• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Оқиға 23 Қыркүйек, 2024

Нархоз университетінде әлеуметтік бағытта «Заң клиникасы» ашылды

131 рет
көрсетілді

Құқық және мемлекеттік басқару мектебі базасында Заң клиникасының кеңсесі ашылды. Ашылу салтанатына сот және заң практикасы, адвокаттық және нотариаттық қызмет пен БАҚ-тың жетекші өкілдері, студенттер, магистранттар, PhD-докторанттар мен университет қызметкерлері қатысты.

Заң клиникасы – елімізде кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар заң және құқықтық тәртіпті нығайтуда әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінетін заңгерлердің жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталған әлеуметтік жоба.

Іс-шараның ашылуында университет президенті Қанат Қожахмет: «Заң клиникасы студенттерді теориялық біліммен қатар дуалды білім беру форматындағы практикалық дағдыны дамытады».

Ұлы Абай айтып кеткен «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» тәмсілді еске алған университет басшысы «Бір топ адам бірін-бірімен қол ұстасып, қараңғы түнекте білім іздеп сапарға шығады. Ұстазы қараңғыда аяқ астынан тас кезіксе, көтеріп ала жүріңдер керек болады дейді. Түнектен  жарыққа шығар алдында есік тарс жабылып, сонда ұстазы, кім тас арқалап келе жатыр? Керек болады, жарыққа шығатын жол осы арқалаған тастарыңыз депті. Тас көтергендер жарыққа шығып қараса, аяқ аястынан теріп алғандары жауһар тас болып шығады. Сондықтан білім іздеген жастар әрдайым өзінің жауһар тастарын адаспай тапсын», деп сөзін қорытындылады.

Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің заң клиникасында студенттер білікті ұстаздардың жетекшілігімен нақты істерге қатысып, құжаттар әзірлеп, клиенттің мүдделерін қорғап, заң көмегін көрсетіп, теориялық білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алады. Университет профессоры Гүлмира Сұлтанбаева атап өткендей, аталмыш практика білім алушылардың материалды жақсы меңгеруіне, кәсіби дамуына ықпал етеді. Клиника студенттердің құқықтық мәселелерді шешу, сыни ойлау және топтық жұмыс орындау, сондай-ақ коммуникация, талдау, дәлелдеу және шешім қабылдау дағдыларын дамытуға арналған алаң ретінде қызмет етеді. Заң клиникасы студенттерге, ата-аналарға, Алматы тұрғындарына қолданыстағы Қазақстан заңнамасы, құқықтық нормаларын қолданудың өзекті мәселелері бойынша ақысыз кеңестер  ұсынады. Тегін заң көмегін көрсету студенттердің қоғамдық проблемаларға  қатысуына жол ашып, кәсіби дамуына негіз болмақ.

Іс-шара барысында «Нархоз университеті» КЕАҚ мен Комплаенс және іскерлік этика қауымдастығы, республикалық адвокаттар алқасы, Алматы адвокаттар алқасы, Алматы облыстық адвокаттар алқасы, «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ашылу аясында іс-шараға қатысушылар мен қонақтар үшін кампус-тур өтті.

Заң клиникасы Алматы қаласы, Жандосов көшесі, 55, 1 қабат, бас кампус кіреберістің сол жағында орналасқан.