• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қыркүйек, 2024

Абыз мұрасы – халық қазынасы

149 рет
көрсетілді

Еңбек ері, халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына орай, туған елі Ақтау қаласында «Әбіш Кекілбайұлы оқулары-2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды іс-шараға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, Түркия, Мажарстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан елінен ғалымдар мен ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шара Әбіш Кекілбай­ұлы атындағы облыс­­тық музей алдын­дағы қай­раткер ескерткішіне гүл шоқ­тарын қою­мен басталды. «Достық» ғима­ра­тында жал­ғасқан ғылыми-тәжірибелік кон­ференцияны ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушының 85 жылдығы­на орай жолдаған құттықтау хатын оқыды.

Мәжіліс спикері сөзінде Әбіш Кекілбайұлының 85 жыл­дық мерейтойы шын мәнін­де халықтың мерекесі, ұлттың тойы екенін атап, Алаш абызының адами болмысын, қайраткерлік қыр­ла­рын еске алса, Маңғыстау облы­сы­ның әкімі Нұрдәулет Қилыбай ел тари­хында баға жетпес мұра, өшпес із қал­дырған жазушының өмірі мен шығар­ма­шылығына ерекше тоқталып, ауқымды іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

– Киелі түбек топырағынан түле­ген дара дарын, атақ-даң­қы төрткүл әлемге танылған Әбіш Кекілбайұлының ізінде мәңгі өміршең бай мұрасы, сөзін әспеттеген ойлы оқырманы қалды. Әбіш аға көзі тірісінде-ақ біртуар талант иесі ретін­де танылды. Шалқар білімі­мен, терең пайымымен, биік ой-өресімен дараланды. ­Ой қуаты зор қаламгер әдебиет әлеміне соны серпін ала келді. Қазақ руханиятын аса құнды жәдігерлермен толықтыра түсті. Оның шұрайлы, нәрлі, образды тілі, сүбелі ой толғам­дары, кесек кейіпкерлері оқырманды терең ойға бөледі. Әбіш ағаның тұлғасы туралы терең толғам, бір­­неше кітапқа арқау болар­­лық дүние. Мұны біз қалам ұстаған қауымның еншісіне қалдырсақ дейміз. Келешек іргесі – келер ұрпақ санасында арда азамат есімі еш көмескіленбей, мәңгі жарқырай беруі үшін мұндай салиқалы іс-шаралар заңды жалғасын таба бермек, – деді өңір басшысы Нұрдәулет Қилыбай.

Конференцияның пленар­лық мәжі­лісінде Президент кеңесшісі, ака­де­мик Бауыржан Омаров, академик Кәрімбек Құр­манәлиев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, техника ғылымдарының докторы Еділ Жаңбыршин, филология ғылымдарының докторы Жанбибі Дүйсенбаева, философия ғылымдарының док­торы, Кастомону университеті­­­нің профессоры Орхан Сөйле­мез Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық мұра­сы, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүддені дәріптеудегі еңбектері, сондай-ақ парла­ментаризм институтының қалып­та­суына қосқан үлесі бойынша өзекті мәселелерді қозғап, оның қо­ғамдағы орны мен маңызы тура­лы баяндама жасады.

Бауыржан Омаров заңғар жазушыны әдебиетке алып келген факторларға жан-жақты тоқталды. Әулиелі мекенде туған Әбіштің сана-сезімі ерте оянып, бала кезінен кітапқұмар болғаны белгілі. Бесіктен белі шыққан бала кезінен көп оқып, ізденгенін, әуестікпен өлең жазған жылдарын еске алды. Бала санасының қалыптасуына ғибратты ғұлама Алшын Мең­далиев мектебінің әсері де аз болмаған. Әдебиет әлеміне жол ашқан осы факторлар Мұхтар Әуезов және Тауман Амандосов тәліміне алып келгенін айрықша атап көрсетті баяндамашы.

