Бүгінгі заман адамзат баласының ақыл-ойы мен пікірінің бәсекеге түскен уақыты болып отыр. ХХІ ғасырдағы жаһандану үрдісі әлемнің көптеген мемлекеттерінің экономикалық және рухани құндылықтырының әлсіреуіне алып келуде. Бүгінгі таңда әлем барлық елдерінде өздерінің ішкі тұрақтылығы мен мәдени құндылықтарын сақтап қалу жолында жұмыс жалғасуда.
Жоғарыда аталған жаһандық мәселелерге қарамастан, Қазақстан – ішкі тұрақтылық пен келісімді ұштастырып, өзге елдерге үлгі болып дамып келе жатқан мемлекет. Мұндай ел атану Елбасының дінаралық тұрақтылық пен конфессияаралық татулықты басшылыққа алып, ұтымды жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасы. Бұл ретте, Елбасының игі бастамаларының бірі – елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге байланысты нақты әрекетін айтуға болады. Аталған бастаманың аясында Қазақстан халықаралық аренада алғашқылардың бірі болып үлкен жауапкершілікті өз міндетіне алды және іс жүзінде әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялар басшыларының басын біріктіріп, әлемдік дәрежедегі мәселелерді жүйелі түрде жүргізу арқылы өз орнын танытты.
Осылайша 2003 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілік етуімен елордаға жиналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І съезі әлем халықтарын мәдени және рухани жақындастыруға себепші болды. Съезд өткеннен кейін Түркия мен Испанияның біріккен бастамасымен Өркениеттер альянсы форумы және Мекке халықаралық мұсылмандар конференциясы, сол сияқты бірқатар дінаралық және өркениетаралық келіссөздер мен өзара түсіністікті қалыптастыру мақсатында ауқымды форумдар өткізіле бастады.
Осындай әлемдік дәрежедегі жиындар арқылы Қазақстан дүниежүзінің барлық діндері мен конфессиялары мүшелерінің басын біріктіріп, қоғамда бейбітшілік пен өзара келісімді жақтайтынын дәлелдеді. Сонымен қатар, адамгершілік қағидасын сақтау жолында толеранттылық (төзімділік) қағидаларын сақтауға шақырды. Алғаш рет өткізілген І съезд басқосуына 17 елден түрлі конфессиялардың 17 делегациясы қатысса, ІІ съезд әлемнің 26 елінен келген 29 делегацияны қарсы алды. Аталмыш съезге дін лидерлері ғана емес, атақты саясаткерлер және қоғам қайраткерлері, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО сияқты ірі институттар өкілдерінің келуі Елбасының игі бастамасының аса қажетті елеулі оқиға екендігіне әлем жұртшылығының көзін жеткізді.
2009 жылғы ІІІ съезд отырысына 35 елден 77 делегацияның қатысуы форумның маңыздылығын көрсетіп, әлемдік өркениет өкілдерінің өзара толеранттылық, құрмет және келісім жолында үнқатысуға ынтасы артып отырғандығын айқындап берсе, 2012 жылғы 30-31 мамырда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінің тақырыбы “Бейбітшілік пен келісім – адамзат таңдауы”. Форумға 40 елден 85 делегация атсалысты. Бұл съезд де ерекше ұйымдастырылып, форум жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар әлемдік қоғамдастыққа арнап үндеу қабылдады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін тұрақты түрде өткізу арқылы халықтар арасы мен діни ұстанымдарды жақындастыруға және бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға жасаған қадамы үшін дүниежүзі қауымдастығы Қазақстанға және оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірілді.
Елордада дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан игі бастаманың берген пайдасы ұшан-теңіз.
Мәселен, діндер мен конфессиялар өкілдері арасында өзара байланыс нығайып, бейбітшілікті пен тұрақтылықты ту етіліп, бір күмбез астында бірлесе өмір сүруге болатындығы паш етіліп отыр. Қазіргі уақытта дүниежүзі халықтары, оның ішінде дін көшбасшылары мен қоғам қайраткерлері тұрақтылық пен келісімді негізгі күш ретінде танып білді. Қазақстан өзін бүкіл әлемге бейбітшілік пен тыныштықтың, діни тұрақтылық пен конфессияаралық келісімнің ошағы ретінде танытып үлгерді. Мұны күні кеше, яғни үстіміздегі айдың 10-11-і күндері үлкен табыспен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі кезекті мәрте айғақтап берді.
Келесі съезд де үш жылдан кейін Астанада өтетін болып отыр.
Төлеу ҒИБАДАТ,
Мәдениет және спорт министрілігі Дін істері комитетінің Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы талдау жұмысы бөлімінің аға сарапшысы.