• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі 03 Қазан, 2024

Бітімгер әйелдердің саны артады

128 рет
көрсетілді

Әйелдердің бітімгершілік миссияларындағы рөлі артып, көшбасшы әйелдердің саны артпақ. Бұл мақсатқа арнайы қаржы да бөлінеді. Біріккен ұлттар ұйымы осы мәселені қарастыратын ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің 1 325 қарарының жаңартылған жоспарын дипломатиялық корпус өкілдеріне ұсынып, пікірлерін білді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1 325 қарары 2000 жылы қабылданған. Онда әйелдер жанжалдарды болдырмауға, оны реттеуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге ерлермен тең құқылы екені айтылған.

Қазір қолданыстағы БҰҰ ҚК қарар­ларын іске асыру жөніндегі Ұлттық іс-қимыл жоспары әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою мәселелеріне басымдық береді. Онда, әсіресе қауіп­сіздік күштері мен бітімгершілік миссия­лардағы әйелдердің санын арттыру­дың нақты қадамдары жазылған. Сондай-ақ белгілі бір аймақтағы радикализм мен террористік ұйымдарға қатысуды жою іс-шараларына қатысуы да айтылған.

Ал жаңартылған жоспарда бұл мәсе­лелер тереңдетіліп, әйелдердің рөлін одан әрі арттыра түседі.

– Ұлттық іс-қимыл жоспары болашақта климаттың өзгеруі, су тапшылығы дағда­рысы және экологиялық апаттар ара­сындағы байланысты қамтиды. Әйелдер мен қоғамдық ұйымдардың бітімгершілік күш-жігеріне үлес қосудағы рөлін арттыру және олардың қатысуы мен көш­басшылығын қолдау үшін қаражат бөлу қарастырылған. Жалпы, ұлттық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға қажетті қаржы ресурстары есептеліп, әр салаға бөлінеді. Жергілікті даму жоспарлары мен төтенше жағдайларға дайындық жоспарлары локализацияланады. Ұлттық жоспар жастар, бейбітшілік және қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне қоюмен толықтырылмақ. Сондай-ақ киберқауіпсіздік, жанжалдарды алдын алу және бейбітшілік орнатуға жаңа тәжірибелерді пайдалану мәселелерін енгізу қарастырылған, – деді брифингте Еуропа және Орталық Азиядағы БҰҰ Әйелдер аймақтық кеңсесі, Әйелдер бейбітшілігін қорғау саясаты жөніндегі кеңесшісі Наргис Азизова.

Қазақстанда статистика бойынша әйелдердің саны ерлермен салыс­тырғанда көп болғанымен салалық ведомстволарда, көшбасшылық қызметте жұмыс істейтін әйелдер үлесі аз. Мәселен, Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, елде 6 802 әйел әскери қызметте еңбек етеді. Олардың арасында 863 офицер, 31 полковник, 112 подполковник, 235 майор, 173 аға лейтенант, 150 лейтенант бар. Ал ішкі істер органдарында 11 мың әйел қызмет етіп, саладағы қызметкерлердің 15 пайызын құрап отыр.

Сондай-ақ БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларында 8 әйел әскери қызметте жүр. Олар Батыс Сахара мен Голан жоталарында қызмет атқарады.