ҚазМУ-дың бесінші курсында оқып жүргенде Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын ау­да­руға қатысып, оның алдында Мопассанның «Өмір», «Пьер мен Жан» роман­да­рын тәржімалаған, студент кезінде саяси мансұқталған әдебиеттерге бас қойып, өзін­ше ойлауға бейімделген Кекіл­байұлын ғала­мат қабілет-қа­ры­мының сырына үңілген ғалым: «Әбішке дейін про­зашылар жер бетін­дегі тір­ші­лікке көлденеңінен қараған деп есептеймін. Ал ол болса, тұңғыш рет жерге тігінен көз салды. Шығармаларының желісінде белгілі бір заңдылық бар. Әбіш – планетаға ғарыш биігінен қараған қаламгер» деген Ақселеу Сейдімбектің сөзін мысалға келтірді.

Әбіш Кекілбайұлының әдеби-сын мақа­лалары мен сұх­бат­­тарына, тарихи тақы­рыпты қам­туына, көркемдік кестесі жо­ға­ры, негізгі желіден ауытқы­майтын нағыз шындығына, оның әдебиет­тегі қол­таң­басы мен стиліне, публи­цис­тикалық шы­ғар­маларына жан-жақты тоқталған баяндамашы:

«Кекілбайұлының шығар­ма­шы­лық лабораториясын­да­ғы ерекше тоқталатын тұс – «Күйші» повесінде «мәңгүрт» ұғымын енгізуі. Бұл – оның суреткер ретін­дегі ұлы жаңа­лығы. Арада он екі жыл өткен соң бұл терминді Шыңғыс Айтматов «Боранды бекетінде» қолданғаны баршаға мәлім. Шықаң повесті «Дружба народов» журналынан оқып, мәңгүрт тақырыбына қатты қызыққанын Әбіш Кекілбайұлының өзіне ­айтыпты. Бір заманда мәскеулік әдебиет сыншылары бұл ұқсастық жөнінде едәуір шу көтерген. Басқа біреу болса, аттандап, айқай салар еді. Ал кеңдігі мен кемелдігі бірдей Кекілбайұлы мұны бір мәселеге әр қырынан келу деп қарайды. Жанболат Аупбаевқа берген сұхбатында: «Мен шексіз кекшілдік шексіз қатыгездікке, ал шексіз қатыгездік рухани мәңгүрттікке ұрын­дыратынын сөз етсем, Шыңғыс Айт­матов рухани мәңгүрттіктің қайтадан шек­сіз қатыгездікті тірілтетінін егжей-тег­­жей­леді» деп түсін­діреді. Сегізінші сынып оқып жүргенінде плагиатты әш­ке­релеген ол мәңгүрт мәселесіне плагиат деп қарамайды. Ағайын­дықты ардақтап, достықты дәріпте­гені шығар», деді. Бұл бауыр халықтар арасындағы ғана емес, қаламгерлер арасындағы сый­ластықты, кеңдікті танытатын, үлгі ететін тұс.

Парламент Мәжілісінің депутаты Е.Жаңбыршин «Ә.Кекіл­бай­ұлының Қазақстан Респуб­ли­касында парламентаризм институтының қалыптасу кезе­ңін­дегі қызметі» баяндамасында тұлға­ның саяси келбетін ашып көрсетті.

«Кеңес одағы ыдырап, Қазақ елі қайта шаңырақ тіктеген сәттен бастап саясатқа батыл араласты. Бұл қайта құру саяса­ты­ның басталғанына бес жылдай өткен, ел іші демократиялық өзгерістердің дәмін татып, «темір шымылдықтан» босап, сөз еркін­дігі тиіп, қоғамның қызу қайнап жатқан кезі еді. Әбіш ағамыз осы тұста қазақ елдігін бекіту жолында ұлттық саясат­ты қалыптастыру үшін білек сыбана кірісті.

Осы жолда Әбекең Парла­мент инс­титутын таңдады. Бұл саясатқа алғашқы қадам басу үшін нағыз шыңдалатын, халықпен етене жұмыс жасайтын, елдің мәселесін Пре­зиденттің алдында нақты көтере алатын саяси мінбер еді. Ал саяси күрес алаңының шыңы – сайлау», деген баяндамашы жазушының елдегі тұңғыш бірмандатты сайлауда Ертіс-Баян өңірінен Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайлауға түсіп, өзі түлеп ұшқан киелі Маңғыстаудан емес, Қаныш пен Әлкейдің төл топырағы қасиетті Баянауылдан депутат болып сайланғанын айтты.

