• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 26 Қыркүйек, 2024

Төккен тердің өтеуі

106 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары аймақтағы күріш өндірісімен айналысатын ірі шаруашы­лық­тар агротехникалық талаптарды сақтауға ден қойған. Ел ырысын ысырап етпей жинап алу қамымен жүрген диқандардың биылғы табысы көп жылдардан бері қол жетпеген көрсеткіш болып отыр.

Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 3 500 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіпті. Шаруалар 1 300 гектарға егілген кү­ріш­тің әр гектарынан қазір орташа есеппен 89 центнерден өнім алып отыр.

Осы аудандағы озат шаруашы­лықтың бірі «Таң ЛТД» ЖШС осы жылы 3 000 гектар жерге егін еккен. Серіктестік диқандары мың жарым гектарлық алқаптағы күріштің әр гектарынан 85 центнерден өнім алып, көп жылдан бері қол жетпеген табысқа кенелді.

Алқапқа себілген күріш дәнінің басым бөлігі шетелдік «Каурис», «Лидер» және «Альянс» сорттары. Жаңалықты жатсынбайтын ша­руа­шылық 80 гектарға қант құ­майын, 800 гектарға жоңышқа, 150 гектарға түйежоңышқа егіпті. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, осы жылы 189 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Осының 85,6 мың гектары – күріштік алқаптар.

Су тапшы болғанмен де мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде осы жылы диқандар аса қинала қойған жоқ. Егінін күтіп-баптаған еңбекші қауым егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруа­шылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайт­қышпен толық қамтамасыз етілді.

Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма­сының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуын­ша, бүгінде егілген 85,6 мың гектар кү­ріштің 27,7 мың гектары орылып, 19,2 мың гектары бастырылды. Облыс бойын­ша егілген әр гектардан орташа есеп­пен 49,6 центнерден өнім алынып отыр.

Су тапшылығына байланысты «Таң ЛТД» ЖШС қытайлық компаниямен бірлесіп тамшылатып суару әдісімен жүгері егуге кірісті. Биыл осындай әдіспен 800 гектарға жүгері еккен диқандар жобаның болашағынан үмітті. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы қолға алған 6 гектарлық алма бағы да тамшылатып суарылып отыр.

 

Қызылорда облысы,

Жалағаш ауданы