• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
Университет Бүгін, 18:10

Университет ректоры халық алдында есеп берді

37 рет
көрсетілді

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ең ықпалды әлемдік университет рейтингтерінің бірі – QS World University Rankings 2024 көрсеткіші бойынша 816-орынға ие болды. Сондай-ақ білім мен ғылымға қатысты түрлі критерийлер арқылы бағаланатын Asia University Rankings қорытындысымен Азия құрлығында – 203, Орталық Азия құрлығында 7-ші орынға табан тіреді.

Өткен оқу жылында атқарылған іс-шаралар туралы ұжым және қоғам алдында есеп берген университет ректоры Жанар Темірбекова осындай деректер келтірді.

Түркістан облысының құрметті азаматтары, облыс және қала әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, университет ұжымы мен студенттер қатысқан жиында Жанар Темірбекова оқу орнының қайта қаралған миссиясы және старатегиялық мұратымен таныстырды. Сонымен қатар өткен оқу жылында академиялық, ғылым, медицина, әлеуметтік, шаруашылық және өзге де бағыттарда атқарылған ауқымды шаралар туралы ақпарат берді.

Университет 2023-2024 оқу жылында 993 білім грантын жеңіп алған. Яғни 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда грант саны 34% артқан. Университет қабырғасында «Жеміс жидектерді өңдеу өндірістік цехі», «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығы, «Нанотехнологиялар және энергетикаға арналған жаңа материалдар», микробиология және биотехнология, мектептегі биологияны оқытудың инновациялық әдістері, микробиология және вирусология зертханалары, жаңа орталықтар іске қосылды. Жыл көлемінде 150-ге жуық ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылды. 18-ге жуық халықаралық деңгейдегі конференциялар мен конгрестер өтті.

Ғалымдардың мақұлданған гранттық жобалар саны да көбейді. Университет ғалымдарының гранттық жобалары аясында «STEM және креативтілік» оқу-зертханасында ғалымдар 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен телескоп жасап шығарды.

Сондай-ақ университет ректоры өткен оқу жылында 15 068 518 теңге көлемінде оқулықтар мен электронды кітап сатып алынғанын, жалпы кітап қоры – 517 138 болғанын атап өтті. Өткен оқу жылында 7 оқытушы Қазақстан Республикасының «Үздік оқытушысы», 10 оқытушы – «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Университет ғалымдарының 9 ғылыми жобасы гранттық қаржыландыруға ие болды.

«Оқу орнының клиника-диагностикалық орталығы – Түркістан қаласы бойынша өткен жылы тәулік бойы алғашқы үшінші деңгейдегі инсульт науқастарын қабылдай бастады. Неврология және интервенциялық нейрохирургия салаларындағы облыстық маңызды клиникаға айналды. Өткен оқу жылында университет оқу ғимараттары мен жатақханаларды жөндеу, өзге де қажетті шаруашылық жұмыстары жүргізілді. Мәселен, университеттің және демеушілердің қолдауымен, оқу орнымыздың бұрынғы ректорлары және белгілі профессорлар Лесбек Ташимов пен Серік Пралиев атындағы оқу залдары ашылды. Филология факультетінің акт залы, ҚР Халық артисті, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залы жаңа кейіпке енді. Сондай-ақ, осындай қарқынды жұмыстар аясында ҚР Халық артисті, профессор Қажыбек Бекбосынов пен ҚР Халық артисті, профессор Рахима Жұбатурова атындағы қос аудитория да ашылды. №6 ғимаратының спорт залы да заманауи қалыпқа келтіріліп, ағымдағы жөндеуден өтті. Шаруашылық жұмыстары мұнымен шектелмейді», деді Жанар Темірбекова.

Жиын соңында облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған қазыналы қариялар университеттің көркейе беруін тілеп, ақ батасын берді.