• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2015

Құрдымға кеткен құрылғы

365 рет
көрсетілді

Майқайың – Екібастұз аралығындағы стратегиялық маңызы бар  инвестициялық жоба құрылысы бітеді дегенге  7 жылдай уақыт  өтті.  Ол неге бітпейді?.. Жалпы, қала мен ауылдың арасына су жеткізетін  бұл құбырды салуға  2011 жылы  Баянауыл аудандық әкімдігі тапсырыс берген делінеді. Яғни, мемлекеттік сатып алу порталындағы конкурс нәтижесі бойынша Екібастұз –Майқайың ескі сутаратқышын қайтадан жаңғырту жүргізу үшін ұзындығы 28,5 шақырым, жалпы  құны 1 393 032, 648 мың теңгені құрайтын жұмыстарына мердігер алматылық  «Каспиан Контракторс Траст» ЖШС жеңімпаз деп танылады. Сол жылы қараша айында компания шұғыл жиналыс өткізіп, жобаны және сметалық құжаттарды түзету мақсатында жол бойындағы  «Алпыс» су тарату сорғы стансасы  құрылысын   да екі аралықтағы сутартқыш  жобасына енгізеді. Бірақ, алматылық  «Каспиан Контракторс Трас» ЖШС қолға алған осы инвестициялық жоба құрылысы әлі күнге аяқталмай тұр. Өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану, тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің орындалмауына сонда кімдер жауап беруі керек? Облыста  осы жоба құрылысы басталғалы міне, үшінші әкім Қанат Бозымбаев  жұмыс жасап жатыр. Әрине, алдыңғы әкімдерден қалған дау-дамайы көп, дүдәмал жоба құрылысына  Бозымбаев та басын ауыртқысы келмейтіні түсінікті. Ал, Баянауыл ауданының жаңадан келген әкімі Нұрлан Күлжанға бұл сутартқыш жобасының құрылысы мүлде түсініксіз. Өйткені, жіптің ұшын қайдан, кімнен, неден іздеп табарын білмейді. Майқайың болса, 3 мыңдай халқы бар аудан орталығы Баянауыл сияқты емес, кентте 10 мыңдай халық тұрады. Бұған дейін бізге Мұхтар Әбен,  Шолпан Жасылғұсова бастаған ардагерлер осы сутартқыштың  ұзаққа созылған құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүргендері жөнінде кент тұрғындарының сәлемін жеткізген еді. Ардагерлер арызына орай біз де жолсапар барысында бір-екі рет,  2013, 2014 жылдары, одан соң жақында тағы да Майқайыңға барып, сутартқыш құрылысының қалай жүргізіліп жатқанын өз көзімізбен көріп қайтқан едік. Облыста  Майқайың, Шідерті, Қалқаман, Солнечный, Жетінші ауыл  деген бұрынғы қала типтес бұл кенттер 90-шы жылдардың басында көресіні әбден көрді. Стратегиялық маңызы бар өндіріс орындары шоғырланған, көп қабатты үйлерден тұратын кенттер еді. Майқайыңда  «Майқайың алтын» АҚ пен «Қазақстан Алюминийі» АҚ-қа қарасты әктас өндіретін Керегетас кеніші бар. Тұрғындардың айтуынша, өздерінің қазіргі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруына осы екі кәсіпорынның үлесі мол. Екі кәсіпорында кент тұрғындары, жастар еңбек етуде. Кенттің орталық жылу қазандығы, су құбырлары жүйесі, күрделі жөндеу, жылу құбырларын жаңарту «Майқайың Алтын» АҚ-тың мойнында. Бірақ, қазір кәсіпорынның өзі де біраз қиын жайларды бастан кешуде. Ал, Екібастұз бен Майқайың кенті екі аралығындағы сутартқыш құбыр 1978 жылы салынған. Тозған, жыл сайын қыс бойғы жамау-жасқауға әзер шыдап, апатты жағдайға жетті. Қазір кеніштер де, кент те осы  осы  екі аралықтағы ескі сутартқыш құбыр арқылы күн көріп отыр. Барлығын қосқанда тәулігіне 5225 текше метр су пайдаланады.  Содан, 2011 жылы сол кездегі аудан, кент, облыс басшылығы тозған сутартқыш құбырларды ауыстырып, жаңасын орнатуды қолға алып, халыққа қажет деп бір іс бастап еді. Соңы бұлай болар деп кім ойлаған?  