• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Қыркүйек, 2024

Ауылдағы ет комбинаты

152 рет
көрсетілді

«Ауылдық жерлерде мал өсіріп, егін салумен ғана шектелуге болмайды. Содан нақты өнімдер өндіруге бет бұру керек» деп айтылып келе жатқалы біршама уақыт болды. Әрине, қай нәрсені болсын қолға алу үшін жан-жағыңа қарап, шамаңды бағамдамасаң бола ма? Тіпті қаражатың жетіп тұрса да, «ертең сол өнімді қайда, қалай өткіземін?» дейтін сұрақ әрбір кәсіпкерді мазалайтыны анық. «Uly dala Co» ЖШС басшысы, кәсіпкер Қанат Қосдәулетов те көп ойланды, айналасымен ақылдасты, ақыры, нақты бір шешімге келді. Сөйтіп, Бидайық ауылдық округіне қарасты Ақтайлақ елді мекенінен ет комбинатын ашуды ұйғарды.

Қанат Естайұлы ең алдымен 10 мың басқа арналған мал ша­руашылығы кешенін құруды ойластырып, бизнес-жоба жасады. Есептей келгенде жоба құны 1 417,3 млн теңге болып шықты. Мұндай қаражат таптыра қоя ма? Өз қалтасынан 744 млн теңге табылды. Жетпей тұрғанына «Агробизнес» бағдарламасы арқылы берілетін жеңілдетілген несие көмектесті. Сөйтіп, жұмыс басталып кетті. Бұл 2021 жыл болатын.

«Жобаның алғашқы кезеңінде кәсіпкер қой ұстауға қажетті 3 баз, 2 000 қара малға арналған бордақы­лау алаңын салды. Сонымен қатар, сатып алу арқылы мал басын да көбейтті. Осылайша, болашақ ет комбинатының негізі қаланды», дейді Жаңаарқа ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ардақ Алпысов.

Жуырда ғана комбинат іске қосылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ж.Нөпіров қатысты.

«Бұл – біздің облыстағы ең алғашқы ет комбинаты. Осындай іргелі жобаны қолға алып, іске асырған кәсіпкерге алғыс айтамыз. Алғашқы комбинат басқа да кәсіпкерлерге тамаша үлгі болуға тиісті. Өйткені облыста мұндай мүмкіндік мол. Тек ынта мен жігер болсын», деді.

Комбинаттың өз зертханасы, консерв, сою және ішек-қарын аршу цехтары, мұздатқыш, тоңазытқыш камералары, өнім сақтау қоймалары, тері сақтайтын орны бар.

«Жылына 230 тонна ет өнімдерін өндіруді мақсат етіп қойдық. Бір ауысымда 3 мың банк консерв шығарамыз. Біз жылқы, сиыр, қой еттерін пайдаланамыз. Мұнда ет консервілерімен қоса тұшпара, манты, котлет секілді жартылай фабрикаттық өнімдер де шығарылады. Өнімдерімізді Ұлытау облысына қоса, көршілес Қара­ғанды облысына да шығарып, сатамыз. Облыс басшылығы Жезқазған қаласынан ашылатын әлеуметтік дүкендерден арнайы орын бөлгелі отыр», деді бізбен әңгімесінде «Uly dala Co» ЖШС директоры Жамбыл Жүндібаев.

Бір сүйсінерлігі, мұнда жұмыс­керлерге жақсы жағдай әбден ой­ластырылған. 4 гектар жерді алып жатқан комбинат аумағында арнайы жатақхана, асхана және қонақ бөлмелері бар. Әзірге комбинатта 20 адам еңбек етіп жатыр.

Кәсіпкер жұмыс ауқымын ұл­ғайту, өнім түрлерін көбейту секіл­­ді шаруаларды біртіндеп жүзе асыруды көздейді. Бұл комбинаттың ашылуы жақын ауылдардағы мал иелеріне де оңтайлы болғалы тұр. Өйткені комбинат өндірісті ұлғайтқан кезде етті ауылдардан да қабылдай бастайды.

 

Ұлытау облысы,

Жаңаарқа ауданы