• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Еңбек 28 Қыркүйек, 2024

Ізденіс пен іскерлік нәтижесі

222 рет
көрсетілді

Әр жердің өз төбесі, әр елдің өз ағасы, әр үйдің өз төрі бар. Әрбір әулеттің қиналғанда сүйенетін, таяныш болатын тау сияқты тұлғасы, көл сияқты терең, дала сияқты дарқан арқа тірегі болады. Ондай адамды «сол әулеттің бәйтерегі» деп атайды. Ол бәйтеректің саясы тек өзінің отбасына ғана емес, ағайын-туғанына, көршісіне, ауылдасына, жора-жолдастарына да ортақ. Өйткені ондай адамдар кісілік пен кішілікті, парасат пен шапағатты басқаларға үлгі етеді. Сондай абзал азаматтардың бірі Шет ауылының тумасы Совет Қабылдаұлы еді. Бойындағы қажыр-қайратын, білімі мен білігін шаруашылықтардың дамуына, гүлденуіне жұмсады.

Ол Қарқаралы қаласындағы №1 қазақ орта мектебін 1966 жылы, Қарағанды политехникалық институтын 1972 жылы ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын Қарқаралы автокөлік мекемесінде техникалық қызмет көрсету инженері болып бастаған. Кейін осы мекеменің директоры болып, 10 жыл табысты еңбек етті. Ол кезде Қарқаралы автокөлік мекемесі (автобазасы) аудандағы ең ірі мекемелердің бірі саналатын. Аталған мекемедегі техника аудандағы жүк тасымалымен тікелей айналысатын. Мекемедегі көліктер науқандық жұмысқа белсене қатысып, жол жөндеуге қажетті материалдарды, тағы басқа жүктерді дер кезінде тасымалдап, алдыңғы қатардан көрініп жүретін.

Сәкең мекеменің әлеуметтік саласын да назардан тыс қалдырған емес. Автокөлік жүргізу­ші­леріне арнап, тұрғын үй салуды қолға алып, жұмыскерлерін қажетті жағдаймен қам­та­масыз етті. Сол кезде тұтас бір көшедегі үйлер «автобаза үйлері» деп аталатын. Одан бөлек, жүргізушілер арасынан бірнеше бригада құрап, сол кезеңдегі үрдіспен түрлі еңбек ұжымын ұйымдастырып, жұмыстың көрігін қыздыра түскен. Майдан Сыздықов, Байса Қожасов, Орынбай Агиманов, Шәкен Усабаев сынды азаматтардың бригадалары алдыңғы қатардан көрінді. Олардың алды Ленин орденімен, көпшілігі Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, түрлі медальмен марапатталды.

Осы орайда мына бір жайды атап айтпасқа болмайды. Совет аға мекемеге берілген орден-медальдарды ешқашан өзіне қарай бұрған емес. Жоғары наградаға ие болмаса да, ұрпақтары «Жан әке!» деп еміренеді, әріптестері, еңбек азаматтары «Ақиық азаматымыз!» деп қадірлейді. Қатарластарға қалқа, ағайынға арқа, туыстар мен дос-жаранға адал тірек бола білді.

Тағы бір айта кетерлігі, Совет араласатын азаматтарын лауазымына қарап таңдамайтын. Хатшымен де, қосшымен де, еңбек азаматтарымен де бір деңгейде сөйлесе білетін. Сәкеннің үйі автобазаға жақын болғандықтан, мекемедегі жүргізуші достары Сәкеңмен бірге келіп, үйінен ауқаттанып жүретініне куәміз.

Озық ойлы, жұмысты ұтымды ұйым­дас­тыратын іскер азаматтардың жоғары тұр­ған орындардың үнемі назарында болатыны белгілі. Сөйтіп, 1987 жылы Совет Қабылдаұлы Қарқаралы аудандық атқару коми­теті төрағасының орынбасары лауазымына жоғарылатылды. Ал 1991 жылы әкімшілік жүйе жаңадан құрылған кезеңде аудан әкімінің орын­басары болып тағайындалды. Ауданның жол, құрылыс, электр жүйесі, жылу, сумен қамтамасыз ету саласына жетекшілік етті. Күр­меуі көп, күрделі мәселелерді шешуде табан­дылық, іскерлік, белсенділік танытты. 1995-2010 жылдары «Қарағанды­Энерго» бір­лестігінің Қарқаралы аудандық жоғарғы кернеулі электр жүйелері мекемесінің басшысы болып қызмет етіп, осы мекемеден зейнет­керлікке шықты.

Совет қай салада еңбек етсе де аудан эконо­микасының жаңаша дамуына, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне бір кісідей еңбек сіңірді. Жұмыс бабында талап қоюды қажет ететін басшылық қызметтерде жүргенде де кісілік келбетіне қылау түсірмеді, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты бола білді.

Отбасының тірегі – отағасы, ал ошағының жылуы – отанасы. Совет аға балаларының ар­дақты анасы, немерелерінің қамқор әжесі, аяу­лы жан Өркен жеңгемізбен 50 жылдан астам уақыт баянды ғұмыр кешті. Өркен ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызметті абыроймен атқарды. Ерлі-зайыптылар берекелі шаңырақ астында үлгілі азаматтарды өсіріп тәрбиеледі. Олардың әрқайсысы бір-бір мамандық иесі атанып, жеке отау құрып, ата-аналарына немере сүйгізіп, бақытқа бөледі. Атап айтсақ, үлкен ұлы Қуан – дәрігер, Қарағанды өңірінің қолы шипалы урологі. Жақсылық пен Жандос – жоғары білімді инженер-құрылысшы, Астананың өркендеп, гүлденуіне үлес қосып жүрген өз ісінің мамандары. Инабатты келіндердің жөні бір бөлек.

 

Тілек СӘДУАҚАСОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері