• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 01 Қазан, 2024

Бокс жаттықтырушысы 37 жыл бұрын сотты болғаны үшін жұмыстан босатылған

85 рет
көрсетілді

Жамбыл облыстық соты 1987 жылы сотты болғаны үшін қызметтен қуылған бапкердің талап арызын қанағаттандырып, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп таныды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақбұлым ауылының тұрғыны 20 жылдан астам уақыт бокс жаттықтырушысы болған және  бірнеше рет республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарған. Дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырмасына сәйкес  қызметкерлерді тексеру  кезінде, оның  1987 жылы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін  сотты болғаны анықталған (Қазақ КСР ҚК-нің 93-бабының 2-бөлігі бойынша). Осыдан кейін ол 2024 жылы наурызда жұмыстан босатылған.

Жаттықтырушы спорт мектебінің үстінен жұмыстан босату, жұмысқа қайта алу және мәжбүрлі түрде жұмысқа келмеген уақытының жалақысын өндіру туралы бұйрықтың күшін жоюды сұрап сотқа жүгінеді.

«Жамбыл аудандық соты істі қарап 1987 жылғы Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімінде жаттықтырушының жасаған әрекетін денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруден қажетті қорғаныс шегі болған кезде келтірілген дене жарақатына қайта сараланғанын,талап қоюшы адам өлтіргені немесе денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін сотталғандар санатына жатпайтынын және қылмыстық қудалауға тартылмағанын анықтады. Қазақ КСР ҚК-нің 96-бабының 1-бөлігінде іс-әрекеттің қасақаналығы көзделмегендіктен, жұмыстан босату негіздері жарамсыз болып табылады»,  делінген Жамбыл облыстық  сотының хабарламасында.

Сот талап қоюды толығымен қанағаттандырып, жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Талап қоюшы қызметіне қайта орналасып, оның пайдасына мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған уақыты үшін 781 мың теңге жалақысы өндірілді.

Шешім заңды күшіне енді.