Өткен апта еліміз үшін тарихи оқиғамен басталды. Ұзақ жылдан кейін Тұран топырағына жолбарыс қайта оралды. 2010 жылы осы аң түрін сақтап қалуды талқылаған алғашқы халықаралық форумда еліміз жабайы жыртқышты өңірге әкеліп жерсіндіруге дайын екенін мәлімдеген еді. 2017 жылы еліміз бен WWF International (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) арасында меморандум жасалып, соның негізінде арнайы бағдарлама әзірленді. Жоба аясында алаңы 415 мың гектар жерді қамтитын «Іле-Балқаш» резерватын құру, оңтүстік Балқаш маңы экожүйесін қалпына келтіру жұмысы атқарылды. Бұл істің еліміз үшін маңыздылығын Президент 2021 жылғы жаңажылдық үндеуінде атап өтті. Ал күні кеше Нидерланд елінен екі Амур жолбарысының жеткізілуі бағдарламаның маңызды кезеңі басталғанын көрсетеді. Осыған орай Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Ерлан Нұралыұлы, өткен аптада «Тұранға жолбарыс оралды» деп сүйіншіледік. Осы істің мән-жайы туралы кеңірек тарқатсаңыз. Неліктен Нидерланд елінен әкелінді? Енді бұларды өңірге бейімдеу қалай жүргізіледі?
– Елімізде бірнеше жылдан бері жолбарыстарды жерсіндіру бағдарламасы жүзеге асып жатқанын білесіз. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) тығыз ынтымақтастықтың арқасында екі Амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Нидерландтағы «Святого льва» жабайы жануарларды сақтау орталығынан (Stichting Leeuw) жеткізілді. Бұл оқиға – экожүйені қалпына келтіру және жоғалған биоалуандықты қайта түлету бағытындағы маңызды қадам. Бағдарламаны Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰ ДБ) қолдауымен жүзеге асырып жатыр. Бізге жеткізілген Богдана мен Кума атты Амур жолбарыстары «Іле-Балқаш» резерватындағы WWF-тың арнайы құрылған қоршаулы орталығында бағылып, кейін олардың шөнжігін табиғатқа жіберу жоспарланған. Бұл қадам жолбарысты тарихи мекенінде өсіріп, көбейтуге мүмкіндік береді.
Биыл жазда еліміз бен Нидерланд арасында осыған қатысты келісім жасалды. Уағдаластық бойынша аталған ел бізге 2 жолбарысты тегін беріп, жеткізуге келіскен. Олардың тұқымы кейін табиғатқа еркін жіберілуге тиіс. Дәл осы мәміленің алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асып отыр.
– Сынақ алаңы ретінде Іле-Балқаш өңірін таңдаудың себебі неде? Бұл маңда жолбарыс мекендеуіне қолайлы жағдай қалыптастыру үшін қандай іс-шаралар атқарылды?
– Жолбарысты қайта көбейту жобасы жеңіл-желпі іс емес. Бұл – бірнеше кезеңде ұзақ жыл бойы жүзеге асатын бағдарлама. Сондықтан барлық мәселе жан-жақты сараланып, зерттеліп қолға алынуға тиіс. Бұл өңір кездейсоқ таңдалған жоқ. 2011 жылы Қазақстан, Ресей, Швейцария елдерінің бірлескен экспедициясы жұмысының нәтижесінде Орталық Азияда Тұран жолбарысын қалпына келтіруге ең қолайлы орын ретінде Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы, Іле өзені сағасының маңы мен оның шығыс жағы таңдалды. Өйткені бұл өңір – бұрын жолбарыс мекендеген, оның өсіп-өнуіне қолайлы аймақ. Іленің төңірегіндегі орманды алқаптарды, өзеннің Балқашқа құятын тұсын Тұран жолбарысы мекендеген. Соңғы жолбарыс бұл маңда 1948 жылы байқалған.
Орталық Азия елдері арасында жалғыз сақталған сулы-батпақты алқап Іле өзенінің атырабы болғандықтан, еліміз бен халықаралық ғалымдардың тынымсыз еңбегінің арқасында бірегей бағдарлама әзірленді. 415 мың гектарды алып жатқан аумақта 2018 жылы Іле-Балқаш резерваты құрылды. Резерват аумағында жолбарысты жерсіндіру мақсатында көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Атап өтсек, жолбарыстың азықтық базасы ретінде тұяқты жануарларды (тоғай бұғысы, құлан) жерсіндіру және жергілікті мекендейтін аңдардың санын көбейту жұмыстары жүргізілді.
– Сырт елден жеткізілген аңды жерсіндіру кезінде оның азығының сайлы болуы маңызды. Осы мәселе қалай реттелмек? Жолбарыстар қорегін аулап жей ме, жоқ қолдан жем жейтін, үйретілген аң ба?
– Жолбарыстарды әзірше резерваттағы шағын қоршауға орналастырдық. Сол жерде жаңа табиғи ортаға бейімделгенше ұстаймыз. Кейінірек, бірнеше аптадан соң кеңірек қоршауға жібереміз. Бұл – қамауда ұсталған аң. Сондықтан бекітілген рационмен, үй жануарларының етімен қоректендіріледі.
– Деректерде Тұран жолбарысының адамға шабуылдағаны, жойылуына себептің бірі де осы екені айтылады. Осы орайда тұрғындар қауіпсіздігі мәселесі қалай қадағаланады?
– Әрине, жолбарыстың жыртқыш аң екені белгілі. Сол себепті аңшылар қарауылына жиі ілінгені де рас. Дегенмен жойылудың негізгі себебі – мақта алқаптарын кеңейтеміз деген желеумен құнарлы жерлердің жыртылуы. Адамзаттың бұл әрекеті жолбарыс азық еткен жабайы аң түрлерінің бұл жерлерден жоғалып кетуіне әкелді.
Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, бастапқыда жолбарыстар қоршау ішінде оқшау ұсталады. Ал кейінірек табиғи ортаға жіберер кезде спутниктік қарғыбаулар орнатылады. Арнайы құрылған мемлекеттік инспекторлар тобы оларды бақылауда ұстап отырады. Резерват аумағы бастапқы деңгей, орташа деңгей, қауіпті деңгей дейтін 3 аумаққа бөлінеді. Осының негізінде GPS қарғыбауы арқылы жолбарыстың жүріп-тұруы арнайы монитор арқылы бақылауда ұсталады.
– Бұл бағдарлама жергілікті экожүйенің қалпына келуіне, резерватқа жақын елді мекендердің экономикалық дамуына ықпал етеді делінеді. Осыған кеңірек тоқталсаңыз.
– Бағдарламаның бір бағытында сол төңіректегі ауыл жұртшылығын ақпараттандыру және экономикалық дамыту жұмысы да бар. Соның ішінде жергiлiктi тұрғындарға қолдау көрсету, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтiрмейтiн өзге де табыс көздерiн дамытуға мүмкiндiк ұсыну да қамтылған. Осылайша, WWF қолдауымен соңғы бірнеше жылда көптеген шағын грант берілді. Жергілікті қоғамдастықтарды дамыту қоры құрылды. Тұрмысы төмен отбасылардың бақша дақылдарын өсіруіне қолдау көрсетілді. Сондай-ақ «Саябақтар шеруі» халықаралық экологиялық акциясы, табиғатты қорғау мерекелері, мектептердегі сабақтар, көрнекі үгіт-насихат және т.б. сияқты түрлі экологиялық ағарту іс-шаралары өткізіледі.
– Тұран жолбарысы, аты айтып тұрғандай, Орталық Азия елдерінің аумағын ен жайлады. Еліміз осы өңірде бірінші болып осы аң түрін қалпына келтірмек. Бұл жобаға көрші елдерден қызығушылық бар ма?
– Әзірше көршілеріміз тарапынан жобаны өздеріне қарасты аумақтарда іске асыруға қатысты тәжірибе алмасу немесе басқада бағыттарда жұмыс жүргізу жөнінде ұсыныс болған жоқ.
Алайда еліміздегі жолбарысты жерсіндіру бағдарламасына әлемнің түрлі елі оң бағасын беретініне сенім арта отырып, келешекте Орталық Азия елдері де бұл іске атсалысуға ынталанады деп ойлаймыз.
– Бұл жоба экологиялық туризмді дамытуға үлес қосады деседі. Бұған қатысты қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жолы әкелінген жолбарыстар тек қоршауда ұсталады. Өйткені олар табиғатта еркін өмір сүруге бейімделмеген. Кума мен Богдана төлдегеннен кейін Қарой кентіндегі Іле-Балқаш резерватының келу орталығында жаңа қоршауларға көшіріледі. Осы бастаған ісіміз табысты болған жағдайда жолбарыстардың осында туған шөнжіктері халықаралық стандарттар мен хаттамаларға сәйкес арнайы дайындықтан өтеді. Содан кейін, бір жарым-екі жасқа толғаннан кейін, табиғат аясына шығаруға дайын болады.
Жолбарыстың пайда болуы ауданда экологиялық туризмнің дамуына ықпал етері сөзсіз. Бұл бірінші кезекте осы өңір жұртшылығына туризмнен қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде бағдарлама аясында жергілікті тұрғындар арасында экологиялық туризмді ұйымдастыруға қатысты курстар өткізіліп жатыр. Қонақүйлер ашуға гранттар бөлінді. Гидтерді оқыту курстары ұйымдастырылады. Жастарға ағылшын тілін үйретуге ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені бағдарлама аясында әлемнің түрлі елінен туристер келеді деп болжап отырмыз.
– Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта Ресейден тағы бірнеше Амур жолбарысы әкелінеді екен. Сонда қазақ жеріне жерсінетін бұл аң түрін болашақта «Амур жолбарысы» дейміз бе, жоқ «Тұран жолбарысы қайта оралды» деп айтуға қақымыз бар ма?
– Зерттеу нәтижесінде Тұран жолбарысының Амур жолбарысынан соншалықты айырмашылығы жоқ екені дәлелденді. 70-жылдары жойылып кеткен Каспий жолбарысының геномы талданғанда, оның Амур жолбарысымен практикалық тұрғыдан бір тұқымға жататыны анықталды. Бұл елімізде осы аң түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта Ресейден тағы 3-4 жолбарыс әкелу жоспарланып отыр.
2015 жылдың маусымында жарияланған зерттеу нәтижесінде барлық континенталды жолбарыстар бір тұқымға, яғни «Panthera tigris tigris»-ке жататыны анықталды. Осы жолбарыс түрі 2021 жылы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді.
«Амур» және «Тұран» атауларын қазіргі уақытта ғалымдар мен Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) экологиялық формалар немесе географиялық популяциялар ретінде қарастырады. Жекелеген аң түрі деп санамайды.
Сондықтан елімізде жерсіндірілген Амур популяциясының жолбарыстары жүйелі түрде осы жерде тұқым жайып, өсіп-өнген жағдайда, аумақтық белгі бойынша оларды Тұран популяциясының жолбарыстары деп атауға, «Тұран жолбарысы тарихи мекеніне қайта оралды» деп айтуға болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қамбар АХМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»