• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2015

Ұшқындады ұландар ұмтылысы

322 рет
көрсетілді

Қарағанды облысындағы Спасск оқу-жаттығу орталығы полигонында «Айбын» республикалық тұңғыш әскери-патриоттық жиыны отті Аймақтардағы әскери мектептер мен интернаттардың, республикалық «Жас ұлан» әскери мектебі мен «Арыстан» лицейі тәрбиеленушілерінің, әскери-патриоттық клубтар мүшелерінің, жоғары оқу орындары әскери кафедралары студенттерінің арасында еліміз тарихында бірінші рет ұйымдастырылған бұл шараға 800-ден астам жастар қатысып, да­лалық жағдайда әскери-қол­данбалы спорт түрлерінен үш күн бойы сайысқа түсті. Жарыс бағдарламасы бойынша дене даяр­лығын айқындайтын негізгі күш­тік жаттығулармен бірге АК-74 қаруынан 100 метр қа­шық­­тық­тағы нысана көздеу, пнев­ма­тикалық мылтықтан ату, газтұм­шаны жедел кию, қару-жарақты толық асынып жүгіру, күтіл­меген қиындықтарды еңсеру және медициналық жәрдем көр­сету сияқты сынақтар жарыс көрігін қыздырды. Жиын­ның бас­ты мақсаты – Қарулы Күш­тер қа­тарындағы жауынгерлік қыз­мет­ке даярлау, азаматтық парызды өтеу кезінде қажет дағдылар мен епті­лікті қалыптастыру орындалды. Жиынның жабылу рәсі­мін­де Қорғаныс министрі Иман­ға­ли Тасмағамбетов Қазақ­стан Республикасының Прези­денті – Қарулы Күштердің Жоғар­ғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назар­баев­­тың жастардың «Айбын» рес­­публикалық әскери-пат­риот­тық жиынына қатысу­шылар­ға жолдаған хатын оқып, құт­тық­тауын жеткізді. «Қазақ­станның әскери-патриот­тық клубтарының үздік өкіл­деріне, әскери мек­тептердің оқу­шы­лары мен жоғары оқу орын­дарының әскери кафедра­лары студенттеріне шын жүрек­тен ыстық ықыласымды білдіремін. Елімізде жас ұрпақты Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарындағы жауынгерлік қызметке даяр­лап жатқан 2 мыңға жуық әске­ри-патриоттық ұйым бар. Ота­нымызды – Мәңгілік Елді қорғау және әскер қатарында қыз­мет ету – әр қазақстандықтың қас­терлі борышы. Кәсіби Отан қор­ғаушы болу – жоғары патрио­тизмнің көрінісі. Сіздер халқымыздың даңқты тарихының лайықты мұрагерлері ретінде бұдан 70 жыл бұрын Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен батырлар ерлігін әрдайым есте сақтайды деп сенемін. Әскерге, оның заманға сай қарулануы-на және әскери дайындығына қамқорлық – Қазақстанды нығай­ту жолындағы 100 нақты қадам­ның – Ұлт Жоспарының маңызды бөлігі. Оны жүзеге асыру ісі бас­талып та кетті. Жастардың «Айбын» рес­пуб­ликалық әскери-патриоттық жиынына қатысушыларға төзімділік, мықтылық, әскери бейімдік, ко­мандалық рух және өзара жол­дастық көмекке адалдық тілей­мін!» делінген хатта. Әскери-қолданбалы спорт түр­лерінен қалалық және облыстық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері күш сынасқан сайыстың ойын нәтижелері бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды әскери-патриоттық клубтар, ЖОО әскери кафедралар және республикалық әскери – мектеп-интернаттары арасында Астана қаласындағы «Жас ұлан» әскери-патриоттық клубы, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Т.Би­гелдинов атындағы Қарағанды рес­публикалық әскери-мек­теп-интернатының командалары иеленді. Сондай-ақ, әскери­лендірілген эстафета қоры­тын­дысында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университет, Ақмола облысының «Айбын» әскери-патриоттық клубы, Шымкент қаласындағы С.Рақымов атындағы респуб­ликалық әскери-мектеп интернат өкілдері жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңімпаздарға арнал­ған кубоктар мен дипломдарды Қорғаныс министрі Иман­ғали Тасмағамбетов, Халық Қаһарманы, Парламент Мәжілі­сінің депутаты Бақытжан Ертаев, облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбді­беков табыс етті. Аталған жиын қатысушы­лардың қай-қайсысы болмасын үлкен азаматтық әсерге бөледі. «Біз осы жарыстарды асыға күттік. Дайындығымыз да жақсы болды. Барлық қабілетімізді танытуға мүмкіндік берілді. Әрине, жеңіске жету оңайлыққа соққан жоқ. Мен парашютпен жайлап қона білгенім үшін арнаулы белгіге ие болдым. Оны Қорғаныс министрінің өзі кеудеме тағуына қуаныштымын.Бұл маған қанат бітірді, десант­шы болуға деген арманым үлкейді. Болашақта Қазақстанның Аэроұтқыр әскерінде қызмет еткім келеді», – деді Шымкенттегі «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Мұхаммед Ақашев. «Ал мен жас­тайымнан қалаған кәсіби әскери мамандықты меңгеруге бір табан таяумын. Екі жылдан соң әскери мектебіміздің түлегі ретінде арнаулы оқу орнында білім тереңдетпекпін. Жиын бәріміз үшін шыңдалу мен тәрбие сынағы болды. Осы шара тұрақты өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр. Бар байлықтан қым­бат тәуелсіздігіміздің қалқаны, оны қызғыштай қоритын азаматы болуға, Отанымыз, еліміз бола­шағы үшін аянбай еңбек етуге дай­ынмын», – деген Т.Бигелдинов атын­дағы Қарағанды респуб­лика­лық әскери-мектеп интер­наты­ның тәрбиеленушісі Нұр­батыр Қаскейдің пікірі де тұрғы­ласы Ақашев ой-тілегімен бірдей шықты. Жиынның аяқталуы салтанаты соңында оған қатысушылар әс­кери шоуды тамашалады. Көк жүзіне самғап, аспан төріндегі шеберліктерін ұшқыр ұшақтары арқылы өрнектер салумен танытқан ұшқыштар, тікұшақтан тобымен төгіле төмен қалқып, Көк туды ортада желбіреткен қалпында бәрі бірдей бір нүктеге қонған парашютшілер, ор текедей қырдан-қырға, ойдан-ойға орғыған мотоциклистер, қолма-қол айқас тарландары өнері осындай саңлақ сарбаздар сапына қосылуға талаптылар мұратын өсірді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.