• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәселе 27 Қыркүйек, 2024

Көмір жеткізуде іркіліс бар

61 рет
көрсетілді

Өңір билігінің қазіргі уайымы – тұр­ғын­дар мен бюджеттік ұйымдарды көмірмен уақтылы қамтамасыз ету. Жеке үйлерді жылытуға алдағы қыс­қа 326 мың тонна отын қажет. Кө­мірмен қамтуға қатысты барлық өңір бірдей белсенді жұмыс жүргізіп жатқан жоқ. Мәселен, Ақсу қаласының теміржол тұйығында көмір табылмай тұр.

Күздің салқынында сұраныс көбейіп шыға келетінін ескерген өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қала, аудан әкімдіктеріне қатты отынды уақтылы дайындау жөнінде қажетті шараларды қабылдау туралы ескертіп жатыр. Об­лыс аумағында күн салқындай түсіп, жұртшы­лық жаппай пеш жағудың қамына кіріскен. Соған орай облыста көмірге сұраныс біртіндеп өсе бастады.

Энергетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық басқармасы жылумен жабдық­тау және газ объектілері мен көтергіш құрыл­ғыларды қауіпсіз пай­далану бөлімінің бас маманы Алмас Қа­рабаев тұрғындар ауа райы­ның одан әрі салқындауын күтпестен қысқа қажет көмірді қазірден қамдағаны жөн дейді.

– Павлодар облысында көмір өндіретін 6 кеніш бар. Атап айтқанда, «Богатырь-Көмір» ЖШС, «Майкубен-Вест» ЖШС, «Гамма Талдыкөл» ЖШС, «Гамма Сарыкөл» ЖШС, «Ангренсор Энерго» ЖШС, «Шығыс кеніші» ЖШС. Халық негізінен жергілікті кеніштер арасында «Майкөбе» кенішінің көмірін құп көретіні белгілі. Аталған компанияда бүгінде көмірдің бір тоннасы 8,3 мың теңгеден босатылып жатыр. Ал «Богатырь» кенішінде тоннасы 4,2 мың теңге тұрады. Облыс аумағында, соның ішінде Павлодар қаласында көмір сатылатын теміржол тұйықтары бар. Бүгінде облыста көмір жеткізумен 10 ірі көмір операторы айналысады. Олар туралы барлық ақпарат, оның ішінде қоймаларының мекенжайлары, көмір сатып алуға болатын жерлер біздің Instagram парақшамызда, сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдіктерінің ресми ресурстарында орналасқан. Өңірде биыл көмір бағасының өсуіне жол берілмеуі керек. Бұл мақсатта басқарма көмір өн­діру­ші кәсіпорындармен «Павлодар облы­сын­дағы әлеуметтік-экономикалық жағ­дайды тұрақтандыру бойынша өзара ынты­мақтастық туралы» меморандум жасады, – деді А.Қарабаев.

Басқарманың дерегіне қарағанда, қазір­гі уақытта облыстағы көмір жеткізуші опера­торлардың қоймасында 15 мың тоннадай көмір сақтаулы тұр. Бірақ бұл нақты цифр емес, теміржол тұйықтарында көмір уақыт сайын жеткізіліп тұрады. Ал операторлардың дені Павлодар қаласында орналасқан. Олардың бірқатарына телефон шалып, көмір бағасын таразылап көрдік. Мәселен, «Элит KZ» ЖШС Шұбаркөл кеніші­нен (Қарағанды) жеткізілген көмірдің тон­на­сын 21 500 теңгеден, Майкөбе көмірін 13 500 теңгеден сатса, «Северэнергоугольснаб» ЖШС Қаражыра көмірін (Абай облысы) 16 600 теңгеден, Майкөбелік қатты отынды 14 500 теңгеден саудалап отыр. «Халық көмір» ЖШС-дағы прейскуранттар соңғы аталған компаниянікімен бірдей. Екібастұз­дың арзан көмірі тек Шарбақты ауданындағы «Шарбақты отын» ЖШС-да ғана бар болып шықты, тоннасына 12 500 теңге сұрайды. Мұнда Қаражыра көмірі 18 500, Майкөбелік көмір 17 000 теңгеден сатылып жатқанын сұрап білдік.

