Қазақ жерінен мұнай алынғалы 125 жылдан асты. Ғасырдан да ұзақ мерзімде бірнеше мұнайшы династиясы қалыптасты. Қазір Авров, Балғымбаев, Балжанов, Бөлекбаев, Қарамұрзиев, Мырзағалиев, Бешімов, Оржанов, Өтебаев, Өтеғалиев, Шырдабаев, Марабаев, Досмұхамбетов, Жұмағалиев, Огай әулеттерінің еңбек жолын ұрпағы абыройлы жалғастырып келеді.
Мәселен, қазір Бешімовтер әулетінің мұнай-газ саласында төртінші буыны еңбек етіп жүр. Атадан – балаға, баладан немереге тамыр тартқан мұнайшы кәсібінің бастауында Бешім Қызылбасовтың есімі ерекше аталады. Ол – Жылыой ауданындағы Қосшағыл кен орнынан мұнайды алғаш тапқан қазақ. Көңілі даладай дарқан қарияның кейінгі ұрпағының қамын ойлап жасаған ұлағатты ісін дәріптеу әрі есте қалдыруды көздеген жергілікті мұнайшылар Қосшағыл кентіндегі бір көшеге Бешім Қызылбасовтың атын берді. Сол көшеге қарияның ескерткіш-барельефін орнатты.
Қосшағыл кен орнының ашылу тарихына зер салсақ, ел аузындағы аңызға бергісіз әңгіме желісі төмендегіше өріледі. Бешім Қызылбасов 1926 жылдың жаз айында көрші ауылдан келе жатып, шағылдар арасындағы қара қоңырланған жерді байқайды. Атынан түсіп, зер сала қарағанда, қою қара майдың жиналып қалғанын көреді. Арнайы білімі болмаса да, елдегі болып жатқан оқиғаларға құлағын түріп жүретін, былайша айтқанда, мұнай туралы, оны игеруге талпыныс жөнінде желдей ескен жағымды жаңалықтан үнемі хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарындағы Бешім қарт жер бетіне шыққан қара майды торсығына құйып, топырағын дорбасына салып алады. Қозыкөш жердегі үйіне келген соң торсығындағы майды отқа жаққан екен. Әуелі пышырлап, сәлден соң алаулай жанған майды «қара алтын» деп топшылайды. Сөйтіп, ат шалдырмай, жеткізбейтін қашықтықта орналасқан Доссор маңындағы мұнай кәсіпшілігіне жеткізуді көздепті.
Он бес жылдан бері, яғни 1911 жылдан Доссордан жоғары сапалы «қара алтын» селін тасытып жатқан мұнай кәсіпшілігіндегілер торсығына мұнай, дорбасына майлы топырақ салып әкелген ауыл ақсақалын жылыұшырай қарсы алады. Өйткені ел ішіндегі мұндай көнекөз қариялардың жаңа кен орындарының ашылуына септігі тиетіні даусыз еді. Бешім қарт әкелген майлы топырақтан көз алмай, өз байламын қапелімде айтуға асықпаған кәсіпшілік басшылары зерттеу жұмысын сол кездегі жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырады. Меркі өңірінде қазақтармен бірге өскен П.Авров геолог әріптестерін ертіп, Бешім қарт көрсеткен шағылдар арасына әлденеше рет келеді.
Әр келген сайын Бешім қартты қасынан тастамай, жолбасшы ретінде жұмысқа алады. Осы қарияның көмегімен Жылыой ауданындағы кен орындарының картасын жасаған дейтін дерек те шындыққа жанасатындай. Торсығына май құйып алған Бешім қарт та, оның айтқанына иланып қана қоймай, шағылдар арасына ілесіп келген П.Авров басқарған геологтер де зерттеу, бұрғылау жұмыстарына үлкен үмітпен кіріскен еді.
Арада 6 жыл өткеннен кейін, 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғыманың 450 метрлік тереңдігінен мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыманың тәулігіне 250 тонна «қара алтын» бергені мұнай іздеушілерге жол көрсеткен Бешім қартты да, геологтерді де, бәрінен бұрын сол өңірдегі дүйім жұртты алабөтен қуанышқа кенелтті. Геологтер жаңа кен орнын тапқанына, ауыл тұрғындары мұнайдың пайдасын көретініне қуанды.
Жергілікті тұрғындардың үлкенді сыйлайтын дағдысын жақсы білетін П.Авров өзіне жолбасшы болған қариядан мұнай шыққан жерге ат қоюын өтінеді. Дала академигі атанған Бешім қарт шағылдар арасындағы мұнайлы жерге «Қосшағыл» деген атаудың жөн екенін алға тартқанда, геологтер де осы уәжге тоқтам жасапты. Осыдан кейін Бешім қарт пен геолог Петр Авров Қосшағылға таяу 13 шақырым жерге көшіп келіп, татулығы жарасқан көрші, жақсы жолдас болыпты.
