Қыркүйек айынан азаматтарды мерзімді әскерге шақырудың күзгі науқаны басталды. Жыл соңына дейін жалғасатын науқан аясында облыс бойынша 800-ден аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.
Осы уақытқа дейін өңірдегі 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарға шақырту қағазы жолданыпты. Қазір жастар шақыру қағазында көрсетілген мекенжайға келіп, медициналық тексеріс пен кәсіби-психологиялық іріктеуден өтіп жатыр. Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұловтың айтуынша, күзгі шақырылымда ҰҚК Шекара қызметіне – 170, Ұлттық ұланға – 280, мемлекеттік күзет қызметіне – 10, ал Қарулы күштер қатарына 420 азамат жіберіледі.
Облыстық жиын пунктіне барғанымызда, он шақты жігіт медициналық тексерістен өтіп жатқанын көрдік. Жалпы, шақыру жіберілгендердің 70-80 пайызы келетін көрінеді. Олардың дені жиын пунктіндегі медициналық сараптама, тест сынамасы мен полиграфиялық тексерістен кейін әскерге аттанады. Осы жылы көктемгі әскерге шақыру жоспары 103 пайызға орындалыпты.
Бүгінде жұрт арасында жауаптылар шақырылғандардың денсаулығын шала-шарпы тексеріп, әскер қатарына қосуға асығады деген түсінік қалыптасқан. Дегенмен қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары мұны жоққа шығарып отыр.
«Шақырушылар арасында Қызылорда қаласынан әскерге баруға ынталы жастар көбейіп отырғаны қуантады. Аудандардан да келіп жатқандар қатары аз емес. Көктемгі науқанды жаман аяқтаған жоқпыз. Күзде де сол деңгейден көрінеміз деген үміт бар. Шақырылғандар медициналық, психологиялық іріктеусіз, полиграфиялық тексерусіз әскер қатарына алынбайды. Осының ішінде полиграфиялық тексеру арқылы азаматтың жан баласына айта алмай жүрген сыры, психологиялық жай-күйі анықталып жатады. Отан қорғаушылар сапына қосқан сарбаздар саулығы үшін жауапкершілік жоғары. Сондықтан олар жан-жақты тексеріледі», дейді Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Жасұлан Шаңқұлов.
Қармақшылық Нұрлан Дамиров – жақында ғана Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітірген жас. Отбасындағы жалғыз баланың әскерге барамын деген талабына үйіндегілер де қарсы бола қоймапты. «Әскер – жігітті шыңдайтын мектеп. Ал оның талабына төзіп, Отанды қорғауға үлес қосу – әр азаматтың парызы», дейді ол.
Болашақ сарбаздар үшін кәсіби психологиялық іріктеу жұмысының да маңызы зор. Екімыңыншы жылдар басында құрылған бұл жүйеге сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырушылар, келісімшартпен қызмет өтейтіндер, әскери оқу орнына түсетін азаматтар «Ақсұңқар» психодиагностикалық кешені бойынша Қорғаныс министрлігі бекіткен тест сұрақтарына жауап береді.
«Бұл жастардың физикалық әзірлігінен бөлек, моральдық және психикалық дайындығын да зерделеуге үлкен мүмкіндік береді. Әрқайсысынан анкета алынып, сол арқылы олардың отбасылық жағдайын, әке-шешесімен қарым-қатынасын, әскерге қызығушылығын анықтаймыз. Осы күні шекара қызметі әскери бөлімімен жұмыс істеп жатырмыз. Олардан да психолог, полиграфолог мамандар келді. Көп ұзамай тексеріс қорытындысымен жастарды категория бойынша командаға дайындаймыз. Тесттен өтпей қалатындар да табылады. Олардың қатарында әскерге барғысы келмейтіндер көп. Сонымен қатар сұраққа жауап беруге білім деңгейі жетпейтіндер де болады. Ондай балаларға көмек көрсетеміз. Ал шақырылушының ауруы анықталған жағдайда медициналық комиссия төрағасы арқылы дәрігер психиатрға жолдамамен жібереміз», дейді Қызылорда облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің психологиялық қызмет бастығы, майор Нелля Ысқақова.
Қызылорда