұмысына тек қана қошемет білдіреміз.