Бір қызығы, Ақсу қаласындағы теміржол тұйықтарында сатылымда көмір жоқ болып шықты. Қаладағы жалғыз ірі оператор – «Убунту» ЖШС-ға хабарласқанымызда ондағы қызметкерлер қоймада аз ғана екібас­тұздық көмір жатқанын (көмірдің бұл түрі тұрғындар арасында сұранысқа ие емес) мәлім­деп, өзге кеніштердің көмірі емге табылмайды деген ақпарат берді. Компания өкілдері көмірдің алдағы күндері болатынын, болмайтынын да айта алмады. Жеткізуші теміржол компаниясы өздері біледі деп қолдарын сілтеді. Соған қара­ғанда Ақсу қаласында көмір тасымалы нашар ұйымдастырылып отырғанға ұқсайды.

Жалпы, өңір халқының алдағы қыста қатты отынға сұранысы 326 мың тоннаны құрайды делініп отыр. Өткен жылы да осыншама көлемде көмір тұтынылған. Әлеуметтік мекемелерге алдағы қысқы кезеңде шамамен 210 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде білім беру нысандарына 85 мың тонна жеткізілуі керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне 163 мың тонна көмір жеткізілген. Қалғаны жоспарға сәйкес әрі мекемелердің сұранысына орай тасыла беретін көрінеді.

Биыл Ертіс-Баян өңірінде 376 қазандықты жөндеу жоспарланған. Олардың 373-і бү­гінде толықтай дайын тұр. Алды іске кірі­сіп, жылу бере бастаған. Облыстың үш қала­сындағы 5 ЖЭО-да барлығы 35 қазандық агре­гаты бар. Мамандар шаһарларды жылу­мен қамтуға 15 градусқа дейінгі суықта 19 қазан­дықтың қуаты жеткілікті деп есеп­тейді. Өз­гесі қатты аяздарда қосуға, резервте қал­дырылады. Қазіргі күні Павлодар, Екі­бас­тұз, Ақсу қалаларындағы әлеуметтік ны­сан­дарға жылу берілген. Тұрғын үйлерге жылу жіберу кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.

Ертіс-Баян өңірінің энергетикалық кеше­ніне 7 ірі станса кіреді. Кәсіпорындардың жал­пы қуаттылығы – 8 002 МВт. Облыс еліміз­д­е өндірілетін электр қуатының 42 пайызын бе­ріп отыр. Павлодар облысындағы энер­ге­­тикалық кешендер жылына шамамен 30 млн тонна көмір және 65 мың тонна мазут тұтынады. Облыстың энергия көздеріне көмір­­дің негізгі жеткізушілері – «Богатырь Кө­мір», «Шығыс» кеніштері. Ал Павлодар мұ­­най-химия зауыты стансаларға мазут жеткізеді.

Көмір тұтыну жөнінен алып қарайтын болсақ, «Екібастұз ГРЭС-1 стансасы» ЖШС бір жылда – 12,5 млн тонна көмір мен 9 мың тонна мазут, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ – 4,3 млн тонна көмір мен 5,7 мың тонна мазут, «Еуроазиялық энергетикалық корпорациясы» АҚ 7,2 млн тонна көмір мен 8 мың тонна мазут сатып алады. Өзге бөлігі «Қазақстан алюминийі» АҚ ЖЭО, «Павлодарэнерго» АҚ ЖЭО-2, ЖЭО-3 стансаларына, Екібастұз жылу орталығы «Energy Solutions» ЖШС-ға тиесілі.

 

Павлодар облысы