Атырау облысының фермерлері тауарлы несие беру бағдарламасына қолдау білдірді. Енді олар несиеге 990 бас мал ұсынуды көздеп отыр.
Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, тауарлы несиенің мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеру. Жаңа жоба кредиттік жағдайы қиын және кепілге қоятын мүлкі жоқ адамдарға арналған.
«Бастаманы қолдаған фермерлер тұрмысы төмен отбасыларға 8 880 мал таратты. Жобаға сәйкес, 5 жылға несиеге 10 сиыр беріледі. Оны қайтару шарты негізінде бірінші жылы – демалыс. Несиеге мал алған адам екінші жылы 4, үшінші жылы тағы 4 сиырды қайтаруға тиіс. Біздің есебімізше, төртінші жылы мал саны төлімен 16-ға жетуі керек. Ал 7 жылда мүйізді ірі қараны 24-ке дейін көбейтуге болады», дейді Е.Тоғжанов.
Жылыой ауданындағы «Достан ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сейітжан Балжігітов аталған бағдарламамен тауарлы несие беруге дайын отыр.
«Ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында қолға алынған тауарлы несие бағдарламасын қолдаймын. Өзім жетекшілік ететін шаруа қожалығынан 300 қой, 100 жылқы, 50 сиыр, 30 түйені несиеге бере аламын. Осы арқылы тауар алушының да, біздің де төрт түлігіміз көбейеді», деді С.Балжігітов.
Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығының жетекшісі Құрман Жаңабаев 100 қой, 50 жылқы мен 30 сиырды несиеге беруге ниетті. Жылыой ауданында тіркелген «Ащысай» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Жиенқұлов 300 қой-ешкі мен 30 жылқыны несиеге бергісі келеді.
Ақтөбе облысында тұратын кәсіпкер Кәмшат Төлеуованың айтуына қарағанда, көрші өңір фермерлері аталған бағдарламамен жұмыс істеуді ерте бастаған екен. Ол бұл бағдарламаның тиімділігіне тоқталып, тәжірибиесімен бөлісті.
«Біз несиеге мал беруді ерте бастадық. Ақтөбе облысындағы ірі шаруашылығы бар кооперативтер төрт түлікті жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға беріп келеді. Өзім тауарлы несиеге 4 мың қой мен 120 сиыр бердім. Қазір несиеге берілген малдың 40 пайызын қайтардым», дейді К.Төлеуова.
Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың мәліметіне сүйенсек, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушылардың 192 жобасына қаржы берілген. Құрманғазы ауданында – 36, Индерде – 35, Махамбет ауданында 30 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.
«Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдардағы қосалқы шаруашылықты дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландырудың нәтижесінде жұмыссыз жүрген 36 адамның кәсібін бастайтыны, жаңадан 199 жұмыс орны ашылатыны көзделген еді. Қазір 40 жаңа жұмыс орны құрылып, міндетті төлемдері төленді. Несие алушылардан қайтарылған қаржыны 1 кооператив пен 10 шағын кәсіп иесіне беру процедурасы жүріп жатыр. Жоба аясында 908 ірі қара, 1 010 жылқы, 1 215 қой сатып алынды», деп мәлімдеді А.Саламат.
Айтуынша, қосымша жобаларды жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданған. Бұл мәселе оң шешімін тапса, қаржы берілетін жобалар саны артады.
Атырау облысы