• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 20 Қыркүйек, 2024

Аңшы сабағы

123 рет
көрсетілді

Жалпы, мұғалімнің көбі балаға табиғат, жан-жануарлар туралы айтқанды дұрыс көреді. Мұның да бір мәнісі бар екенін кейін аңғардық. Біріншісі – тұспалдау. Яғни қалпыптасқан бейне арқылы (түлкі – қу, аю – жыртқыш, қоян – қорқақ т.б.) тәрбие беру. Екіншісі – табиғат, жан-жануар әлеміне бойлату. Мысалы, біз өскен өңірде жылан туралы аңыз көп айтылатын. Бір қызығы, көбі қорқынышты еді. Естияр шағымызда білдік қой, соның басым бөлігі үлкендердің көрші жұрт түсінігінен (кітап, фильм) алған «олжасы» екен. Мысалы, дәстүрлі қазақ ұғымында сол жылан – «шағып алатын жәндік» емес, байлық пен ақылдың серті екен. «Ер Төстік» ертегісі есіңізде шығар.

Бірде мектеп сенбілігінде физика пәні мұғалімі Бекораз ағай жолбарыс туралы қызық әңгіме бастады. Қапелімде бірінші сұрағы: «Балалар, Қазақстанда жолбарыс бар ма?» еді. Бәріміз шу етіп: «Бұрын болған, қазір жоқ» деп жауап бердік.

«Иә, Балқаш, Шу, Сырдария, т.б. өзендер бойындағы ну қамыс ішінде Тұран ойпаты жолбарысы жорытқан. Қазақ жерінде осы аңның соңғы жұрнағы 1933 жылы Іле өзені бойынан ауланып, тұлыбы Алматының Био­логия музейіне қойылған деген де дерек бар. Патшалық Ресей әскерилері ХІХ ғасырдың 60-жыл­дарынан бастап Түркістан өлкесінің жолбарысын түгелдей қыруды жоспарлады. Өйткені дария жағасындағы шыпырлаған қабан шошқаны еркін азық етуді ойлады...» дейтін Бекораз ұста­зымыз. «Вокруг света», «Білім және еңбек» журналдарынан оқыған басқа да қызық деректі қосып айтқаны жадымызда.

Әңгімесінің бір қайырымында «Балалар, жолбарыс аңшысының сабағы туралы бір аңыз айтып берейін» деп қалды. Бұл сөзі бізді үздіктіре түседі.

«Сірә, бұл – Сыр бойының әңгімесі. Мұны Шымкент маңайының бір қариясынан естігенмін. Сырдария өңірінде Ескен деген аңшы өтіпті. Жалаң қолымен жолбарыс ұстағанның сойынан екен. Мына Арыс өзені бастауын Ақсу-Жабағылыдан алып, Сырға құяды. Мұның да бойы ну қамыс екен. Сол өзенге таяу жалғыз баласы бар бір кем­пір тұрыпты. Жолбарыс қалың қамысты еркін жайлаған кез. Ол күйеуін жолбарыс жарып жат­қанда жыртқышты қақ басынан балтамен ұрып өлтірген әйел ұқсайды. Содан Алланың жазуы­мен ері мерт боп, өзі жесір қа­лады. Кекшілдеу де болса ке­рек, жалғыз баласын жолбарысты жаудай жусатқан Ескен аңшыға шәкірттікке жіберіпті. Ол кезде аңшының амал-тәсілін үйрену бүгінгі оқу-тоқудан кем емес. Анасының батасын алған бала Ескеннің жанында тура бес жыл жүріпті. Рас, жылына бір мәрте келіп, тапқан-таянғанын анасына беріп, перзенттік парызын өтейді екен. Бірақ әр келгенде «Аңшы Ескең әлі жалаң қолмен жолбарыс ұстауға рұқсат етпеді. Осы кәсіпті меңгергенде ауылға қайтамын» дейтін көрінеді. Сөйтіп, бесінші жыл дегенде елге оралады. Бітімі еңселі, қал­пы қарулы. Оң қолының иық тұсында, сол қолының білегінде терең тыртық. Сол жолы жолбарыспен бетпе-бет келіп, жарып өлтіріпті. Терісін болысқа тапсырып, тарту-таралғы да алыпты... Енді аңшы жігіт өз ауылында бұрын қамыс ішінде жорытқан жолбарыстан әке кегін алды ма? Жоқ! Бұл шақта Шымкент уезін­дегі патша әскері жолбарыс атаулыны шөнжігіне дейін тып-типыл қылған екен. Енді не істемекке керек? Бес жылғы шеберлік жолындағы бел-белесін қайда қояды? Бейшара жігіт қалған өмірін бай-бағланның барымта-қарымтасында өткізіп, жұртқа Ескен аңшы мен оның қасында өткізген күндерін әңгі­мелеп қана отырады екен...».

Аңызға айызымыз қанбай қалған біз: «Қап, ә!..» дейміз дуыл­дап. Сонда Бекораз ағай бүй дейді: «Бәрі орнымен, уақытына сай болуы керек. Әлгі кемпірдің баласы жолбарысы көп Африка мен Үндістанға бармайтыны бел­гілі ғой. «Заманына қарай адамы, адамына қарай амалы» деген сөз сондайға байланысты айтылған».

Бүгінде көштен қалған, ха­лыққа қажеті жоқ шаралар нау­қанға айналып жатса немесе «есеп үшін есеп» түзілсе, осы жолбарыс аңшысының әпсанасын еске аламын. Мәселен, әне бір жылы пияз бен сарымсақ қат болды да, келесі жылы күллі шаруа соны егіп, сау­дасы жүрмей қалды. Айталық, қазір бізге керегі – тері мен жүнді далаға шашпай өңдеп, әжетке жарату болса, тиісті орындар бұған бас қатырып жатқан жоқ. Расында, елімізді жүз айналдыра былғарымен қаптайтын шикізат тұр, бірақ біз жаман дермантинді қанағат етеміз. Білімге келсек, қайбір жылы «ағылшын тілін мең­гертеміз» деп, мемлекет қар­жысына жаппай курстар ұйымдастырылды. Қазір соның нәтижесін ешкім де білмейді.

 

Айтуған ДОСБИ