Ә.Кекілбайұлының қайрат­кер­лігі, депутат ретінде атқар­ған, қатысқан істе­ріне жан-жақты тоқталды. Ұлттық сая­­сат, мәдениет және тілді дамыту ко­ми­­тетін қадағалаған депу­тат жазу­шы­­ның бастамасымен «Баспасөз және басқа да бұқаралық ақпарат құрал­да­ры туралы», «Тарихи-мәдени мұ­ра­ны қорғау және пайдалану туралы», «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» сияқты ма­ңызды заңдар қабылданғандығы, қа­зақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде Ата Заңы­мызда нақты көрініс табуы­на ықпал еткендігі, Үкімет ал­дын­да өт­кір мәселелер көтер­генін айтып, екі жыл­ға жуық уақытта Қазақстанның алғаш­­қы парламенттік институтын Әбіш бас­та­ған бір топ халық қалаулылары қалып­тас­тырға­нын жеткізді.

«Депутат Әбіш Кекілбайұлы күрделі кезеңде мемлекет­тік басқару ісін, оның ішінде парламентаризм институ­тын жетілдіруге аянбай қызмет етті. Елдік сананы қа­лыптастыруға еселі еңбек сіңірді. Алайда тұғырлы тұл­ғаның Парламенттегі қызметі әлі толық зерттелмей жатыр. Алдағы уақытта қазақ ой­­­шы­лының парла­мен­та­ризмді дамытудағы сүбелі еңбегі ғалымдардың ғылыми зерттеулерінің тақырыбы болатынына сенімдімін», деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер инс­ти­ту­ты­ның директоры, академик Кенже­хан Маты­жанов «Адамгершілік асыл қасиеттердің абыз жыршысы», белгілі қаламгер Сауытбек Абдрах­ма­нов «Әбіш Кекіл­баев­тың әлем­дік кеңістігі» та­қы­рып­та­рында баяндама жасап, мерей­той иесінің адамгерші­лік, қа­лам­герлік болмысын жан-жақты ашып көр­сетуге тырыс­ты.

Пленарлық отырысында көшелі ойлар айтылған ғылы­ми-конференция секция­лық отырыста жалғасты. «Ә.Кекіл­­байұлы шығармаларындағы ота­н­дық тарих мәселелері», «Ә.Кекіл­бай­ұлы мұрасы музей қызметі кон­тек­сінде», «Ә.Кекілбайұлы қоғам және мемлекет қайраткері», сон­дай-ақ «Ә.Кекілбайұлының әдеби шы­ғар­ма­шылық мұрасы» тақы­рып­тарында өткен секциялық жұмыс­тар­да ғалымдар жазу­шы­ның шығар­ма­шылығын бүгінгі насихатталу тұр­ғы­сынан талдады, талқылады, зер­де­леді, ұсыныс-пікір білдірді.

«Әбіш Кекілбайұлы оқу­лары-2024» халықаралық ғылы­ми-тәжірибелік конферен­ция­сында әбіштануға, қалам­гердің сан қырлы шығармаларын насихататуға бел­сенді атсалысып жүрген азаматтар марапатталды. Конференциядан соң қонақтар Ә.Кекілбайұлы атындағы Маң­ғыстау облыстық тарихи-өлкетану музе­йіне экскурсия жасады. Сондай-ақ ғылыми-тәжірибелік конферен­ция аясын­да III халықаралық «Abish alemi» театр фестива­лінің ашылу салтанаты өтті.

Маңғыстауда Әбіш Кекіл­байұлына арналған іс-шара жал­ғасын тауып жатыр. Ақтау­да 7 қазан күні «Әбіш әлемі» атты жыр мүшәйрасы өтеді. «Саламатты ел» қоғамдық қо­ры­­­­ның ұйымдастыруымен жа­зу­­шы шығармашылығын ха­лық арасында кеңінен наси­хат­­­тау мақсатында өтетін бай­қауға Ақтау қаласындағы мек­тептердің 8-11 сынып оқушы­лары қатысады.

Екі күнге созылған конфе­рен­цияның соңғы күнінде қо­нақ­тарға ғылыми-танымдық саяхат ұйымдастырылып, олар Шопан ата, Бекет ата рухына зиярат етумен қатар, Бозжыра шатқалына саяхаттайды.

 

Маңғыстау облысы