• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 05 Қазан, 2024

Дүр сілкінген жәрмеңке

37 рет
көрсетілді

Халық мұрасы қат-қабат қазынаға толы. Өнер десе ішкен асын жерге қойған қазақ жұрты, қайбір өнер түрінен де талантты, дара. Ду-думанда арқаланған абзал халықтың бітім-болмысын «Біздің жәрмеңкеден» тағы бір тамашалағандай болдық.

Роза Бағланова атындағы «Қазақ­концерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Халық қазы­насы» ұлттық өнер орталығы көрерменге Қоянды, Көкжар, Қараөткел сынды тағылымы мол тарихи жәрмеңкелерді жаңғыртқан жаңа форматтағы «Біздің жәрмеңке» думанды кешін өткізді. Әл­қиссасы белгілі күйші Жанғали Жүз­байдың батасымен басталған сарабдал жиын сахна саңлақтарының маз­­мұнды өнерімен жалғасты. Дәстүрлі өнер­дің барлық түрін қамтыған шоу-кон­цертте делебесі қозбаған көрермен сирек.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткерлері Құмарбек Қал­қатай, Ардақ Балажанова, Елмұра Жаңа­берген, Айгүл Елшібаева, Раушан Ораз­баева, Айзат Қарабекова, Нұрболат Арзамасұлы, Мәдениет қайраткер­лері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шал­­дыбеков, Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» жас­тар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұ­қият, Күнсұлу Түрікпен, Ардақ Елеусіз, ха­лықаралық байқаулардың лауреат­тары Ақерке Тәжібаева, Дін­ислам­бек Жайлаубай, Біржан Айтахметов, Әли­хан Дүйсенбай, Венера Табыс, Дария Бек­пенбетова, Аяулым Қамажан өнер көрсетті. Сонымен қатар «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен «Бірлік» ән-би ансамблі өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ықыласына бөленді.

Жетісу дәстүрлі ән мектебінің өкілі, белгілі әнші Ардақ Балажанова қара домбыраның шанағынан саз құйқылжытып, көмейінен кестелі үн төксе, іле-шала Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі тартылып, тізілген биші қыздардың өнерімен үйлесім тапты. Мұнан соң күйшілер Қайрат Айтбаев пен Еділ Басығараев күй тартысқа түсіп, бой шымырлатты. Ал Айгүл Елшібаева­ның ерекше дауысы көрерменді баураса, домбыра мен қобыздың күй тартысына тебіренген жұрт қошеметін білдірді.

Елеулі жәрмеңкеде есті өнер ғана әйгіленді, құнарлы туындылар ғана құлақ құрышына жетті. Орталықтың өнер майталмандары көрермен назарына ұлтымыздың әуелеген бірегей әндерін, күмбірлеген күй мен жыр жауһарларын, төл өнеріміздің үздік үлгілерін паш етті.