Кент тұрғындары құрылысы  ұзаққа созылған, өздерін күттіріп қойған  сутартқыштың бейнетін көріп, жаңасын саламыз деп жүріп, енді ескі сутартқыштың өзінен айырылып қалсақ қайтеміз деп уайымдап отыр. Алғашында 2011 жылдары құрылысы басталған құбырдың жұмыстары жол ортада қолды болып, құрылысы тоқтап та қалды. Адам өлімі де орын алды. Тоқтап қалған сутартқыш құрылысы  жобасы екінші рет қайта қаралып, қайтадан екінші рет «қосымша» қаражат бөлінгенше кешікті. Қадағалау орындары саналатын прокуратура орындары әлі де үнсіз. Сұрау көп, жауап жоқ. Сөйтіп, сутартқыш салмақшы алматылық «Каспиан Контракторс Трас» ЖШС  құбырды Майқайыңға дейін жеткізу үшін Алпыс кеніші, Керегетас, Үшқұлын ауылдары бағытындағы жол бойын қамтитын құрылысқа тағы да қосымша қаражат сұрайды. Бұрынғы әкім атына хат та жазылды. 2010 жылы шілде айында «Баянауыл ауданының прокуратурасы  Екібастұз – Майқайың сутартқышын қайта құрастыру үшін өткізілген мемлекеттік сатып алу жұмыстарының қорытындысы заңсыз және кейінге қалдыру керек», деген шешімге келді деп сол кезде облыстық прокуратураның өзі мәлімдеген болатын. Яғни,  аудан прокурорының Екібастұз – Майқайың сутартқышын қайта құрастыру үшін өткізілген мемлекеттік сатып алуға қарсылық білдірген хаттамасы қанағаттандырылып, конкурстың қорытындылары кейінге қалдырылғаны белгілі. Ал,  Баянауыл ауданы әкiмдiгiнiң жанындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлiмiнiң бұрынғы бастығы Болатбек Нұрша жалпы құны 1 572 100 000 теңге тұратын «Екiбастұз – Майқайың су құбырын реконструкциялау» жөнiнде екi рет өткiзiлген тендерлiк комиссияның  төрағасы,  төрағаның орынбасары болған көрінеді. Осы тендердiң өткiзiлуi жөнiнде кейiн қылмыстық iс қозғалып, тергеу жүргiзiлді. Өкінішке орай, тендерді әділетті жүргізуді талап еткен  Болатбек Нұрша қызметiнен қуылады. Өйткені, тендермен бірге «тентектер» де ілесіп  жүретіні белгілі. Нұрша  мүмкін осыны білген шығар... Сөйтіп,  Екібастұз бен Майқайың аралығындағы сутартқышты іске қосамыз деп жүріп, бiреулер қызметiнен қуылып, бiреулер сотталып, ендi бiреулер тіпті, iз-түзсiз жоғалып та кетті. Кез келген тендер қаржысының 10 пайызы кімдердің қалтасына түсетіні айтпаса да түсінікті. Оны әлгі «тентектер» өздері кәдімгідей  «заңдастырып» алатын секілді. Бұл  бір.  Алдыңғы тендердің өткізілуі заңсыз деп танылып, 2011 жылы өткен тендерді Нүркен Есқалиев  басқаратын алматылық «Каспиан Контракторс Трас» ЖШС  жеңіп алған.  Енді әрі қарай не болды?.. Облыс әкімдігі Майқайыңға 7 жыл бойына су жеткізіп бере алмай отырып, енді, биыл өңірдің ауылдарын таза ауыз сумен қамтуға «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы 8,6 млрд. теңге бөлінеді деп отыр. Ауылды сумен қамтамасыз ету  бойынша біздің облыс елімізде соңғы көрсеткіште. Жұмыстарына қалай болса солай қарайтын мердігер компаниялар жауапқа тартылуы қажет. Мысалы, облыстағы Май ауданындағы топтық су құбырының құрылысы жобалау ісінде кемшілік болғандықтан тоқтады да қалды. Енді бұл мәселе Үкіметтің қаулысымен ғана шешіледі.  Мердігер фирма жұмысын тастап, кетіп қалыпты. Қазір осы жауапсыз мердігерге байланысты сот ісі әлі жалғасуда. Құрылысқа тапсырыс беруші Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті көрінеді. Тапсырыс иесі комитет болғанымен де, құрылыс барысы облыстық басқарманың қадағалауында болуы тиіс еді.  