Аталған кен орнын өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталды. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіпшілігінің құрылуымен Жылыой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамы жасалды. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жастары өндіріске тартылды. Бірақ тағдыр Бешім қартқа кіндік қаны тамып, бар ғұмыры өткен дала төсіндегі дүбірлі еңбекті, мұнай барлайтын, өндіретін технологияның тетігі қазақ жастарының қолына тигенін көруді жазбаған екен. Ол кәсіпшілік құрылардан екі жыл бұрын 1933 жылы өмірден озған.
Дегенмен кейіннен Бешім Қызылбасовқа «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» атағы беріліп, геологтерге мұнай көзін тауып бергеніне орай өмірлік жәрдемақы тағайындалыпты. Оны әкесімен бірге күні-түні геологтермен аралас-құралас жүрген үлкен ұлы Мұқан алып тұрған. Неге екені белгісіз, Мұқан 1951 жылы өмірден озғанда жәрдемақыны төлеу де тоқтап қалған. Бір ерекшелігі, Бешім Қызылбасовтың ұлдарының бәрі Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысқан.
Мәселен, Ердәулет, Бердәулет дейтін екі баласы соғыс жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып абыройлы еңбек еткен. Ал Төремұрат, Нарымбай есімді ұлдары да еңбек жолын осы кен орнында бастап, 1939 жылы фин соғысына аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан екеуі де елге оралмаған. Ең кіші баласы Мизам ғана ұзақ жыл мұнай саласында еңбек еткен. Бұл күндері Бешім қарттың ұрпағынан тараған 50-ден астам немере-шөбересі мұнай өнеркәсібінің білгір маманы атанып жүр.
Немерелерінің бірі – Наурызғали Ердәулетұлы Бешімов қазір Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында тұрады. Еңбек жолын мұнай-газ өнеркәсібінде бастаған. Биыл 90 жасқа толды. Ардагер мұнайшы мамандық таңдауына, өмірінің дұрыс арнаға түсуіне жол сілтеген екі азаматтың адамгершілік, ағалық көмегін әлі күнге ұмытпайды. Ол 1951 жылы мектеп бітіріп, енді оқуға аттанғалы отырғанда әкесі өмірден өткен. Әкесі оған «Мәскеуде мұнай оқуы бар, сені соған оқытамын», дейді екен. Бірақ әкесі арманы орындалғанын көре алмады.
«Тұрмыстың қиын кезеңі ғой, қапелімде жұмыс табу да оңайға түспеді. Біздің отбасымызбен көрші тұратын Құрман Бисенов ағай мені Комсомол кәсіпшілігінің директорына ертіп апарып, жөндеушілікті үйренуші етіп жұмысқа орналастырды. Сол кәсіпшіліктен бір жылдан соң Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанарда мекеме басшысы Қуаныш Құдабаев ағай «Жолыңа жаратарсың» деп 300 сом ақша берді. Бұл менің екі баламен ауылда қалған анамның екі жылдық зейнетақысына тең қаржы еді. Осындай адамгершілігі мол азаматтардың қамқорлығымен Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай-газ институтынан жоғары білім алдым. Мұнайшы-инженер мамандығымен еңбек жолымды Бешім атам мұнайын тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіндегі №1 учаскеде 1958 жылы оператор болып бастадым. Осы өңірдегі «Құлсарымұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» секілді ірі кәсіпорындардың басшылық қызметіне дейін көтеріліп, Шафих Ізбасов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков секілді азаматтардың сенім білдіруімен Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқардым. Қайда жүрсем де Бешім атам салған мұнайшылық кәсіптегі отбасылық жолдың үзілмеуін ойлайтын едім. Қазір шүкір, ата жолын жалғастырған балалар, немерелер бар», дейді ардагер мұнайшы Наурызғали Ердәулетұлы.
Мұнай-газ өнеркәсібі мен партия жұмысындағы жетістігі бағаланып, Наурызғали Бешімов 1981 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, кейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Өзі ұзақ жыл жұмыс істеген Мақат, Жылыой аудандарының құрметті азаматы.
Наурызғали Бешімовтің ұлдары мұнайшы кәсібін таңдады. Үлкен ұлы Сатыбалдының мұнай саласында жұмыс істегеніне 35 жылдан асты. Ол – осы әулеттің мұнай-газ саласындағы үшінші буыны.
«Бала кезімізден мұнай мен газдың қалай өндірілетініне, мұнайшы кәсібіне әбден қанық болдық. Әкеміз мұнайшы болатынымызды кесіп айтты. Сол себептен болар, мұнайшылықтан басқа кәсіпті таңдау туралы ойланбадық. Қазір 4 балам да осы салада жұмыс істейді», дейді С.Бешімов.
Бұл әулеттегі ең жас мұнайшының бірі – Асылжан Наурызғалиев. Оның бұл салада еңбек еткеніне 10 жылдан асып отыр.
«Мұнай саласындағы жұмысымды 17 жасымда бастадым. Бұл салаға жүрек қалауымен келдім. Өйткені мұнайшы – біздің әулетте атадан балаға, баладан немереге жалғасқан отбасылық кәсіп. Болашақта Бешім атамыз бастаған кәсіпті менің де балаларым жалғастыратынына сенемін», дейді А.Наурызғалиев.
Атырау облысы