Табиғат пен өнер – егіз. Кез келген өнердің басы тұмса даланың әсемдігінен, таңғажайып табиғатынан бастау алады. Ал жұрт байқай бермейтін әрбір сәулелі сәтті фотоға түсіру өзгеше қабілетті қажет ететіні де даусыз.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жуырда Ақмола облысы Зеренді кентінде орналасқан «Тұмар» оқу-сауықтыру кешенінде «Zerendi Photo Fest II» атты фототілшілер фестивалін өткізді.
Дәстүрлі іс-шара Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың бастамасымен, осы оқу ордасы баспасөз қызметінің, сондай-ақ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің ұйымдастыруымен өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін фототілшілер, сондай-ақ ЕҰУ-да журналистика мамандығы бойынша оқып жүрген студенттер қатысты.
Байқау барысында елордалық және халықаралық БАҚ, мемлекеттік органдардың фототілшілері екі күн бойы студенттерге түрлі жанрда суретке түсіру техникасын үйретіп, шеберлікті шыңдау дәрістерін өткізді. Олардың ішінде Премьер-министрдің фототілшісі Бауыржан Жуасбаев, «Egemen Qazaqstan» газетінің фототілшісі Ерлан Омар, «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтан Сейіт, өзге де фотоөнер хас шеберлерінің іс-тәжірибесі студенттерге тәлімі мол тағылымдама болды.
Фотошеберлердің әрқайсысы жанына бірнеше студентті ертіп жүріп, қилы жанрда фотоға түсірудің әдіс-тәсілдерін үйретті. Нәтижесінде, жеке фототілшінің ғана емес, оның тұтас командасының түсірген суреттері бағаланды. Солайша, қатысушылар «Үздік фототілші», «Үздік композиция», «Үздік фотопортрет», «Үздік фоторепортаж», «Үздік фотопейзаж», «Үздік ракурс» аталымдарымен марапатталды. Іс-шарада студенттердің шеберлігін арттырып қана қоймай, оларды қанаттандырып, ынта-жігерін арттыруға да жол ашылды.
Университеттің Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Қайрат Сақ қатысушыларды арнайы дипломмен марапаттап, сый-сияпат жасады. Сонымен бірге еліміздің ақпарат саласында ұзақ жыл еңбек етіп, ерекше із қалдырған фотоөнер саңлағы Советбек Мағзұмов фотофестивальға арнайы қонақ ретінде шақырылды. Зейнетке шықса да, сүйікті кәсібінен қол үзе қоймаған ардагер:
– Осы фестивальға шақырғандарыңыз үшін университет ұжымына, әріптестеріме алғысымды білдіремін. Біз жастарға білгенімізді үйретуге қашан да дайынбыз,– деп ағынан жарылды.
Байқаудың бас жүлдесін Советбек Мағзұмов жетекшілік еткен Алтынай Әбдіш, Ділназ Қуанышбекова, Гүлшекер Сүлейменова сынды студенттерден жасақталған топ жеңіп алды. Таң алагеуімде жетекшілерімен бірге Зеренді өлкесінде арқан бойы көтерілген қызылшақа күннің арайлы сәтін фотомен өрнектеген топтың еңбегін қазылар алқасы жоғары бағалады.
«Zerendi Photo Fest» фестивалі алдағы уақытта да жалғасын табады.