Ертіс ауданындағы топтық су құбырларының да жағдайы осындай. Қазір тағы да жаңадан мердігер фирмалар анықталуда. Май, Ертіс аудандарының тұрғындары топтық су құбырларының іске қосылуын жылдар бойы күтуде. Ал, аудандарда далада желілер мен құбырлар қараусыз жатыр. Оны кім қарайды, кім бақылауға алады? Бүгінде облыста 407 ауыл бар. Ауылдарды сумен қамтамасыз ету үшін облыста биыл 57 жобаны әзірлеу үшін бюджеттен қаржы бөлініпті. Бір жобаны аяғына жеткізе алмай отырмыз. Енді 57 жобаны сонда кімдерге сеніп тапсырмақпыз? Енді қайтадан Майқайың – Екібастұз аралығына оралайық, облыстық құрылыс  жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Дәулет Мұстафиннің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде жобада кемшіліктер анықталды (су тарту сорғы стансаның жоқтығы және магистральға косылудың жоқтығы), осыған байланысты жұмыстар аяғына дейін орындалмаған.   «Екібастұз – Майқайың» сутартқышын қайта құралымдау» нысанын қабылдау үшін мемлекеттік қабылдау комиссиясы өткізілді. Қазіргі уақытта облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен техникалық және орындау құжаттарын тексеру жұмыстары жүргізілуде, дейді ол. Бірақ, Мұстафиннің айтуы  бойынша, мәселенің мәнісі де сонда, енді сутартқышты іске қосып оны әрі қарай пайдалану, сонымен қатар, орындалған жұмыстардың сапасына жауапты әрі тапсырыс беруші, яғни Баянауыл ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі дейді. Онсыз да  бұл жоба бас­тарына бәле болып жабысқан аудан әкімдігінің қолынан сонда не келеді?.. Айтпақшы, аудандық құрылыс бөлімі  2013 жылдың  қараша айында  құрған жұмыс комиссиясының шешімімен сутартқыштың пайдалануға беруге дайын емес екенін анықтайды. Себеп – Екібастұз жақтан келетін сутартқыш талапқа сай емес, Майқайың жағында су жиналатын мұнара жоқ. Залалсыздандыру, гидравликалық  сынақ жұмыстары жүргізілмеген көрінеді. Өткен жылы біз жоғарыда жазған «Алпыс» су тарату сорғы стансасы  құрылысына   214647,0  мың теңге игерілген. Биыл қаңтар- ақпан айы аралығында барып сутартқышқа залалсыздандыру және су құбырының тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бірақ, алматылық «Каспиан Контракторс Трас» ЖШС-нің басына «Майқайыңға бізді қандай сор айдап әкелді?» деген  тағы да қап-қара бұлт үйірілді. Жұмыс комиссиясы сутартқышты пайдалануға тапсыру үшін жобаның сметалық және атқарушылық құжаттамасы, суды микробиологиялық тексеру, ішуге жарамды судың тексеру үлгілері жайлы компанияға қорытынды хаттамаларын табыстайды. Тағы да қаптаған кемшіліктер. Бастысы, ауыл тұрғындары ішетін  ауыз суды  хлорлау қажеттігі, мердігердің  гидравликалық сынау актілерін тапсыруы сияқты талаптар тапсырылды. Екінші  талап – «Каспиан Контракторс Трас» ЖШС Майқайыңнан бәленбай шақырым Алматыда  орналасқандықтан, компанияға іске қосылғаннан кейін қандай да бір апаттық жағдай бола қалғанда (сутартқыштың ақауы, су құбырының шүмегі сынуы және т.б.)  құбырдағы  апатты жою  уақыты 18 сағаттан асқанда, апаттық жағдайды алдын алу және жою іс-шаралар жос­парын дайындау жүктеліп отыр. Бұл төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі ескерту. Мердігер болып келдің бе, жауапкершіліктен қашып, ешқайда құтылмайсың, жасаған ісіңе жауап бересің деген сөз. Жалпы, сутартқышқа тапсырыс берген аудан әкімдігі болса  да, облыстық құрылыс басқармасы да жауапкершіліктен бастарын ала қашпауы керек. Бақылау, талап ету басқарманың назарында тұруы тиіс. Бұл құрылыстың  былығы мен шылығы сияқты дау-дамайдан бастарын аулақ салғысы келетіні де түсінікті. Менікі-сенікі деп бөліне берсек, Елбасы тапсырмалары орындалмауы мүмкін. Қыруар қаражат тұратын инвестициялық сутартқыш жобасы «қызықтырғандардың»  тапсырыс түсіріңдер деген жоғарыдан жеткен бұйрығын орындау үшін аудан әкімдігі әрине, мәжбүрлікке барды. Өздігінен бұл жобаға  ұсыныс жасамас та еді. Енді қазір сен салар да, мен салар, бір-біріне сілтеу басталды. Осы мәселеге орай бізге жолыққан алматылық «Caspian contractors trust» ЖШС компаниясының өкілі Бауыржан Елеусізов суртартқыш құрылысы наурыз айында аяқталды дейді. Сонымен, ақыры, биылғы жылдың  12 наурызы күні Баянауыл ауданы әкімінің шешімімен (хаттамада әкімнің аты-жөні жазылмаған, қолы да жоқ) мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері  сутартқыш құрылысы аяқталды, қабылдап алдық, деп мөр басыпты. Аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Абай Дәулетқалиев бастаған баянауылдық комиссия мүшелері  С. Маненов,  К. Сарин  «Ай-СУ» концерн өкілі, Ж. Нұртазин (техникалық бақылаушы «Атланта  ПВ ЖШС), Т. Ишанова, Т. Ахметов, С. Сүлейменов және «Каспианның» бас директорының орынбасары А.Ким,  одан кейін  «Майқайың Алтын» АҚ-тың  бас  директорының орынбасары  Жельвис Олег және Майқайыңның әкімі Орда Ермекбаев қол қойыпты. Бірақ, Майқайыңға жаңа сутартқыш арқылы су келетін түрі көрінбейді. Тағы да мәселенің мәнісіне келсек, Екібастұз қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі Алматыда отырған компанияға екі аралықтағы  сутартқышқа су есептегіш құрылғыларын, тазартқыш сүзгілер орнату жөнінде келісімшарттар жібереді. Бұның өзі бір станса деуге болады. Әрине,  сутартқыштың құрылысын жүргізген компанияға жаңа заман талаптарына сай су есептегіш, су тазартқыш құрылғыларының   барлық талаптарын  ескеріп барып орнату керектігі айтылуда.  Екібастұздың иен тегін су жібере салмайтыны да түсінікті. Алайда, компания Екібастұз жақ ұсынған бұл талаптарға сай келісімшартқа қол қоймай отырған көрінеді. Тіпті, Елбасы  тапсырмаларын  орындауға бөгет болып отырсыңдар  деп хат жолдапты. Мәссаған! Ал, сонда 7 жыл бойы  сутартқыштың құрылысын  дер кезінде бітірмегендер кім екен? Екібастұздың монополистері  осы жерде қалады, ал, сутартқыш үшін  жауап беретін «Caspian contractors trust» ЖШС-нің енді неге «асығып» «жылдам  қабылдап  алсаңдар болғаны»  деп отырғандары да белгілі, құрылысты бітірдік, біздің енді Майқайыңда шаруамыз қанша дейді де, компанияларын жауып тастауы да мүмкін ғой. Екіншіден, сутартқышты іске қосу   шаралары кезінде алдын ала жүргізілген тексеру барысында кеткен су шығынын да компания төлеуі тиіс көрінеді. – Әйтпесе, қазір барып жаңа сутартқыш бұрандасын бұрап қалсаңыз Майқайыңға су келейін деп тұр, – дейді компания өкілі Бауыржан Елеусізов құрылыс бітті деп сендіргендей. Екіншіден, әрине, Екібастұздағы  монополист компаниялардың талабы  дұрыс. Шала біткен, жауапкершіліксіз  қалған сутартқыш құрылысын қабылдап ала салу қылмыс екенін, бұл сутартқыштың қарапайым ауыл тұрғындары үшін аса қажет екенін олар да жақсы біліп отыр. Кент әкімі Орда Ермекбаевтың айтуынша, бұрынғы ескі сутартқыш  әуелде кент әкімдігінің, кейіннен «Майқайың Алтын» АҚ қарауына өтіпті. Кезінде өндірісті Майқайың кентінің елімізде қабылданған моноқалалар бағдарламасына енбей қалғаны өкінішті. Әйтпесе, кенттен жүздеген жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жетеді. Дәл осы жерден кәсіптік-техникалық дуалды түрде оқытатын оқу орнын ашу  өзінен өзі сұранып-ақ тұр. Бірақ, мұны аудандық, облыстық білім басқармасы назарға алмай тұр. Айнала қаптаған кәсіпорындар. Жан-жағы толы ауылдар. Өз үйінде тұрып оқып, білім алатын жақын маңдағы ауылдардан, кент жастарын өндіріске шақырудың бірден-бір тиімді жолы. Ал, құрылысы басталуынан аяқталуына дейін әлі күнге дейін дау-дамайға түсіп келе жатқан сутартқыштың жағдайына қарап, бүгін-ертең Екібастұздан Майқайыңға су жеткізеді деу әзірге алыстау сияқты. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы,  Баянауыл ауданы,  Майқайың кенті.