• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Пікір 06 Қараша, 2023

Парадокс

1227 рет
көрсетілді

Қоғам ауысқан сайын құндылықтар да өзгеретіні мәлім. Әр замандағы жаңа­лықтар мен игіліктер де адамға әр­түрлі әсер етеді. Қазіргі уақытта өмір сүру жеңіл дейміз. Жаһанданған әлем. Бей­бітшілік заман. Смартфонды қоғам. Қолжетімді ақпарат. Көптеген мүм­кіндік. Айға ұшамын десеңіз де – қалауыңыз. Бұрынғыдай хат танымайтын қараңғы қазақ жоқтың қасы. Сөйте тұра бүгінде, салыстырмалы түрде ал­сақ, газет-журнал, кітап оқитын адам аз. Театрға баратын көрермен көп емес. За­манның қиын кезінде әр үйге газет ке­ле­тін, жастар кітап оқып жарысатын де­седі. Қыз бен жігіт қол ұстасып, театр­ға асығатын деп жатады. Ал бүгінгідей тәуел­сіз әрі бәрі қолжетімді уақытта руха­ни құлдырау белең алғаны – үлкен парадокс.

Иә, бұл – түсініксіз парадокс емес. Себебі мен мұндай ахуалға әсер етуші факторларды қоғамның бет-бейнесіне қарап болжауға болады. Айталық, көшеде кетіп бара жатқан кез келген азаматты тоқтатып сұрайық.

– Қазір қандай кітап оқып жатырсыз?

– Шынымды айтсам, кітап оқитын уақыт жоқ.

– Ал театрға барып тұрасыз ба?

– Жо-ооқ. Ондайға уақыт табу қиын.

Шын мәнінде, уақыт жоқ па, құлық жоқ па – беймәлім.

Жаһанданған қоғамның тасқын судай қаптаған ақпараттар ағыны адам назарын түрлі бағытқа алып кетіп жатқаны да рас. Ең қымбат дүниеміз уақыт бол­са, сол уақытты мәдени жұмысқа, рухани демалысқа арнай алмаймыз. Смарт­фонды жүйесіз пайдалану басым. Өйт­кені талғам жоқ. Ал биік талғам қа­лай қалыптасады? Көркем өнерге құш­тар­лық ішкі талғамды өсіріп, мәдени им­му­нитетті қалыптастыратыны сөзсіз. Сон­дай-ақ көркемдікті түсіне алатын, тәуір шы­ғармаға тебіреніп, жақсы картинаны бағалай алатын жан күнделікті тұр­мыстың илеуіне түспесе керек-ті. Яғни суық қаланың суық адамдары сияқты бір типті болмайды. Ондай адамның сезімдері ояу болады: сәл нәрсеге қуану, жылау, тамсану, әрқашан көңіл күйін, эмоциясын білдіре алу.

Содан болар, адамдардың газет-журнал, яки кітап оқуы да бүгінде таңғалатын құбылысқа айналған. Қарапайым халық­тың мұндай деңгейсіз таңғалысына қазір таңғалмайтын да болдық. Бәлки, бұл таң­ға­лыстың бір себебі ғаламтор (бірақ оған илану қиын), бәлки білімсіздік, «жоғалған оқырман», жазылмаған классика, идеология, тұрмыс...

Иә, «Сананы тұрмыс билейді» деген нақ осы заман ба дейсіз... Әрине, халықтың классикалық өнерден жырақ кетуіне әлеу­меттік-тұрмыстық себебінен бөлек мем­лекеттік идеология да үлкен рөл ойнайды. Қоғам азық-түлікке қалай мұқтаж болса, жаңа кітап пен премьераға билетті де солай іздеуі үшін не істеуге болады? Дүкендегі нан сөресінің қасында кітапты да сату керек шығар...

Мәдениет және ақпарат министр­лігі­нің мәліметінше, былтыр еліміз­дегі көп­шілік кітапханалардағы оқырман саны – 5 123 227 болса, олар 51 921 261 мәрте кітап қорын пайдаланған. Ал биыл­ғы есеп бойынша, жыл басынан бері оқыр­ман саны – 4 935 911, олар 37 555 206 рет кітапхана игілігін кәдесі­не жаратқан. Сондай-ақ жалпы саны ­57 мемлекеттік театрға жыл басынан ­бері 1 501 418 көрермен барған. Бұл са­лыс­тырмалы түрде аз ба, көп пе, бағам­дай беріңіз.

Қоғамның көркем әдебиетке қызыға­тын, өнерге құштар бір бөлігі тұтас ұлт­тың мәдени деңгейін көрсете алмай­ды. Халықтың рухани жаңғыруы – аз­даған топтың әдеби-мәдени сауатымен өл­шенбейді. Қазіргі әдебиеттен, газет-жур­нал оқудан, жалпы жазу-сызудан көп­шіліктің хабары жоқтығы­нан, жазып жүр­ген бәріміздің өз әлеміміз, ал рухани өмір­ден тым алыс қарапайым жұрттың өз әлемі қалыптасқан сыңайлы. Саны аз кішкентай ұлт бола тұра екі арада тас қамал пайда бол­ғандай. Заман алға жылжыған сайын қара­пайым халық руханияттан алыстап бара жатуының салдары қандай болмақ? Ақын­ның өлеңін әдеби ортадағы қауымнан басқа жұрт оқы­майды. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда. Жазушының жан азабынан туған шығармасының да халі осындай. Ал театр­лар кім үшін жұмыс істейді?..