ПЕТРОПАВЛ. 15 маусым. ҚР Ұлттық ұлан Петропавл әскери институты қабырғасынан түлектер биыл 15-ші мәрте қанат қағып, офицер атанды. Олардың қатарында Қырғызстан және Тәжікстан өкілдері де бар. Бұл туралы институттың баспасөз қызметі хабарлады.
Еліміздегі еңселі жоғары оқу орны 1997 жылы құрылып, 2009 жылы «әскери институт» мәртебесі берілді. Былтырдан бері Ұлттық ұлан қарамағында қызмет етіп келеді. Осы жылдар бедерінде 2730 жоғары білімді әскери маман күштік құрылымдарға жолдама алса, олардың 239-ы үздік тәмамдады. 41-нің есімі әскери институттың Құрмет тақтасына жазылды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, Қырғыз Республикасы Ұлттық гвардиясы қолбасшысының орынбасары Исламбек Кенжекулов, Тәжік Республикасы ІІМ-нің басқарма басшысы Невруз Тураев, ардагерлер, жастар, курсанттардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.
ҚР Ұлттық ұлан қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов оқу орнының басшысы Жұмабек Ахметовке Әскери Туды табыс етті.
Дипломдар тапсыру рәсімінен кейін жұртшылық концерттік және әскери ойындар бағдарламаларын тамашалады.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Петропавл әскери инситуты.